Sport

ЕР ЖІГІТТІ ЕСКЕ АЛДЫ

DSCN5058

Тәуелсіздік күні қарсаңында Астана қаласының Ішкі істер департаменті мен «Ауғанстан соғысы мүгедектері мен ардагерлері одағы» қоғамдық бірлестігі жауынгер-интернационалист, қылмыскерлерді ұстау кезінде қаза болған милиция лейтенанты Жанайдар Жирентаевты еске түсіруге арналған волейбол жарысын өткізді.

Бүгінде Астана қаласының бір көшесі Жанайдар Жирентаев есімімен аталады. Алматы аудандық Ішкі істер басқармасы алдында ескерткіш тақта орнатылған.

Жарыс алдында Ауғанстан соғысында қаза болғандарға арналған ескерткіш алдында митинг ұйымдастырылды. Бұл шараға Ауғанстан соғысында және ішкі істер қызметінде ерлік көрсеткен марқұмның туыстары, әскерде және қызметте бірге болған әріптестері қатысып, естеліктер айтып,бір минут үнсіздік жариялап, еске алды.

Волейбол жарысының ашылу рәсімінде Халық қаһарманы, Парламент депутаты, генерал-лейтенант Бақытжан Ертаев сөз сөйлеп, жауынгер-интернационалистердің соғыс даласында да, бейбіт өмірдің қызметінде де өздеріне тапсырылған міндет пен парызды адал атқаратынын, сондықтан осындай шаралардың өткені жас ұрпаққа өнеге боатынын атап өтті.  Жанайдар Жирентаевтың әкесі Асқарбек ақсақал осы жарысты ұйымдастырушыларға әулеті атынан шексіз ризашылығын білдірді.

Күні бойы өткен жарыстың қорытындысында жауынгер-интернационалист Нұрлан Ахметов бастаған Астана қаласының «Ауғанстан соғысы мүгедектері мен ардагерлері одағы» командасы жеңімпаз атанды. Екінші орынға Астана қаласы Төтенше жағдайлар департаменті ие болса,  үшінші жүлделі орынға Астана қаласының ІІД командасы табан тіреді. Жауынгер-интернационалист Сағындық Смайлов атындағы команда «Жеңіске деген жігері үшін» арнайы сыйлығымен марапатталды.

Жарыстың жеңімпаздары мен жүлдегерлеріне «Ауғанстан соғысы мүгедектері мен ардагерлері одағы» ҚБ төрағасы Серік Кенжебеков, Астана қаласы ІІД кадр жұмысы басқармасы бастығының орынбасары  Қанат Жамбаев және Жанайдар Жирентаевтың зайыбы Назкен Мүсірепжанқызы салтанатты жағдайда дипломдар, медальдар және бағалы сыйлықтар табыс етті.

Ұйымдастырушылар осы жарысты жыл сайын Тәуелсіздік күні қарсаңында өткізу жөнінде шешім қабылдағанын жариялады.

 

Ғалым ҚОЖАБЕКОВ

Тағыда

Ғалым Қожабеков

«Астана ақшамы» газеті бас редакторының орынбасары

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button