Қала тіршілігі

Көпбалалы аналар қол қусырып отырған жоқ

Елордалық көпбалалы аналар тарапынан көптеген әлеуметтік жобалар жүзеге асырылуда. Солардың бірі – оқушыларға арналған тегін оқыту курстары.

Көпбалалы отбасылар үшін күрделі мәселенің бірі – балаларына қосымша білім беру ақысын төлеуге ақшаның жетіспеуі. Соның салдарынан олар мектеп пәндері бойынша репетиторлық, шет тілі курстарына балаларын қатыстыра алмайды. Бұл мәселені шешу мақсатында Strong mothers қоғамдық қоры көпбалалы отбасылардың оқушылары үшін тегін білім беру курстарын ашқан.
Қор үш көпбалалы ана – Райгүл Серікбаева, Жанар Исанова және­ ­Ұлжан Мырзагелдиева бастамасымен құрылды.
«Жұмысты 1 маусымда бастадық. Өзім ағылшын тілінің мұғалімімін, шет тілінде сабақ жүргіземін. Маған екі ерікті студент көмектеседі. Сондай-ақ бізде көпбалалы ана жүргізетін араб тілі курсы бар. Ол бір елшілікте аудармашы және демалыс күндері сабақ береді. Өзі Мысырдағы бакалавриат және Мароккодағы магистратураны бітірген. Көпбалалы отбасылардың балалары ағылшын және араб тілі сабақтарына тегін қатысады. Бүгінгі таңда мұндай отбасылар мүшелерінен он адамнан тұратын төрт оқушылар тобы құрылды» деп атап өтті Райгүл Серікбаева.
Орталықта 100-ден аса бала оқытылып, 10-нан аса адам жұмыс істейді.
Strong mothers қоғамдық қорының екінші бағыты – еріктілік. Алдағы уақытта қоғамдық қор көпбалалы аналарды цифрлық сауаттылыққа оқытумен айналысуды жоспарлап отыр. Бұл олардың электронды мемлекеттік қызметтерді алуы, қажетті жәрдемақыларды ресімдеуі үшін қажет. Сондай-ақ қоғамдық қор көпбалалы әйелдерге арналған бос жұмыс орындарының мәліметтер базасын жүргізуге ниетті және заң қызметтерін алуға жәрдемдеседі.
«Жалғызбасты аналар көп. Олар балаларын күтіп-бағу үшін алимент тағайындай алмайды. Мұндай аналарға білікті заң көмегі қажет» деп атап өтті қор өкілі.
Көпбалалы аналар құрған тағы бір әлеуметтік кәсіпорын – «Алтын шаңырақ» ательесі. Осы жылдың ­наурыз ­айында іске қосылған жобаның негізін қалаушы және жетекшісі – Әсия Оспанқұлова.
Сегіз баланың анасы 2019 жылы қала әкімі Алтай Көлгіновтің қабылдауында болып, елордалық аналардың басын қосып, өз ісін бастау идеясына айтқан. Нәтижесінде қала әкімдігі қолайлы орын бөліп, демеушілер тігін жабдықтарын сатып алуға көмектесті, ателье өз жұмысын бастады.
Алғашында ательеде 8 ана жұмысын бастаған. Қазақтың ұлттық киімдері, көрпе-төсегі, киіз басу, басқа да ұлттық өнімдерін заманауи үлгіде дайындайтын ателье жұмыс ауқымын кеңейтіп, алдағы уақытта жұмыспен қамту орталығы арқылы тағы да 5-6 ананы жұмысқа алуды жоспарлап отыр.
«Басқа аналарымызға үлгі көрсеткіміз келеді. Сонымен қатар өзіміз жұмыс істеп қана қоймай, жұмыс орындарын құруға да ниеттіміз. Бастап­қы кезеңде жобаға көрсеткен қолдауы үшін қала әкімдігіне, Алтай Көлгіновке алғысымызды білдіреміз. Алда үлкен жоспарлар бар. Бізге билік көмек қолын созды, енді өзіміз де басқа көпбалалы аналарға көмектесе аламыз. Алдағы уақытта жас аналарымызға арнап оқу орталығын ашуды ойластырып отырмыз. 20-ға жуық анаға арналған оқу орталығында қолөнердің қыр-сыры үйретілетін болады» дейді Әсия Оспанқұлова.
Ателье басшысы кәсіпорын өзінің әлеуметтік мәртебесін көпбалалы аналарды жұмысқа орналастырумен ғана емес, сонымен қатар халық үшін қолжетімді қызмет ұсынумен де дәлелдеп отырғанын айтады.
Елордада мүмкіндігі шектеулі балаларды тәрбиелеп отырған аналар үшін «Бақытты шаңырақ» әлеуметтік жобасы іске қосылды.
«Біз мүгедек баласы бар бүкіл отбасын, яғни ата-аналарды, дені сау балаларды және ерекше балаларды қолдаумен айналысамыз. Оларға үй-жайлар мен жұмыс орындарын ұсынамыз, жұмыс істеуіне арналған жабдықтар тауып береміз. Аналар бизнестің қыр-сырын үйренеді, болашақта өздері де кәсіп аша алатын болады. Ерекше бала тәрбиеленетін ата-аналарға ыңғайлы жұмыс кестесі қажет, өйткені олар баласын уақытылы оңалтуға бейімдейді. Біздің қордың мақсаты – осындай отбасылардың өмір сүру сапасын жақсарту» деп атап өтті орталық басшысы Ботагөз Сұлтанова.
Орталық маусым айында ашылды. Бүгінгі таңда онда 13 ана жұмыспен қамтылған. Жақында ұйымда жаңа жұмыс түрі – ерекше қажеттіліктері бар балалардың отбасыларына барып, оларға көмек немесе қолдау көрсететін үй көмекшісі қызметі ашылды.

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button