Мәдениет

Детектив жанрының дарабозы

Кеше Алматыда көрнекті жазушы, журналист Кемел Тоқаевтың 100 жылдығына орай «Қазақ детектив жанрының дарабозы» атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция өтті.

Алқалы жиынға Қазақстан, Өзбекстан, Қырғызстан, Ресей мемлекеттерінің шығармашылық зиялы қауым өкілдері қатысты. Жиынды Қазақстан Жазушылар Одағы басқармасының төрағасы Мереке Құлкенов ашып берді.  Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева Мемлекет басшысының құттықтауын оқып берді. «Түрксой» ұйымының бас хатшысы Сұлтан Раев ізгі лебізін жеткізді.

Конференцияда еліміздегі детектив жанрының дамуы мен ерекшелігі, «Қазақ детективінің атасы» атанған Кемел Тоқаевтың өмірі мен шығармашылығына қатысты деректер мен тың тұжырымдар айтылды. Сарапшы ғалымдар Кемел Тоқаев тек қазақ детектив жанрының ғана емес, Орталық Азия әдебиетінде осынау бірегей жанрдың дамуына ерекше үлес қосқан жазушы екенін атап өтті.

Қырғызстан Жазушылар одағының төрағасы Нұрлан Қалыбеков Қырғызстанда
Кемел Тоқаевтың музейін ашуды ұсынды. «Отызыншы жылдардағы қазақ пен қырғыздың басынан өткен қиын тағдырды сол музей аясында көпшілікке таныстыруға болар еді» деді Нұрлан Қалыбеков. Өзбекстан Жазушылар одағының мүшесі Минхожиддин Ходжиматов қазір Өзбекстанда қазақ әдебиеті классиктерінің шығармаларын аудару ісі қарқын алғанын, Кемел Тоқаевтың 100 жылдығы қазаққа ғана емес, өзбекке де ортақ мереке екенін жеткізді.
Сондай-ақ өзбек тілінде аударылған Кемел Тоқаевтың кітабын Қазақстан Жазушылар одағына сыйлады. Ресей ғылымының еңбек сіңірген қайраткері, детектив жанрында жазатын жазушы Дмитрий Шестаков Кемел Тоқаевтың жазушылық еңбегі туралы айтты.

Конференция аясында «Қазақ детектив жанрының негізін қалаушы», «Отан үшін от кешу», «Журналист – қоғамның айнасы, құлағы һәм тілі» атты тақырыптық секциялар ұйым­дастырылды. Онда көрнекті жазушы-драматург, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, Қазақстанның Еңбек Ері Дулат Исабеков, әдебиеттанушы, филология ғылымдарының докторы, профессор Құлбек Ергөбек, заң ғылымдарының докторы, профессор Есберген Алауханов, т.б. баяндама жасады. Конференция қорытындысы бойынша спикерлер мен сарапшылардың баяндамалары арнайы жинаққа басылып шығатын болып шешілді.

 

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button