Мәдениет

Танымал туындыларды тыңдады

Әлемге танымал флейташы Андреа Гриминелли (Италия) Астанаға келіп, баспасөз өкілдерімен кездесті, сахнада өз өнерін көрсетті.

«Астана Опера» сахнасында Eni-дің қолдауымен компанияның Қазақстанға келгеніне 30 жыл толуы аясындағы екінші мерекелік шара ретінде кинофильмдердің әйгілі саундтректері ұсынылды.

Елордалықтар симфониялық музыканың мықтылары Федерико Феллини мен Лукино Висконтидің көптеген фильміне, сондай-ақ Фрэнсис Форд Копполаның «Өкіл әкесіне» керемет музыка жазған біртуар композиторлар Эннио Морриконе мен Нино Ротаның туындыларынан концерт тыңдады. Бұл шығармалар – «Оскар», «Алтын глобус», «Грэмми», BAFTA секілді жоғары марапат пен жүлдеге ие болған туындылар. Кейде киноның музыкамен берік байланысатыны сонша, фильм атауы ең алдымен сюжетпен немесе актерлермен емес, музыкалық тақырыппен ұштасып жатты. Атақты композитор Нино Рота көптеген фильмге музыка жазу арқылы кеңінен танымал. Солардың арасынан концертте Фрэнсис Форд Копполаның «Өкіл әке» кинофильмінен, Федерико Феллинидің «Амаркордынан» әуендер, Федерико Феллинидің «Жол» фильмі­нен Джельсоминаның тақырыбы, сондай-ақ оның «Кабирия түндері» фильмінен музыка және «Тәтті өмір» фильмінен сюита, Лукино Вискон­тидің «Леопард» фильмінен «Верди вальсі» – «Қоштасу вальсі» және тағы басқалары шырқалды.

Аңызға айналған композитор Эннио Морриконенің музыкасы да жанкүйерлерді қызықтырмай қоймайды. Серджио Леоненің «Бір күні Америкада», «Жақсы, жаман, ашулы», «Бір уыс долларға» фильмінде оның музыкасын естімеген жан жоқ шығар, ол Роланд Жоффенің «Миссия» фильміне арнап «Vita nostra» және тағы басқа саундтректерді жазды.

«Астана Опера» симфониялық оркестрі мен хоры италиялық маэстро Джузеппе Акуавиваның (Италия) жетекшілігімен өнер көрсетті. Залға жиналған көрермен танымал фильм­дерден саундтрек тыңдап, сүйікті әуендерін тамашалады.

Тағыда

Гүлшат Сапарқызы

«Астана ақшамы» газетінің тілшісі, ақпарат саласының үздігі

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button