#Жаңа ҚазақстанБасты ақпарат

Халық үніне қалай құлақ асады?

Астана – еліміздегі «ақылды қала» жобасы бірінші болып жүзеге асқан қала. Қазір елордада цифрландыру үдерісі жоғары қарқынмен жүріп жатыр. Оған дәлел – әкімдік пен тұрғындардың қарым-қатынасын жақындата түсетін «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын іске асырудағы айтулы жетістіктер. Солардың бір парасын талдап, шолу жасап көрелік.

19,8 млн адамның ақпараты бар

«Жасанды интеллект қалаларымызды өмір сүруге және жұмыс істеуге қолайлы әрі толыққанды ақылды қалаға (smart city) айналдыру процесін айтарлықтай дәрежеде оңтайландыра алады. Мемлекеттік қызмет көрсету кезінде жасанды интеллект мүмкіндіктерін кеңінен пайдаланудың да маңызы зор. Бұл орайда біз елеулі нәтижеге қол жеткіздік. Атап айтқанда, азаматтардың әлеуметтік әл-ауқатының деңгейін анықтауға және оларға проактивті мемлекеттік қолдау көрсетуге мүмкіндік беретін «Отбасының цифрлық картасы» іске қосылды. Мұндай өнімді «Бәйтерек» холдингі базасында бизнес үшін де енгізу керек. Менің тапсырмам бойынша бұл бағытта ауқымды цифрлық трансформациялау жұмыстары басталып кетті» деп мәлімдеді Мемлекет басшысы Қасым-­Жомарт Тоқаев Астанада өткен Digital Bridge 2023 халықаралық форумында сөйлеген сөзінде.

Мемлекеттік органдардың қолданыстағы барлық ақпараттық жүйелерінің деректері негізінде құрылған «Отбасының цифрлық картасында» еліміздегі 19,8 млн-нан астам адамның я болмаса 6 млн-нан астам отбасының мүшелері туралы ақпарат біріктірілген. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің мәліметінше, 2023 жылдың 1 қаңтарынан бастап 652 мың адамға мемлекеттік қызмет түрлерін проактивті жолмен көрсетуге SMS-хабарлама жіберілген. Бір қуанарлығы, ешбір меморганға өтініш бермей-ақ жәрдемақы және әлеуметтік төлем алу мүмкіндігін 249 мыңнан астам адам пайдаланыпты. Бұдан бөлек, 64,6 мыңнан аса жұмыссыз азаматқа жұмыс табу мүмкіндігі, тегін оқуға жазылу, жұмыспен қамту саласындағы өзге де мемлекеттік қолдау тетіктері туралы ақпарат жіберілген.

Қазіргі кезде ешқандай да мемлекеттік органға өтініш жазбай-ақ «Отбасының цифрлық картасы» арқылы жәрдемақылар мен әлеуметтік төлемдердің 10 түрін ресімдеуге болады. Олар: еңбек ету қабілетінен айырылған жағдайда төленетін әлеуметтік төлем; жұмысынан айырылған жағдайдағы әлеуметтік төлем, асыраушысынан айырылу бойынша әлеуметтік төлем немесе жәрдемақы, мүгедектігі бар баланы тәрбиелеп отырған ата-анасына (қамқоршысына) жәрдемақы, мүгедектігі бойынша жәрдемақы, көпбалалы отбасыларға берілетін жәрдемақы, «Алтын алқа» және «Күміс алқа» алқаларымен марапатталған көпбалалы аналарға берілетін жәрдемақы, атаулы әлеуметтік көмек, сондай-ақ жерлеуге арналған біржолғы төлем. ОЦК арқылы зейнетақы төлемдерін алу мүмкіндігі, «қандас» мәртебесі берілгенде немесе ұзартылғанда мәртебенің аяқталу мерзімі және жұмыссыз адамдар үшін жұмыспен қамту тетіктері туралы автоматты хабарламалар жіберіледі.

