Қоғам

ҰСТАЗЫМНЫҢ АЛДЫНДА ӨЗІМДІ ШӘКІРТ СЕЗІНЕМІН

Жыл сайын елімізде қазан айының алғашқы жексенбісінде қасиетті мамандықтардың бірегейі, еліміздің болашағы – жас ұрпаққа білім негізі мен тәрбие беретін, қандай қоғам болмасын, оның дамып, ілгерілеуіне зор үлес қосатын, зиялы қауым өкілдерінің қатарына жататын мұғалімдер мерекесін атап өту дәстүрімізге айналды. Мереке жақындаған сайын қанша жыл өтсе де, алғашқы әліппені ұстатқан және орта, жоғары сыныптарда дәріс берген ұстаздарымызды сағынышпен еске аламын. Әсіресе, Шәйзада Нұғыманова, Мәжит Мүрсәлімов, Қаби Қылышбаев, Сұлтан Макентаев, Мағауия Нұртазин, Әлімжан Мәжитов сияқты асыл да абзал ұстаздарымыздың бейнесі осы күнге дейін көз алдымызда. Білім ұясына «тарыдай болып кіріп, таудай болып шыққан» біздер үшін ұстаздың еңбегі телегей теңіз. Ұстаздарына арнап шәкірттері қаншама мақала, толғау, өлең-жыр, арнау кітап жазып, кинофильмдер түсірсе де, ұстаз еңбегі – өлшеусіз, шәкірт үшін өтелмес борыш болмақ.

