Әлеумет

Бостандық жырының бозторғайы еді

Қазақ әдебиеті ауыр қазаға ұшырады. 74 жасқа қараған шағында көрнекті ақын, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Несіпбек    Айтұлы дүниеден озды.

Бостандық жырының бозторғайы атанған ақын өзі жырлағандай, Барқытбелдің бауырында туып, қасиетті Семей топырағында ержетті. Балауса жырлары Шұбартау аудандық «Жаңа өмір» газетінде басылды. Еңбек жолы да осы басылымнан басталды. Өткен ғасырдың жетпісінші жылдары Қазақ мемлекеттік университетінің журналистика факультетінің студенті кезінде өлеңдері сол уақыттағы айтулы ақындардың назарына ілікті. 1972 жылы ақиық ақын Мұқағали Мақатаевтың алғысөзімен алғашқы топтамасы «Лениншіл жас» (қазіргі «Жас Алаш») газетінде жарық көрді.

Несіпбек Айтұлы университетті аяқтағаннан кейін «Балдырған» журналына қабылданып, поэзия бөлімінің меңгерушісі болды. Жалпы ақынның шығармашылығында балалар тақырыбы ерекше орын алады.

«Жалын» баспасында редактор, Қазақстан Жазушылар одағында әдеби кеңесші болып қызмет істеді. «Қазақ әдебиеті» газетінде сын бөлімінің, «Жұлдыз» журналында поэзия бөлімінің меңгерушісі болды.

Алғашқы кітабы 1974 жылы «Қозыкөш» атауымен жарық көрді. Өлеңдері тілінің бейнелілігімен, қазақы бояуы­ның қанықтығымен ерекшеленді.

Несіпбек Айтұлы – құла­шы кең эпик ақын. Ел тарихын, тарихи тұлғалар ерлігі мен еңбегін көп жыр­лады. Оның қаламынан «Бөгенбай», «Бердіқожа», «Шақантай», «Қараөткел қырғыны» поэ­малары, кейінгі жылдары ұлт қаһарманы Жұмабек Тәшенев рухына арналған «Жер – жаннан қымбат», «Ахмет», «Қаныш», «Мағжанның жұмбақ құсы», «Амангелді», т.б. дастандар туды. «Бас сүйектері», «Жасынның сынығы», «Найзағай», «Жүректегі жаңғырықтар» поэмалары «Жалын» альманахы жариялаған рес­публикалық байқаулардың жүлделерін, «Мұхтар мен Абыз» толғауы Мұхтар ­Әуезовтің 100 жылдығына арналған мүшәйраның бас жүлдесін алып, «Мұқағали-Желтоқсан» поэмасы республикалық әдеби байқаудың жүлдесіне ие болды.

Аудармашы ретінде Жүніс Еміренің, Бо Цызюдың, Джани Родаридың, Михаил Исаковскийдің, Aгния Бартоның, Сергей Михалков­тың, т.б. шетел және орыс ақындарының өлеңдерін ана тілімізге тәржімалады. Биыл Әлішер Науаидің «Ескендір қорғаны», «Фархат-Шырын», «Ләйлі-Мәжнүн» дастандарын аударғаны үшін Өзбекстан Жазушылар одағының құрметті мүшесі, Науаи қаласының Құрметті азаматы атағын алды. Қазақстан Жазушылар одағының Мұқағали Мақатаев және халықаралық Жамбыл атындағы сыйлықтардың лауреаты.

Несіпбек Айтұлының қаламынан туған ән мәтіндері елдің сүйікті шығармаларына айналды. Атап айтқанда, «Ән домбыра», «Сарыарқа», «Дәурен-ай», «Дариға дәурен», «Арман», «Сәуле ғұмыр», «Жалт-жұлт еткен дүние» әндері халықтың жүрегін тербейді.

Тәу етер тәуелсіздігімізді, елорданы көп жырлаған, «Бәйтерек» поэмасы әдеби қауым тарапынан жоғары бағасын алған Несіпбек Тұрысбекұлы Астананың дамуына, әдеби-рухани, мәдени кемелденуіне үлкен үлес қосты. Жаңа ғасыр басында елордаға көшіп келіп, Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде, Президенттік Мәдениет орталығында еңбек етті. Жазушылар одағының Астана қалалық филиалын, Сәкен Сейфуллин музейін басқарды.

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button