Аталған форумда ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев осындай өнімнің бизнес саласында да енгізілетінін айтты. Бұл кәсіпкерлер мен алдағы уақытта кәсіп ашамын деген астаналықтарға керемет мүмкіндік беретіні анық. Қазір елордада IT-стартаптардың халықаралық технопаркі – Astana Hub табысты жұмыс істеп тұр. Бұл алаңда отандық және шетелдік технологиялық компаниялардың еркін дамуына барлық қолайлы жағдай жасалған. Стартаптарды дамыту екі бағдарлама бойынша жүргізіледі: акселерация бағдарламасы – бұл ерте кезеңде стартаптарды тезірек дамыту үдерісі. Ал инкубация бағдарламасы – бұл жаңа IT-жобаларды дамытудың барынша жинақталған, кешенді бағдарламасы.

iKomek пен Qala Qyzmet не үшін біріктірілді?

Қазір астаналықтар үйінде жарық өшіп қалса, я болмаса шүмектен су ақпай қалса, бірден смартфонынан 109 нөмірін теріп, мәселенің неден болғанын сұрайды. iKomek орталығы – бас қаланың бірыңғай толыққанды ахуал орталығы. Осыдан 5 жыл бұрын «iKomek 109» кезекшілік қызметі – әкімдіктің байланыс орталығы және Астана қаласы әкімдігінің ахуалды бақылау орталығының мониторинг командасын бір жүйеге біріктіру есебінен құрылғаны белгілі. Яғни кез келген қала тұрғынының қойған сұрағына жедел жауап беріп, мәселесінің шешімін табуына көмектесетін жедел желі болып қалыптасты. Бір жылдан кейін, 2019 жылы елорда әкімдігі iQala атты жаңа цифрлық жүйені іске қосты. Оны бұрынғы Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес агенттігінің «Астана – адалдық алаңы» атты жобасының көмегімен іске асырғанын білеміз. Бұл жоба қазіргі кезде Qala Qyzmet де аталады, оны Астана қаласы әкімдігінің iKomek 109 «қалалық мониторинг және жедел әрекет ету орталығы» құрылымына кіретін қалалық қызмет түрлері департаменті жүзеге асырады.

Qala Qyzmet орталығы өз қызметтерін мынадай 3 форматта ұсынады: қалалық қызметтер порталындағы онлайн-қыз­мет: qalaqyzmet.kz; Qala Qyzmet фронт-­офистерінде тікелей кеңес беру арқылы; проактивті, SMS-са­уалнама арқылы. Qala Qyzmet орталығынан тұрғындардың алатын қызмет түрлерінің қолайлылығын күн са­йын өсетін сұраныс­тан көруге болады. 2019 жылдың жарты жылдығында – 3701 қызмет, 2020 жылы – 69560 қызмет, 2021 жылы – 148586 қызмет, 2022 жылы – 170 мыңнан астам қызмет, 2023 жылы 90 мыңнан астам қызмет көрсетілген

Ал биылғы көктемде осы екі жүйе біріктірілді. iKomek 109 «қалалық мониторинг және жедел әрекет ету орталығының басшысы Асқар Тақсымов әкімдіктегі онлайн-брифингте бұл мақсатты былайша түсіндірді:

«Qala Qyzmet – бұл еліміздегі тұрғындарды, әкімдікті және қалалық коммуналдық қызмет мекемелерінің өзара іс-әрекетін бір жүйеге біріктірген алғашқы, бірегей қалалық хаб. Бұл тұрғыдан Астана – бір терезе қағидаты бойынша монополистердің қызметін бір жерге біріктірген бірінші қала. 2023 жылдың басынан бастап Астана қаласы әкімдігінің шешімімен халыққа коммуналдық қызмет түрлерін көрсету бөлігіндегі «қайталама» қызметтерді оңтайландыру мақсатымен iKomek109 орталығы және iQala жобасының қызметтерін біріктіру бағытында жұмыстар жүргізілді».

«iKomek 109-дың негізгі міндеті – қала тұрғындарына қолайлы орта қалыптастыру, яғни олардың кез келген мәселесін тездетіп шешуге көмектесу. Қала халқының саны үздіксіз өсіп келе жатқанын ескере отырып, осындай шешім қабылданып отыр. Мәселен, күн сайын біздің орталыққа орташа есеппен алғанда 6 мыңнан 10 мыңға дейінгі азаматтардың шағымы, сұрағы келіп түседі. iKomek109 өзінің іске қосылған кезеңінен бастап 10 млн-нан астам шағым-сұрақты қабылдады» деді брифингте Асқар Тақсымов.

