Елорда тынысы

Бизнес халықтың игілігі болуы тиіс

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметтің кеңейтілген отырысында «Экономикаға жаңа импульс беру үшін Үкімет кәсіпкерлермен терең әріптестік орнатуы қажет» деп атап өтті. Бұл өте маңызды. Себебі кәсіпкерлік таңдаулы азаматтардың еншісі болмауы керек. Яғни ұлттық бизнес жеке-дара адамдардың қолында емес, жаппай халықтың игілінде болуы тиіс.

Адал әрі әділетті ұлттық буржуазияны қалыптастыратын уақыт жетті. Бұл мемлекеттік саясатқа айналуы тиіс. Осы тұрғыда, жаңа Үкіметтің алдындағы басты міндет – елдің, дүйім жұрттың экономикалық белсенділігін арттыру. Халықтың бизнеске, кәсіпке деген қызығушылығын еселеп күшейту. Өйткені бізде әлі күнге дейін бизнесте, жер байлығын игеруде де монополия бар екені анық. Оған дәлел, еліміздің негізгі экономикалық көрсеткіштері 10 компанияның еншісінде, ал ірі салық төлейтіндердің саны одан да аз.

Сондай-ақ еліміздегі 300 мыңға жуық жұмыссыздар мен өзін-өзі жұмыспен қамтамасыз етуші 2 миллионнан астам азаматтардың басым көпшілігін бизнес кеңістігіне тарту қажет. Біз кәсіпкерлік әлеуеті терең ұлтқа айналуымыз қажет. Материалдық құндылықтарды үнемі жасауға қабілетті ұлттар ғана қарышты даму бағытына түсе алады.

Қазақстан азаматтарының экономикалық белсенділігін арттыру үшін бизнесті жаңа ашқан тұлғаларға арзандатылған несие, жер игеруге жеңілдік, өндірістік технология­ларға қолжетімділік жүйесін жасау маңызды. Ескі Қазақстан тұсында, ат төбеліндей топ еліміздің шикізат, қаржы саласына эксплуатация жасап, мемлекеттің жол, темір жолы, коммуникация саласындағы ірі мемлекеттік тендерлерге жөн-жосықсыз ие болып отыр­ған. Қазақстан азаматтары олигархтардың кесірінен «мүмкіндіктер теңсіздігіне» ұшырап отыр. Осы үрдісті тоқтату керек. Мұндай құбылыс еліміздің экономикалық тыныс-тіршілігіне үлес қосып, кәсіпкерлікпен айналысқысы келетін мыңдаған қарапайым азаматқа өз потенциалын көрсетуге мүмкіндік бермейді.

Н.Назарбаевтың тұсында қара нарық пен көлеңкелі схемалар арқылы олигарх болғандардың орнына халық мүддесін ұмытпайтын «ұлттық буржуазия­ны» қалыптастыратын уақыт жетті. Ол үшін олигархия­ның экономикалық тамырына балта шауып, Қазақстанда әділ әрі адал кәсіпкерлік жаппай құбылыс болуы керек.

Осы ретте Amanat фракциясы еліміздің ішкі жалпы өнімін арттыру үшін Қазақстанда жаппай кәсіпкерлік дағды қалыптастыру қажет деп есептейді. Ол үшін:

  1. Өткен жүйеден мұра болып қалған олигархтардың экономикалық мүддесін қорғауды тыю мен оларға лобби жасаушы топтарға тоқтау салу.
  2. Ірі тендерлердің әділетті, ашық, жаңа буын бизнесмендердің потенциалын арттыруға бағыттау қажет.
  3. Халықта жаппай бизнес дағды қалыптастыру үшін мемлекет саясатын бұру, аудандық, облыстық деңгейде тегін бизнес дағды үйрету курстарын ашып, бизнес ашатын азаматтарға мемлекеттік арзандатылған кредит, жер беру мәселелерін шешу керек.

Ерлан САИРОВ,

 Мәжіліс депутаты

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Back to top button