Айтпайын-ақ деп едім!

«Қазаннан қақпақ кетсе»…

Қазір елімізде түрлі саладағы алаяқтық асқынып тұр. Әсіресе, интернет саласындағы алдамшылық халықты қан қақсатып, сан мың адамды сан соқтырып жүр.

Жақында Алматы қаласында тұратын ініміз хабарласты. Жетісай өңірінің бір азаматы «анама телефон шалып алайыншы, менің телефонымда  тоқ қалмапты» деген соң, телефонын беріпті. Ол інімнің көзінше анасына видеобайланысқа шығып, 2-3 минут сөйлес­кен. Бірақ осы аралықта каспи голдынан 1,8 миллион теңгесін сыпырып алып кеткен. Бұл жағдайды ол кеткеннен кейін байқаған ініміз тізгін ұшымен полицияға хабарласып, істі мәлімдеген. Олар істі тіркеуге алып, алдамшыны табамыз деп уәде бергенімен, содан бері 20 күн өтсе де, істі қарауға жауапты полиция қызметкері өнімді жұмыс жасамаған. Мен хабарласам да «тексеріп жатырмыз, біз оның аты-жөнін анықтадық» дейді жайбарақат. «20 күнде атқарған жұмыстарыңыз осы ма? Оның аты кім екенін, байланыс телефонын, керек десеңіз, анасының, ағасының байланыс нөмірімен қоса, тұратын мекенжайын, фотосуретін де қоса берген жоқпыз ба?» десем, «мен саған есеп беруге міндетті емеспін» деп телефонын жаба салады. Мұны естіп маған «әділетті Қазақстанның заң атқарушыларының түрі осы ма?» деген ой келді. Әрине, мұндай жағдай тек Алматыда ғана емес, Қазақстанның барлық өңірінде жиі кездеседі.

Алдамшы әрекеттің алдын алу үшін халық сергек, заң атқару қызметкерлері ширақ болуы керек. Әсіресе, жоғарыдағыдай алаяқтық әрекеттері байқалғанда, қағазбасты болып отыра бермей, жедел іске көшіп, алдамшыны ізін суытпай қолға түсірмесе және оны ауыр жазаламаса, алдамшылыққа тосқауыл қоя алмаймыз. Әрине, алдамшы, алаяқтар барлық мемлекетте бар. Бірақ олар Қазақстандағы сияқты жұртты сарсаңға салып, зияндалушыларды зарықтырып күттіріп, «соза берсе, тоза берді» жасамайды. Керек десеңіз, жұрт аузында «біздің елдің заң атқарушылары келтірілген зиянның мөлшеріне қарап жұмыс істейді, кейде ұрымен, алаяқтың өзімен астасып, арам олжаны бөліседі» деген сөз де жиі айтылады. «Халық айтса қалып айтпайды» дегендей, бұл сөз де тегін шықпаса керек. Заң атқарушыларымыз мұндай ашкөз болса, алаяқтар әлінен аспай қайтеді?! «Қазаннан қақпақ кетсе, иттен ұят кетеді» деген осы да.

Қысқасы, заң атқарушыларымыздың заңдық танымның төмендігі, халықтың бас амандығын, мал-мүлкін, мүддесін қорғау сана-сезімінің әлсіздігі де елімізде алаяқтың өршуіне себеп болып тұр. Бұл айналып келіп, әділетті Қазақстанның абыройына нұқсан келтіріп, биліктің ел жүрегіндегі сеніміне де селкеу түсіріп отыр. Бұл да ойланатын мәселе.

 

 

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button