Мәдениет

ҚАЛАЙ АСҚАҚТАТСАҚ ТА АРТЫҚ ЕМЕС

ERA_5483

Сейсенбі күні Бейбітшілік және келісім сарайында ел астанасының Алматыдан Ақмолаға көшірілгеніне 17 жыл толуына орай «Арманға жетелей бер, Астана!» атты мерекелік концерт өтті.

1997 жылдың 10 желтоқсанында Алатау баурайынан шығып, Арқаға бет түзеген көш Есіл өзенінің бойына тоқтады. Осы жерде жаңа астананың қазығы қағылып, сол күні ел ордасы атанған Ақмола – Астананың жылнамасы жазыла бастады. Содан бері оның беттері қалыңдай түсіп, бас қала тарихы алтын әріптермен әдіптелген небір жарқын оқиғалармен толықты. Өзінің бастапқы кезеңінде қала халқы үш жүз мыңның маңайында болса, қазірде сегіз жүз мыңнан асты. Сәулеті мен дәулеті жарасқан ғимараттар бой көтерді. Әлемнің түрлі елдерінен Астанаға сапарлаған белгілі тұлғалар бас қаламыздың сәні мен салтанатына таңдай қағысты. Жат жұрттықтарды таңғалдырып, қазақстандықтардың көз қуанышына айналған елорда одан әрі де қарыштау үстінде. Сондықтан әлем картасынан ойып тұрып орын алған Астанамызды қалай асқақтатсақ та артық емес!

Осы күндері Астана туралы жазылған әндер баршылық. Сол әндердің бірегейі Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың қаламынан туған «Город мой» әні. «Астана Опера» мемлекеттік опера және балет театрының жетекші солисі Сүндет Байғожин мерекелік концерт шымылдығын осы туындымен ашып, көрермен жүрегін тербеді.

Осымен бас қаламыз жайлы әндердің легі аяқталған жоқ. «Арнау» дуэті «Астана – махаббатым менің» әнін шырқаса, Қайрат Баекенов пен «Формат» тобы осыдан екі-үш күн бұрын ғана жазылған жаңа әннің тұсауын кесті. Бұл туындының «Оңтүстік пенен Батыстан, Солтүстік пенен Шығыстан Тағдырлар келіп тоғысқан» деген жолдары бір шындықтың бетін ашты. Шынымен де, еліміздің түкпір-түкпірінен Астанаға ағылған жұрт осы жерде жаңа достарды, тіпті, өміріне серік болатын жандарды жолықтыруда. Әрине, көпшілікке сүйікті «Есіл ағады» әні де шырқалмай қалмады.

Бірнеше жылдар көлемінде елордада «Аялаған Астана» атты байқау өткізіліп келеді. Концертке жиналғандар «Біз бақытты балалармыз» деп шырқаған осы байқау лауреаттары мен №2 музыка мектебінің балалар хорының дарындылығына көз жеткізді. Бұлардан бөлек, көпшілік белгілі әншілер Маржан Арапбаева мен Президенттік оркестрдің ұлттық аспаптар ансамблінің «Ахау керім» атты халық әніне салған Айгүл Қосанованың өнеріне қол соқты. «Ринго» тобы көрермендерге ырғақты әнді сыйлады. Былтырғы «Қазақстан дауысы» жобасынан аттары таныс Роза Мұқатаева мен Мархаба Сәбиева бұл жобаға бекерден бекер қатыспағанын танытты.

Елдік пен бірлікке шақыратын мерекелердің концерттеріне қатысудан бас тартпайтын бір топ бар. Ол – халықтың жүрегінен берік орын алған «МузАрт» тобы. Осы концертте де Мейрамбек Беспаев, Сәкен Майғазиев, Кенжебек Жанәбіловтен тұратын үштік «Қазақтай ел қайда» әнін орындап, көрермендердің қошеметіне бөленді.

Аманғали ШМИТҰЛЫ 

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button