Қала тіршілігі

Бизнес нысандарына талап катаң

Елорда әкімінің орынбасары Бақтияр Мәкен қаладағы ірі сауда орталықтары мен базар басшыларымен кездесу өткізді. Оған елордада індет жұқтыру жайттарының жиілегені себеп болды әрі бұл ШОБ өкілдері мен азаматтардың карантин тәртібін өрескел бұзуымен байланысты.

Негізгі қауіпсіздік ережелерін елемеу COVID-19-дың екінші толқынына әкелуі мүмкін. ШОБ өкілдері мен қала тұрғындары санитарлық нормалардың сақталуына үлкен жауапкершілікпен қарауы керек.

«Әр аймақ өз деңгейінде шешім қабылдайды. Біз сондай-ақ бизнес­тің жұмыс істегенін қалаймыз. Ол – халықтың еңбекпен қамтылуы, табыс және экономиканың өркендеуі. Бірақ кәсіпкерлер өз тарапынан талаптарды орындауы керек. Кейбір сауда орталықтары беттұмша тағу тәртібін сақтамайды және температураны тексермейді. Қабылданып жатқан шараларға түсіністік танытуды сұраймыз. Біздің ортақ міндетіміз ең алдымен, аурудың қайта өршуін алдын алу» деді Нұр-Сұлтан қаласы әкімінің орынбасары Бақтияр Мәкен.
«Профилактикалық жұмыс­тарға қарамастан, кәсіпкерлік субъектілері карантин тәртібін жиі бұзады. Соның салдарынан қалада ауру саны артып келеді. Оған қоса мектеп жасындағы және бір жасқа дейінгі балалар арасында да науқасқа шалдығу фактілері тіркелуде» деді бас санитарлық дәрігер Жанна Пірәлиева.
Жиын соңында сауда орталықтарының демалыс күндеріндегі жұмысын қайта қалпына келтіру қаладағы эпидемиологиялық жағдайға және ШОБ-тың санитарлық нормаларды сақтауына байланысты болатыны айтылды. Әрбір азаматтың жауапкершілігі эпидемиологиялық жағдайға әсер етеді. Бақтияр Мәкен елордалықтарды карантин шараларын қатаң сақтауға шақырды.

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button