Аталған орталықтың негізгі жұмыс бағыттары мынадай: қала тұрғындарының шағымдарын қабылдау, әртүрлі апаттар мен оқыс оқиғалар кезінде қалалық коммуналдық және жедел әрекет ететін қызметтердің жұмысын үйлестіру, әртүрлі оқыс оқиғаға дер кезінде бақылау жасау, оқыс оқиғалар кезіндегі құқық бұзушылық іс-әрекеттерін анықтау және өңдеу, қалалық бейнебақылау жүйесінің көмегімен қаладағы аухалды жедел қадағалау.

Астана қаласы әкімдігінің iKomek 109 «қалалық мониторинг және жедел әрекет ету орталығының» қалалық қызмет түрлері департаментінің директоры Ботагөз Мұстафина Qala Qyzmet орталығы өз қызметтерін мынадай 3 форматта ұсынатынын жеткізді: қалалық қызметтер порталындағы онлайн-қызмет: qalaqyzmet.kz; Qala Qyzmet фронт-офистерінде тікелей кеңес беру арқылы; проактивті, SMS-сауалнама арқылы. Оның айтуынша, Qala Qyzmet орталығынан тұрғындардың алатын қызмет түрлерінің қолайлылығын күн сайын өсетін сұраныстан көруге болады. 2019 жылдың жарты жылдығында – 3701 қызмет, 2020 жылы – 69560 қызмет, 2021 жылы – 148586 қызмет, 2022 жылы – 170 мыңнан астам қызмет, 2023 жылы 90 мыңнан астам қызмет көрсетілген.

Бүгінгі таңда жеке және заңды тұлғаларға мына ұйымдардың 146 қызметі ұсынылады: «Астана-Теплотранзит» АҚ; «Астана-АЭК» АҚ; «ҚазТрансГаз Аймақ» АҚ; «Астана су арнасы» МКК; «Elorda Ecosystem» ШЖҚ МКК; «Clean City» ЖШС; «Астана-ЕРЦ» ЖШС; «Астана­ЭнергоТұтыну» ЖШС; «Астана қаласын орталық газбен жабдықтау» ЖШС және тағы басқалар. Ең сұранысқа ие қызметтерге меншік иелерін ауыстыру бойынша коммуналдық ұйымдармен шарт жасасу және қайта жасау, ЕРЦ түбіртегі бойынша техникалық шарттар туралы консультация алу жатады.

«Сонымен қатар, елорда тұрғындары проактивті қызмет түрі арқылы электр қуатымен, сумен, жылумен жабдықтау және күл-қоқыс шығару бо­йынша шарттар жасай алады. Тұрғындар тек 114 нөмірінен келген SMS-хабарламаға жауап беру және дербес деректерді пайдалануға рұқсат берсе жетіп жатыр. Бұдан әрі Qala Qyzmet-тен нақтылайтын сұрақтармен сауалнамаға сілтеме жасай отырып SMS-хабарлама келеді. Одан кейін портал автоматты түрде өтініш жазады және жауапты өңдеу, азаматқа жіберу үшін коммуналдық ұйымдарға жөнелтеді. Бұл қанатқақты жоба екенін ескерсек, белсенді қызмет көппәтерлі тұрғын үйлерден жылжымайтын мүлік сатып алатын тұрғындарға қолжетімді» деп түсіндірді Ботагөз Мұстафина.

Құзырлы департамент басшысы 2023 жылдың басынан бастап қала аудандары бойынша ауқымды ету мақсатында коммуналдық қызметтер бойынша өтініштерді тіркеуге және кеңес беруге көмек алу үшін аудан әкімдіктерінің фронт-­офистеріндегі Qala Qyzmet менеджерлеріне хабарласуға болатынын мәлім етті.

