Басты ақпаратЖаңалықтарСаясат

Еуразия кеңістігінің ертеңі қандай?

Кеше Назарбаев орталығында «Үлкен Еуразия: текетірес немесе серіктестік» тақырыбында «Астана клуб» халықаралық пікірталас алаңының үшінші отырысы өтті. Оған 27 елден алпыстан астам өкіл қатысты. Чатхэм хауз ережесі (Chatham house Rules) бойынша өткен жиналыстың қатысушылары алдында Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев сөз сөйлеп, жаһандық сын-тегеуріндер мен қауіп-қатерлер туралы өз ойымен бөлісті.

Еліміз соңғы жылдары жауласқан тараптар арасында бітімгершілік саясатын ұстануға айрықша мән беріп, халық­аралық қауымдастық алдында біршама бедел жинағаны жасырын емес. Таяу Шығыс­тағы шиеленіс бойынша өтіп жатқан Астана процесі, Ресей мен Түркия арасындағы аға­йынгершілік – соның жарқын мысалы. Назарбаев орталығы мен Тұңғыш Президент қоры жанындағы Әлемдік экономика және саясат институтының ұйымдастыруымен өтетін дәстүрлі халықаралық жиынға көрнекті саясаткерлер, дипломаттар мен саясаттанушылар, АҚШ, Қытай, Ресей, Үндістан, Еуропа елдері, Таяу Шығыс, Орталық және Оңтүстік Шығыс Азия елдерінің «ақыл-ой орталықтарының» жетекші сарапшылары мен ғалымдары қатысады. Сондықтан үшінші мәрте өткізіліп жатқан «Астана клуб» пікірталас алаңы да осындай жоғары мәнге ие.
Атап айтсақ, клубтың бұл жолғы отырысына тұңғыш рет үш елдің бұрынғы мемлекет басшылары – Абдулла Гүл (Түркия), Вацлав Клаус (Чехия) және Данило Тюрк (Словения) қатысты. Ал халық­аралық деңгейдегі сарапшылар қатарынан гео­саяси талдау және болжау бойынша консалтингтық қызмет көрсететін америкалық «Stratfor» компания­сының негізін қа­лау­шы Джордж Фридман, АҚШ халықаралық және стратегия­лық зерттеулер орталығының жетекші сарапшысы Эдвард Люттвак, BBC ар­насындағы саясаткерлермен ашық әңгіме жүргізетін «Hard Talk» бағдарламасының жүргізушісі Стивен Сакурды атауға болады.
Пікірталасқа қатысушылар алдында сөз алған Президент Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан сыртқы саясатта диалог, ымыра және тең дә­режелі әріптестікке мән беретінін айрықша атап өтті. «Біз ғаламдық мәселелерді шешуде әлемдік қауымдастықты бірігуге, төзімталдыққа шақыр­ғымыз келеді. Мұны Сирия шиеленісі бо­йынша бітімгершіліктен, ядролық қаруға қарсы бас­тамамыздан, мәдениеттер арасындағы диа­логқа қосқан үлесімізден және әлеуметтік-экономикалық мәселелерге үн қосуымыздан байқауға болады» деді Елбасы. Бұл тұрғыдан алғанда, еліміздің 2017-2018 жылдарға БҰҰ-ның Қауіпсіздік кеңесіне уақытша мүше болып сайлануы арқасында халықаралық қатынастардағы «тектоникалық өзгерістерді» жақыннан бағамдауға септігін тигізді.


Алайда Батыс-Шығыс арасындағы геосаяси, экономикалық, ең сорақысы, идеологиялық қарама-қайшылықтардың ұлғаюы әлем­дік даму архитектурасына кәдімгідей теріс әсерін тигізуде. «Әсіресе, дамыған елдер мен дамушы елдер ара­сындағы айырмашылық халықаралық терроризм мен экстремизмнің туындауына әкеп соғуда. Қазіргі аймақтық және халықаралық қауіпсіздік шаралары аумалы-төкпелі жағдайға бейімделе алмай отыр» деп атап өтті Нұрсұлтан Әбішұлы.
Жиын барысында Президент әлем бетпе-бет келіп отырған біршама сын-қатерлерге тереңірек тоқтала кетті. Атап айтсақ, бақылау шегінен шығып кеткен жаһандық миграция, дамушы елдер мен дамыған елдер арасындағы демографиялық тепе-теңдіктің болмауы, Корей түбегіндегі жағдай, ауқымы мен зардабы жағынан Үшінші дүниежүзілік соғысқа барабар деп бағалауға болатын толассыз терактілер мен қарулы қақтығыстар, алпауыт елдердің қарулы күштер бюджетінің ұлғайтылуы, су тапшылығы күн тәртібіндегі күйіп тұрған мәселелер қатарына жатады. Президент айрықша тоқталып өткен сын-қатерлер арасында «санкция соғысының» салдары да айтылды. «Әлемдік экономикалық және технологиялық кеңістікте бөлініс пайда болуда. Бәсекелес экономикалық орталықтардың маңайында жаңа сауда жүйесінің қалыптасып жатқанын көріп отырмыз. Бұл ДСҰ рөлінің төмендеп, протекционизмнің күшеюіне әкеп соғуы мүмкін. Саяси қысым жасау мақсатында экономикаға кедергі келтіріп отырған «санкция соғысы» халықаралық сауда мен әділ бәсекелестікке қауіп төндіріп отыр» деді Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев. Осының бәрі «Астана клуб» секілді жабық форматта өтетін, саясаткерлер мен сарапшылар ашық пікірталасқа түсіп, бағдар анықтап алатын алаңның ауадай қажеттілігін білдіреді.
Жалпы алғанда, клуб қатысушылары алдағы он жылдықта Еуразия құрлығының дамуындағы негізгі бағыттар мен үрдістерді кеңінен талқыға салады. Мысалы, клубтың бұл жолғы отырысының «ЕО – Үлкен Еуразия: серіктестік пен даму векторлары» атты панельдік сессиясы барысында «Брекзит және Еуропадағы популизмнің өсуі – Еуразия үшін салдары қандай?», «Еуропа мен Еуразия арасындағы Түркия: таңдау жасау мүмкін бе?», «10 жылдан кейінгі Еуроодақ пен Еуразия: жаңа әлем құрылысының сызбасы» секілді сүйекті тақырыптар қаузалды.
Чатхэм Хауз форматында өтетін мұндай жиындардың ерекшелігі – айтылған мәселелер сыртқа шықпайды, яғни анонимділік сақталады. Соның арқасында тараптар шынайы әрі кәсіби сұхбат құруға мүмкіндік алады. Сондықтан «Астана клуб» отырысының жай-жапсары бұқаралық ақпарат құралдарының да назарынан тыс қалды.

Әділбек ЖАПАҚ

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button