Қала мен Сала

Коммуналдық қызметтер құны қымбаттады

Ақпан айында астаналықтар жылу мен жарық үшін коммуналдық түбіртектің әдеттегіден әжептәуір қымбат болып келгеніне шағымданып, біраз мекеменің есігін тоздырды. Осыған орай, Табиғи монополияларды реттеу комитетінің елордалық департаменті тұрғындарға коммуналдық қызметтердің тарифтері туралы түсініктеме берді.

Табиғи монополияларды реттеу комитеті елордалық департаментінің хабарламасында атап өтілгендей, жақында елорда тұрғындары қаңтар айындағы түбіртектерді алып, жылу мен электр энергиясы үшін төлемдердің артқанын байқады. Ведомство мамандары тарифтің неге осынша артқанын түсіндіруге тырысты.

«Елордада жылумен жабдықтау қызметін «Астана­энергосбыт» ЖШС көрсетеді. Тариф 2024 жылғы 1 қаңтардан бастап еңбекақы төлеуге арналған шығыстардың өсуін, стратегиялық тауар құнының өсуін және көрсетілетін қыз­меттер көлемінің ұлғаюын ескере отырып түзетілді. Жылу энергиясының тариф деңгейі жылу энергиясын өндіруге, тасымалдауға және жеткізуге қажетті шығындар деңгейіне байланысты. Сонымен қатар жылумен жабдықтау тарифінің деңгейі, ең алдымен, отын түрінің, атап айтсақ, газ, мазут, көмір құнына байланысты, оның құрылымында ол негізгі үлесті алады. Тиісінше, отын бағасының өзгеруі, сондай-ақ оларды тасымалдау жылумен жабдықтауда тарифтің өзгеруіне алып келді» делінген хабарламада.

Сондай-ақ департамент де­ректеріне сәйкес, «Астана­энергосбыт» тарифінің құры­лымында шығындардың 97 пайызын жылу энергиясын өндіруге арналған шығындар және жылу энергиясын бөлуге арналған шығындар алады. Нәтижесінде осы факторлардың барлығын ескере отырып, Астанада жылу тарифі 20 пайызға өсті. Сондай-ақ соңғы айда келген түбіртекке тарифтің жоғарылауы ғана емес, сонымен қатар сыртқы ауа температурасы және соның салдарынан тұтыну көлемінің артуы әсер еткені атап өтілді.

Табиғи монополияларды реттеу комитетінің елордалық департаменті жылыту кезеңінде «Астанаэнергосбыт» ЖШС-тің электр энергиясын бөлшек саудада өткізу бо­йынша қызметтердің бағасы өзгермегенін жеткізді.

«Электр энергиясы бойынша есептеу электр энергиясының нақты тұтынылған көлемі үшін есептеу аспаптарының көрсеткіштері негізінде жүргізіледі. Жекелеген жағдайларда есепке алу құралының көрсеткіштері дұрыс берілмеуі мүмкін» делінген хабарламада.

Түсінбеушіліктер туындай қалса, астаналықтар А.Петров көшесі, 5-үй мекенжайы бо­йынша немесе «е-Otinish» азаматтардың барлық өтінішін қабылдау мен өңдеудің бірыңғай платформасы арқылы толық ақпарат ала алады. Тұтыну­шының дәлелдері расталған жағдайда, департамент жоспардан тыс тексерулердің нәтижесі бойынша шаралар қабылдайды.

Өткен жылдың жазында Астанада жылу тарифін екі еседен астам арттыру жоспарланғаны туралы хабарланған болатын. Күзде Қазақстанның қай аймағында коммуналдық қызметтердің бағасы өскені туралы жазылды. Содан кейін елордада суық су 15,7 пайызға, су бұру 15,5 пайызға, электр энергиясы 7,6 пайызға, газбен жабдықтау 8 пайызға қымбаттады деп хабарланды. Орталық жылыту тарифтері өзгеріссіз қалды.

«Инвестицияға айырбастау тарифі» бағдарламасы аясында коммуналдық қызметтерді жеткізушілер бағаны көтере алады, бұл ретте олар инфра­құрылымды ретке келтіруге және өз қызметкерлерінің еңбек жағдайын жақсартуға міндетті.

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Back to top button