«Qala Qyzmet фронт-кеңселеріне айына 2000-2500 адам келеді. Портал айына 17000-20000 қызмет түрін көрсетеді. Бас фронт-офис Сарыарқа ауданындағы Әзірбайжан Мәмбетов көшесі, 24-үйде, «Аффари» бизнес орталығының 1-қабатында орналасқан. Сондай-ақ, қосымша фронт-офистер Алматы және Есіл ауданы әкімдіктерінде: Тәуелсіздік көшесі, 7-үйде, Қабанбай батыр даңғылы, 33-үйде орналасқан. Qala Qyzmet қызметтеріне және фронт- офистердің жұмыс кестесіне қатысты толық ақпаратты қалалық телефоннан немесе ұялы телефоннан (24/7) 109 қысқа нөмірін теру арқылы алуға болады. Цифрлық даму және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі халыққа жайлы қызмет көрсетудің бірыңғай орталығын іске қосу жұмысын жүргізуде. Осындай орталық іске қосылған кезде, Qala Qyzmet фронт-офисі де жаңа орталықтан ашылады» деді ол.

Депутаттар араласса, мәселе шешіледі

Жуырда Мәжілістің жалпы отырысында биылғы жазда депутаттардың өңірлерге сапары кезінде тұрғындар тарапынан келіп түскен өтініштерін қарау қорытындылары туралы Үкіметтің ақпаратын тыңдады. Мәжіліс төрағасы Ерлан Қошанов жұмыстың мұндай форматы азаматтар тарапынан қолдау тапқанын атап өтті.

«Бұл – Президенттің бастамасымен қолға алынған «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын жүзеге асыруға бағытталған нақты қадам. Биыл шілде-тамыз айларында Мәжіліс депутаттары өңірлерді аралап, реформаларды түсіндіріп, Мемлекет басшысының және саяси партиялардың сайлауалды бағдарламаларының орындалуын бақылауға алған болатын. Сайлаушылармен кездесу тек облыс, аудан орталықтарында ғана емес, шалғай елді мекендерде де өтті. 1800-ге жуық кездесуге 43 мыңнан астам адам қатысты. Еліміздің 900-ге жуық қаласы мен ауылы қамтылды» деді отырыста сөз алған Мәжіліс төрағасының орынбасары Альберт Рау.

Ол азаматтардан келіп түскен өтініштер әлеумет, экономика, тәртіп, заңнаманы жетілдіру салалары, сондай-ақ өңірге қатысы бар мәселелер бойынша біріктірілгенін айтты. Талдау нәтижесі барлық өңірмен қатар нақты елді мекендердің де өткір мәселелері бар екенін көрсетті. Республикалық ауқымда бұл – халық табысының аймақтардағы сәйкессіздігі, кейбір қалалардағы жұмыссыздық және кадр тапшылығы, су және газбен қамтамасыз етудің төмен деңгейі, жолдардың жағдайы. Төрағаның орынбасары мәселелердің басым бөлігі жергілікті атқарушы органдардың құзырында, бірақ қандай да бір себептермен олар депутаттардың араласуынан кейін ғана шешіле бастайтынын атап өтті.

Мемлекеттік органдардың өтініштерді қарау қорытындылары жөнінде баяндама жасаған Премьер-министрдің орынбасары Тамара Дүйсенова қалалардың жылу-энергетикалық жүйелеріндегі апаттардың салдарын жою ең маңызды мәселе екеніне тоқталды.

«Жылумен қамтамасыз ету нысандарын салу, күрделі және қазіргі жөндеу жұмыстарының кестесі әзірленді. Үкіметтің резервінен Екібастұз, Риддер, Рудный, Степногорск, Көкшетау, Ақтау, Семей, Павлодар қалаларының жылумен қамтамасыз ету жүйелерін жөндеу үшін 55 млрд теңге бөлінді. Жүйелі іс-шараның бірі ретінде осы салаға едәуір инвестиция тартуға және коммуналдық инфрақұрылымды жаңартуға бағытталған «Тарифті инвестицияға айырбастау» бағдарламасы қабылданды. Бұл жобаның аясында инженерлік желілерді жөндеу және осы саладағы қызметкерлердің жалақысын арттыруға, кадр­ларды тартуға, олардың тұрақтылығын қамтамасыз ету мақсатында 250 млрд теңге шамасында қаржы тарту жоспарланып отыр» деді Т.Дүйсенова.

Тағыда

Төлен Тілеубай

«Астана ақшамы» газетінің шеф-редакторы

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button