1471208496_zastavka

Өзім жарты ғасырға жуық өмірімді қасиетті мамандық – ұстаздыққа арнасам, оның 28 жылында мектеп басқардым. Менен кейінгі іні-қарындастарым, жиендерім менен үлгі алып, ұстаздық жолды таңдады.
Бүгінде Қарабатыр атам­ның ұрпағынан тараған 26 ұстаздың 478 жыл еңбек өтілі бар. Біздің әулеттің қасиетті мамандықты таңдап алуына жоғарыда аталған ұстаздарымның қажырлы еңбегі үлгі болды. 1961 жылы қазақша жетіжылдық мектепті бітірген соң, Петропавл қаласындағы педучилищенің қазақ бөліміне түскен едім. Ол кезең Кеңестік дәуірдің «ұлы державалық саясатының» ушығып тұр­ған уақыты еді. Еліміздің сол­түстігінде біз сияқты орыстың қалың қарағайлы ну орманы арасында өскен жалғыз бәйтеректей қазақ жетіжылдық мектептерін бітірген жасөспірімдердің баратын орта арнаулы оқу орны тек осы педучилищенің қазақ бөлімі болатын. Петропавл педучилищесі солтүстік өңірдің байырғы оқу орындарының бірі еді, онда болашағынан үміт күттірген талай қазақ баласы білім нәрімен сусындады. 1920 жылы «Қызыл мұғалімдер» курсы болып ашылған алғашқы оқу орны 1922 жылы Ақмола губерниясының халық ағарту бөлімінің шешімімен педтехникум болып қайта құрылды. 1925 жылы педтехникумды бірінші болып бітірген 40 оқушының сегізі ғана қазақ жастары еді. Қазақтың ақиық ақыны Мағжан Жұмабаев алғашқы ұстаздардың бірі болып, болашақ қазақ зиялылары мен ақын-жазушыларының іргетасын қалады. Алғашқы оқу орнын құрудағы еңбегі ескеріліп, 1993 жылы (бұрынғы педучилище) қазіргі педколледжге Мағжан Жұмабаев есімі берілді. Қазақ кеңес әдебиетінің өкілдері Сәбит Мұқанов, Жұмағали Саин, Әбділда Тәжібаев, Шаях­мет Құсайынов, Иван Шухов, Кеңес Одағының Батыры Ысқақ Ыбыраев сияқты көрнекті тұлғалардың есімі оқу орнының тарихында алтын әріппен жа­зылған.
Біз оқыған 1961-1965 жылдар аралығында Илья Павлович Залманов педучилище директоры болып істеді. Өте талапшыл, білімді, мәдениетті адам екендігін жас болсақ та байқайтын едік. Ауылдан келген, жасқаншақ сарыауыз балапан14-15 жасар біздерді қала өміріне бейімдеп, болашақ ұстаз болуға даярлай бастаған Ермек Ақпанбетов, Аян Абдрахманов, Мәділхан Есмағанбетов ағайларды және Сара Аяпбергенова тәтейімізді қалайша ұмытамыз?! Ермек ағайымыз көрнекті классик жазушы Сәбит Мұқановтың «Мөлдір махаббат» романының басты кейіпкері болған Бәтес пен Бүркіттің прототипі Жанахмет Ақпанбетовтың баласы еді, ал Аян ағамыз республикамызға белгілі қоғам қайраткері, әрі ақын, журналист, 1937-38 жылдардағы қуғын-сүргіннің құрбаны болған Абдрахман Айсариннің ұлы еді. Әкесіне тартқан өте көркем, сымбатты, қазақ әдебиеті пәнінің білгірі Аян ағамызды ер балалар нағыз сал-серінің тірі кейіпкері ретінде көретінбіз. Мәділхан Есмағанбетов ағай Мәскеудің Чайковский атындағы консерваториясында оқыған, атақты ағайынды Ришад, Мүсілім Абдулиндермен бірге қызметтес болған. Белгісіз бір себептермен Алматыдан Петропавлға көшіп келіп, педучилищеде сабақ беріп, қаншама жеткіншектің музыкалық сауатын ашып, өмірге жолдама берді. Бізбен бірге оқыған, республикаға танымал композитор Жоламан Тұрсынбаевтың бағын ашып, музыка әлеміне енгізген Мәділхан ағамыз болатын.
Аяулы ұстаздарымның ішінде Сара Аяпбергеноваға ерекше тоқталғым келеді. Себебі біз­дің сынып жетекшіміз болып, бойымызға адами қасиеттерді тәрбиелеуге жанын аямаған ұстазымыз еді. Қызылжар өңірі­нің тумасы, Петропавл пед­училищесін бітіргеннен кейін, Семей педагогикалық институтының химия-биология факультетін аяқтап, ұстаздық жолын бастаған екен. 1948-1975 жылдар аралығында солтүстік өңірдің орта мектептері мен техникумдарында ұстаздық жасады, талай жас жеткіншектерге мектептердегі ең қиын пән­дердің бірі – химиядан дәріс берді, сонымен қатар биология сияқты қызықты пәнді өмірмен ұштастыра білді. Табиғатты аялау сезімін бойымызға сіңірген тәжірибелі ұстаз еді. 1976-1983 жылдары қазіргі Астана қаласындағы 100 жылдық тарихы бар Жамбыл Жабаев атындағы № 4 мектеп-гимназиясының директоры болып жемісті еңбек етті. Кеңес үкіметінің экономикасы мен саяси жүйесінің қарама-қайшылықты даму кезеңінде, республиканың түпкілікті халқын ұлтсыздандырып, бір­ыңғай кеңес халқына айналдыру уақытында облыс орталығындағы жалғыз қазақ мектебін сақтап қалуға барынша күш салған Сара Ахметқызына оңай болған жоқ. Халқымыздың тілін, дәстүрін сақтауға белсене араласқан сол кездегі қазақ зиялыларының қатарында болды. Отансүйгіш, ұлтжандылық қасиеттерді, қазақылықты жас ұрпақтың бойына сіңіру деңгейі мектеп ұжымы мен оны басқарып отырған басшысына тікелей байланысты болғанын білеміз.
1979 жылы Ақмола облысы аума­ғын­да неміс автономиясы құрылады деген сыбыс шыққан уақытта, Целиноградта қазақ жастарының қар­сылық білдіріп, көшеге шыққанын тарихтан білеміз. Коммунистік партия басшылығы өздерінің жоспарлаған ойлары іске ас­паған бұл оқыс оқиғадан кейін, қазақ мектептері мен студент жастарының жағдайына алаңдай бастаған еді. Жеті жылдан кейін Желтоқсан көтерілісі осы оқиғаның жалғасы іспетті шарықтау шыңы болып, кеңестік жүйенің күйреуіне әкелді. Міне, осы саяси оқиғалардан кейін Сара Ахметқызына мектеп басқару ісінде жолы кесілді. Сол бір қиын кездерді еске ала отырып, шәкірттерінің бойына ұлтжандылықты сіңірген ол еңбегі зая кетпегенін бүгінгі Тәуелсіз Қазақстанның алдыңғы қатарлы 50 елдің қатарына қосылғанына мақтаныш сезіммен қуанады. Сексеннің сеңгірінен асқан, «Халық ағарту ісінің үздігі», Білім министрлігінің Құрмет грамотасы және «Еңбек ардагері» медалімен марапатталған ұстаздардың ұстазы Сара Ахметқызы – немере, шөбере сүйген бақытты әже.
Оның алдын көрген шәкірт­терінің өзі бүгіндері қиын да қызығы мол қасиетті маман­дықтың шыңына шығып, зейнетін көруде. Бұл күндері еліміздің жүрегі – әсем қаламыз Астанада тұратын, елу жылға жуық жұмыс өтілі бар, оның отыз жылға жуығын мектеп директоры болған Тойлыбай Шаришев, Сәлима Шаришева, Ләззат Иманкулова, Қызылжар өңірінде тұрып жатқан зейнеткер ұстаз Игібай Ташмағанбетов сияқты шәкірттері Сара апайын және қасиетті мамандықтың туын берік ұстап келе жат­қан Астана қаласының ұстаз­дарын алдағы келе жатқан мере­кесімен құттықтай отырып, Елбасымыздың «Мәңгілік Ел» идеясын іске асыруда табысқа жетуіне тілектес.

Қажымұрат НӘСИЕВ,
ҚР Білім беру ісінің үздігі

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button