Руханият

Екі мың домбырашының басын қосады

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Жарлығы­мен бекітілген Ұлттық домбыра күні мерекесі биыл алғашқы мәрте 1 шілдеде атап өтіледі. Осыған орай Астана қаласы Мәдениет және спорт басқармасы осы күні «Қазақ елі» алаңында ұлттық аспабымызды ұлықтайтын шараны ұйымдастырады.

Алаңда халықтық серуен өтіп, киіз үйлер тігіледі. Жұрт онда ұлттық аспаптары музейін тамашалайды. Әрине, басты орынға домбыра шығарылады. Соның ішінде Құрманғазы Сағырбайұлы, Дина Нұрпейісова, Ахмет Жұбанов және т.б. аса көрнекті музыканттардың домбыралары көпшілік назарына ұсынылады. Музыканттар халық шығармаларын орындап, «Ортеке» өнері көрсетіледі. Қонақтар домбыра шабу өнерінің қыр-сырымен таныса алады.
Екі мың домбырашының қатысуымен өтетін «Домбыра – асыл мұра» концерті шара­ның шарықтау шегі болмақ. Онда Секен Тұрысбек, Бекболат Тілеухан, Айтқали Жайымов, Айтжан Тоқтаған, Айгүл Үлкенбаева, Нұржан Тәжікенов, Асылбек Еңсепов, «Арт Домбыра» триосы, «МузАрт» ан­самблі өнер көрсетеді. Бұған қоса, Құрманғазы атындағы Қазақ мемлекеттік ұлттық аспаптар оркестрі, «Отырар Сазы» ұлттық аспаптардың фольклорлық-этнографиялық оркестрі, Астана қаласының Мемлекеттік академиялық филар­мониясының қазақ ор­кестрі, Тәттімбет атындағы академиялық ұлттық аспаптар оркестрі және Ақтау қаласының Қазақ ұлттық аспаптар оркестрі мереке көркін қыздырады.
Атап өтерлік жайт, шараға қатысуға ниет білдіргендердің барлығы сахнаға шығып, домбырада ойнау өнерін көрсете алады. Бұл үшін www.asyldombyra.kz сайтында онлайн тіркеліп, «Көңілашар», «Адай», «Балбы­рауын», «Ерке Сылқым», «Сары­арқа» күйлерін шерте алулары қажет. Қазірге дейін Астанада Ұлттық домбыра күнін мерекелеуге арналған концертке 1300-ден аса адам тіркеліп үлгерді.


30 маусым күні сағат 12.00-де алаңда дайындық өтеді. Ұйымдастырушылардың айтуынша, дайындыққа міндетті түрде қатысу шарт. Себебі, қатысушылар үшін маңызды ақпарат пен кіруге арналған қатысушының бейджі тапсырылады.
Жалпы күй өнерінің білгірі Ақселеу Сейдімбек «Қазақтың күй өнері» атты монографиясын­да қазақ күйлері мен әндерінің аймақтық мек­тептерін бес топқа бөледі. Атап айтсақ, Қазақ­стан­ның орталық және солтүстік өңіріне тән күйшілік-әншілік мектеп; оңтүстік және Жетісу өңірін қамтитын күйшілік-әншілік мектеп; батыс өңірін қамтитын күйшілік-әншілік мек­теп; Сыр бойын қамтитын күй­шілік-әншілік мектеп; Қазақ­станның Шығыс өлкесін (Алтай, Іле, Тарбағатай, Баян-Өлгий мен Шығыс Түркістанды қосқанда) қамтитын күйшілік-әншілік мектеп.
Ал күйдің аймақтарға қарай ұялық бөліністері Алтай күй­шілік ұясы, аймағы – Шығыс Қазақстан; Арқа күйшілік ұясы, аймағы – Орталық Қазақстан; Жетісу күйшілік ұясы, аймағы – Оңтүстік Шығыс Қазақстан; Қаратау күйшілік ұясы, ай­мағы – Оңтүстік Қазақстан; Жиделі Байсын күйшілік ұясы, аймағы – Сырдария, Арал өңірі; Атырау – Орал күйшілік ұясы, аймағы – Батыс Қазақстан; Түбек күйшілік ұясы, аймағы – Маңғыстау аталатын жеті мектепті құрайды.
Бұлардың қалыптасқан дәс­түрін сақтау бүгінгі күні үлкен мақсат болуы тиіс. Ұлттық домбыра күні құр думандатпай, осы жағы да ескерілуі тиіс.

Аманғали ҚАЛЖАНОВ

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button