Руханият

Бағлановаға еліктеп өстім

Роза Бағланованың ерек ғажап дауысын, шынында да, басқалармен шатастыру мүмкін емес. Ол өзінің күмістей сыңғырлаған дауысымен, ғажап әнімен кез келген тыңдаушыны елітіп әкететін. Біз оны көрмей-ақ, әнін тыңдап отырып ажырататынбыз.

Роза Тәжібайқызының басқалардан келбеті айрықша болды. Өте көркем, сұлу болатын. Жүріс-тұрысы, ерекше үлгімен тігілген сәнді киімі өзіне сондай жарасып тұратын. Жаны да, адами қасиеті де, Отанына деген сүйіспеншілігі де ғажап еді ғой. Айналасына шуақ шашып жүретін. Сол үшін оны барлығымыз да ерекше жақсы көрдік. Роза Бағланова, шынында да, қазақ әндерінің падишасы еді. Өзі айтқандай, «Қазақ деген халықтың еркесімін», «Айналайын халқымнан» деген оның жылы сөздері осы күнге дейін құлағымыздан кетпейді.

Міне, осы Роза апамыз­ға мен бала кезімнен еліктеп өстім. Мектепте оқып жүрген кезімде мен де ән айтып, көркемөнерпаздар үйірмесіне қатыстым. Роза апамыз менің туып өскен жерім Қызылорда жақтан. Елдегілер оны мақтан етіп, ал ұстаздарымыз үлгі ететін.

Негізінен, мені әнге, өнерге баулыған әкем Әбітай. Ол кісі ауыл басқарған қайраткер адам болды. Қолы бос уақытында домбыра шертіп отырып, Роза Бағланованың орындап жүрген әндерін үйрететін. Ал өзі Роза апамыздың орындаған әндерін сүйіп тыңдайтын. Мен сол кезде «шіркін-ай, Роза Бағланованы бір көрсем» деп армандаушы едім.

Кейін Алматыдағы Қыздар педагогикалық институтының музыка факультетіне оқуға келгенімде, Роза Бағланованы телевизордан көріп, әңдерін тыңдап, экран алдында тапжылмай отыратынмын.

Роза ­Бағланова – менің ғана пірім емес, бүкіл қазақтың мақтанышы, сандуғаш әншісі, өзгелер қайталай алмайтын ерекше дауысы бар «Қазақстанның Халық қаһарманы», Кеңес және Қазақстанның халық әртісі, тұлға, қайраткер, тума дарын

Ал кейін жоғары оқу орнын бітіріп, телевиде­ниеге қызметке орналасып, «Ән шашу» хабарын жүргізіп жүргенімде, есімде, 1983 жылы болар, ол кісі «Қазақстан» телеарнасына келіп хабарға қатысты. Міне, осы кезде өзімді сондай бақытты сезіндім. Бала кездегі арманым орындалды ғой деп, оны көргеніме қатты қуанған едім.

Кейін жылдар өте келе әнге деген құштарлығым арта түсті. Ән айтып, үлкен жобаларға қатысып, өнерімді шыңдадым. Кейін бұл құштарлық қызым Жанардың бойынан сезіліп, оның табиғат берген ерекше дарынын, әнге деген құштарлығын көріп, бүкіл өмірімді оның шығармашылығына арнадым. Кейін өнер мектебіне мұғалімдікке ауысып, жастарды өнерге баулуға бет бұрдым. Жанар Дұғаловадай әншіні ән биігіне көтердім.

Өзім әнші болып арманымды толықтай жүзеге асырмасам да, Жанарымды Роза апасындай болса екен деп әншілік жолға әкелдім. Ол еңбегімді ақтады.

Иә, Роза Бағланова жан-жағына шуақ шашып жүретін. Сол үшін оны халқымыз да ерекше жақсы көрді, ән әлемінде еркелетті.

Енді Роза Бағланова­ның өмірі, шығарма­шылығы жайлы біраз тоқталып өтсем. Жас әншілерімізге үлгі-өнеге болар.

Роза Бағланованың еңбегі лайықты бағаланды. Ең бастысы, өнер сүйер қауымның шынайы құрметіне бөленді.

Роза Бағланова Мәс­кеуде өткен Бүкілодақтық эстрада әншілерінің екінші конкурсының дипломанты болды. Бухаресте өткен жастар мен студенттердің II бүкілдүниежүзілік фестивалінің лауреаты атанды.

Роза Бағланова – еліміздің мәдениеті мен өнерін дамытуға қосқан зор үлесі үшін «Халық қаһарманы» атағына ие болған өнер дүлдүлі. «Еңбек Қызыл Ту» және «Халықтар достығы», «Шапағат» ордендерімен марапатталды. Тәуелсіз «Тарлан» сыйлығының да иегері.

Роза Бағланова – қазақтың халық әндері мен Қазақстан композиторлар әндерін, шет ел халық­тарының (венгр, өзбек, қырғыз, тәжік, украин, грузин, әзербайжан, корей, қытай, моңғол, орыс, үнді, чех, швед, тағы да басқа ұлттардың) әндерін нақышына келтіре орындаған майталман әнші.

Роза Бағланова 1945 жылы 9 мамырда Берлинде өткен концертке де қатысқан. Ол Иосиф Сталиннің қабылдауында үш рет болыпты. Үшеуінде де аңғарғаны, Сталин бір қалыпта, сол бір кительде, өте қарапайым екенін айтып, мұндай темірдей қатаң тәртіптегі адамды көрмеппін деп оған деген ерекше құрметін білдірді. «Кабинетіндегі жиһаздар да өте қарапайым екенін көрдім. Ол үш рет болған кездесуде де мені ресми қабылдады. Менің қос бұрымыма қарап тұрып, қыз балаға шаш жарасады, біздің грузин қыздары да қос бұрыммен жүреді» деп өз ұлтына деген мақтанышын жеткізгенін айтыпты бір естелігінде.

Иә, Роза апамызға «Халық қаһарманы» атағы тегін берілмеген. Ол – қазақтың нағыз батыры. Оған мысал, «Семей-Невада» қозғалысының өршіп тұрған кезінде бүкіл академиктер мен ғалымдардың, ақын-жазушылардың алдында сөз сөйлеп, «бұл қазақ жерінде сынақ жүргізудің халқыма тигізіп жатқан зияны қандай екенін білесіздер ме?!» деп басқалар айта алмаған сөзді, Мәскеудің ұстанып отырған саясатына қарсы шығып, атом бомбасын неге қазақ жерінде сынақтан өткізеді деп жан айқайға басқанын біз қалай ұмыта аламыз?!

Міне, Роза Бағланова – менің ғана пірім емес, бүкіл қазақтың мақтанышы, сандуғаш әншісі, өзгелер қайталай алмайтын ерекше дауысы бар «Қазақстанның Халық қаһарманы», Кеңес және Қазақстанның халық әртісі, тұлға, қайраткер, тума дарын.

Жерлесім әрі қазақтың мақтанышы ретінде Роза Бағланованы бүгінгі өнер сүйер жастарға осылайша мақтан етемін.

Рая ОРАЗБАЕВА, мұғалім

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button