Әлеумет

Тамғалы тас

Қазақстанның қасиетті орындары мен кешендерінің бір бөлігін археологиялық ескерткіштер және ортағасырлық қалалық орталықтар құрайды. Бұл топқа қалашықтар, бекіністер, петроглифтер, қорымдар, халқымыздың қалыптасуында ерекше рөл атқарған Қазақ мемлекетінің, Ұлы Жібек жолының құрылуына ұйытқы болған ортағасырлық қалалар кіреді. Сондай бір жер Тамғалы тасқа қатысты.

Алматы қаласынан солтүстікке қарай 120 км орналасқан (Бақанасқа апаратын жол бойымен Қапшағай су қоймасынан 20 км төмен) Іле өзені бойындағы жартастарда көптеген петроглифтер, құпиялы құдайлардың бейнелері, кейінгі буддалық жазбалар сақталған. Осы күнге дейін жалпы саны 1000-ға жуық алуан түрлі бейнелер сақталған. Мұнда қыпшақтар қалдырған VIII-IX ғасырлардың көне түркі руналық жазулары да бар. Тарихтың таңбасы қалған осы тас венгр саяхатшыларын да қызықтырған еді.

Қазақстанның ең ірі өзендерінің бірі саналатын Іле 1439 шақырымға созылып жатыр. Алматыдан 70 шақырым жерде 1965-80 жылдары қазіргі Қапшағай су қоймасы аталатын плотина мен электрстансасы салынған болатын. Білетіндердің сөзіне қарағанда, Қапшағай қаласы бұрынғы үлкен қорғанды қорымдардың орны деседі. Венгр саяхатшысы Алмаши бұл жерді кезінде «Илиинка» деп атаған екен. Іле бойындағы ірі орталықтың бірі Балқашқа түйекештерді лаулап, аттандырып жібереді. Өзі болса шағын топпен Іле бойымен қайықпен жүзеді. Дәуіттің дерегіне қарағанда, Сарыесік-Атырау шөлі деген жерде қайықтары аударылып, жүктері суға кетіп, Балқашқа жетпей, кері бұрылған екен.

Балқашқа апаратын үлкен жолдан оңға қарай бұрылып, Іленің оң жағасына ішкерілей еніп, үлкен тастарға бедерленген петроглифтерді, ескі будда жазбаларының ашық аспан астындағы ескерткішінің маңына келіп тоқтадық. Бұл жерде де туристердің аяғы толастамаған. Қасиетті жазбалардың үстіне аямай сыр жаққан бүгінгі туристердің қылығына күйінген Дәуіт ренішін білдірді. «Үш ғасырдан бері тұрған ескерткішке қандай адам қол көтерді екен?» деген сұрауы аяқсыз қалды.

Жалпы, Тамғалы шатқалындағы суреттердің маңызды зерттеулерімен алғашқы боп Шоқан Уәлиханов айналысқан. 1856 жылы жартастағы суреттерді түгелдей көшіріп алады. ХІХ ғасырдың соңында будда суреттерінің маңызды зерттеулерін ғалым-шығыстанушы Н.Н.Пантусов жүргізген. ХХ ғасырдың жетпісінші жылдары Тамғалы тастың жазбалары мен суреттерін әйгілі қазақ археологы Әлкей Марғұлан зерттеді. Ол жазбалардың бар аудармаларын жүйеге келтіріп, композицияның жоңғар туындысы деген болжам жасады және кешенді XVII-XVIII ғасырларға жатқызды.

Осындай табиғаттың ерекше құбылыстары мен көнеден жеткен жәдігерлер Қазақстанның тарихи-мәдени мұрасы ретінде жаңа дәрежеге көтерілуі соны ізденістерге жол ашатын болар деп ойлаймыз.

Айгүл УАЙСОВА

                                                                                                                                                           

Тағыда

Айгүл Уайсова

Ақпарат саласының үздігі

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button