Жаңалықтар

Ғаламтордағы қазақ тілі

c26c0d69-1ef2-4955-bc93-c08e388c452f

Астанадағы Ұлттық академиялық кітапханада ҚР Мәдениет және спорт министрлігі Тілдерді дамыту және қоғамдық-саяси жұмыс комитетінің тапсырысымен «Tilalemi.kz» порталы, «Atau.kz» ономастикалық, «Emle.kz» орфографиялық және «Termincom.kz» терминологиялық сайттарының тұсауы кесілді. Игілікті шараға елордадағы игі жақсылардың бәрі жиналды.

Еліміз егемендік алғаннан бері ана тілімізді қалай дамытамыз, оның керегесін қалай кеңейтеміз деген мәселелер үнемі алдымызда тұр. Осы бағытта қыруар шаруа атқа­рылды да, солардың ізгі жалғасы ретінде уақыт талабына сай мемлекеттік тілді дамытуға арналған жаңа порталдың жөні де, жобасы да бөлек. Енді кез келген оқырман қазақ тіліне қатысты көкейтесті мәселелерді интернет-кеңістік арқылы біліп отырады. Бір ғажабы, оны шет мемлекетте тұратын ағайындар да тұтынады.

– Негізгі мақсатымыз – 2011-2020 жылдарға арналған тілдерді дамытудың мемлекеттік бағдарламасын тыңғылықты орындау. Сол себепті танымал ғалымдармен және ІТ мамандарымен келісе отырып, «Тіл әлемін» әмбебап деңгейдегі портал есебінде, ал жаңа аталған үшеуін сайт есебінде енгіздік. Порталда тіл ғылымына қатысты 1000-ға жуық кітап орналасқан. Бұл портал арқылы бір мезетте миллиондаған оқырман өзіне қажетті мағлұматпен танысады. Сондай-ақ, оқырмандар тіл мәселесі жайындағы мақа­лаларын, ашық пікірін жариялай алады, – деді Ш. Шаяхметов атындағы Тілдерді дамытудың республикалық үйлестіру-әдістемелік орталы­ғының директоры Ербол Тілешев.

Тіл туралы жиында тұсауы кесілген әрбір сайттың өз ерекшелігі бар. Мәселен, «Termincom.kz» сайтында терминологиялық лексиканы біріздендіру, қорды толықтыру, атауларды қазақ тілінің нормаларына сәйкес реттеу көзделсе, «Atau.kz» сайтында еліміздің барлық өңір­леріндегі елді мекендердің атаулары, көшелері қамтылған. Бұл ономас­тика саласындағы қордаланған мәселелерді шешу­дің бір тетігі болмақ.
Шара барысында елімізге белгілі зиялылар сөз алып, ойларын жеткізді. Әсіресе, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, қарымды қаламгер Сауытбек Әбдірахмановтың айтқан пікірі көңілге қонымды. «Қазіргі біздің тілімізге төніп тұрған қауіптің бірі – жазудан бұрын сөйлеу. Ел тәртіпке түсу үшін, тіл тәртіпке түсу керек. Бүкіл әлем орфография бойынша жазады, орфоэпия бойынша сөйлейді. Біздің журналистер сингармонизм заңдылығын ұмытып, көгілдір экран бетінен сөздің жазылуын қаз-қалпында оқып жүр. Алдағы таңда жаңа портал осындай олқылықтарды түзетуге ат салысса деген ұсыныс бар» деді ол.

Азамат ЕСЕНЖОЛ

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button