Мәдениет

БАС ЖҮЛДЕГЕРЛЕР – ЕЛОРДАЛЫҚ СТУДЕНТТЕР

img-20160928-wa0029

Жуырда Өскемен қаласында өмірден ерте өткен «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығының лауреаты, режиссер, ақын Рүстем Есдәулет атындағы І республикалық Жастар және студенттер фестивалі өтті. 

Астана, Алматы, Қарағанды, Көкшетау, Семей сынды қалалардан бірқатар театр ұжымдары қатысқан фестивальде елордадағы Қазақ ұлттық өнер университетінің «Актер және режиссура» кафедра­сының жанынан ашылған «Студенттер зертханасы» ұжымы бас жүлдені иеленді.

Астаналықтар қазылар алқасының назарына И.Сапарбайдың «Сыған серенадасы» спектаклінің же­лісімен қойылған «Шәмші» музыкалық дра­масын ұсынды. Шығарманың қою­шы ре­жиссері осы оқу орнының аға оқытушысы, ҚР еңбек сіңірген қайраткері Сайлау Қамиев болды.

«Ұжымымыз 3-курс сту­денттерінен құралған. Спектакльге бас-аяғы 18 адам қатысты. Қойылымда 12 ән шырқалды. «Сыған серенадасы» музы­калық драмасы бұдан бұрын бірнеше театр­да қойылған. Біз оны бас­қаша трактовкада беруге ты­рыс­тық. Шәмшінің шығар­ма­шы­­лығына емес, бас кейіп­кер­дің жандүниесіне үңілдік. Ком­по­зи­тордың қуанышы мен күйзелісін, жалпы пси­хологиялық портретіне екпін бердік. Онымен сәтсіз шықпады деп ойлаймын. Шәмшінің рөлін Ерхан Мавленбердиев атты талап­кер актер сомдады. Изольданы Аида Жанұзақова алып шықты. Шәм­шінің анасының рөлі Жадыра Бек­тенбаеваға берілді. Осының бәрі болашағынан үлкен үміт күттіреді» дейді Сайлау Қамиев.

Жалпы, халық Сайлау Қамиевті Қ.Қуанышбаев атын­дағы мемле­кеттік ака­де­миялық қазақ музы­калық драма театрының актері және «Бәйтерек» тобы­ның әншісі ретінде таниды. Әртістің режис­серлік із­де­­ністері де жаман емес. Кезінде ол кә­сіби сахнада қойған «Қыз Жібек», «Қозы Көрпеш-Баян сұлу» мюзиклдеріне өнер­тану­шылар жақсы бағасын берген. Сондай-ақ, қырғыз жа­зушысы, драматург Мар Байджиевтің «Жекпе-жек» спек­таклін сахналады.

Аманғали ҚАЛЖАНОВ

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button