Мәдениет

МЕРЕЙТОЙЛЫҚ МАУСЫМ «ШЫҢҒЫСХАНМЕН» ашылады

IMG_4114

Астанадағы Жастар театры жаңа маусымының шымылдығы 2 қазан күні түріледі. Мерейтолық Х маусымды өнер ұжымы Ш.Айтматов пен Ә.Кекілбаевтың «Шыңғысхан» әфсанасымен ашады.

Қойылымның режиссері – Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, театрдың көркемдік жетекшісі әрі бас режиссері Нұрқанат Жақыпбай.
2007 жылы еңселі елордамызда бой көтерген Жастар театры дәл осы қойылыммен өнер әлеміне қадам бастаған болатын. Ал арада үш жыл өткенде аталмыш қойылыммен ІІІ халықаралық Орталық Азия елдерінің театрлар фестиваліне қатысып, «Үздік режиссер» және «Шыңғысханның үздік рөлі» аталымдарында жүлдеге лайық деп танылды.

Жарты әлемді жаулаған жа­һан әміршісі нендей күштің алдында дәрменсіздік танытты? Соңғы демі үзілгенше айналасын қаһарымен қал­тыратып келген ұлы қа­ған­­ның ажалы нәзік әйел­ден болды десе, сенер ме едіңіз? Маңдайға жазылған тағдырдан пенде біткеннің қашып құтылуы мүмкін бе? Шың­ғысханның тылсымға толы талайлы тағдырын оқиға өзегіне айналдырған қойылым осындай сауалдарға жауап іздейді. Өмір мен өлім, нәпсі мен сабыр, ақиқат пен аңыз арасындағы адам баласы түсініп болмас тылсым сырлар көрерменді бейжай қалдырмасы анық.

Жастар театры мен Аста­надағы М.Горький атындағы мемлекеттік академиялық Орыс драма театры Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығының 25 жылдығына орай Беларусь Республикасының Брест қаласында өтетін «Белая Вежа» ХХІ халықаралық
театр­лар фестиваліне жолдама алғандығын да айта ке­тейік. Жастарлықтар бұл фес­­тиваль көрермендері мен қазылар алқасының назарына осы «Шыңғысхан» әфсанасын шығармақ. Ал горькийліктер «Язычники» драмасымен су­сындатпақ. «Белая Вежа» фес­тивалі 9-16 қыркүйек ара­лығында өтеді.

Аманғали ҚАЛЖАНОВ

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button