Жаңалықтар

ҒҰМАР ҚАРАШ ҒИБРАТЫ

Елорда төрінде Ғұмар Қараштың есіміне көше берілген. Бұрынғы Акмолинская көшесі 2007 жылдан бері айтулы тұлғаның атымен аталады. Астананың тарихи ауданында орналасқан көшенің ұзындығы – 1155,1 м. Ол Әзірбайжан Мәмбетов көшесінен басталып, Асанқайғы көшесінде аяқталады. Қазіргі уақытта Ғұмар Қараш көшесінде қаланың ескі және жаңа келбетін қатар көруге болады. Кішігірім ескі үйлерден басталған көше зәулім үйлермен жалғасып, жаяу жүргіншілерді Есіл жағалауына жетелейді.

 

ХХ ғасыр басындағы қазақ тәуелсіздігі, Алаш бостандығы үшін тер төккен тұлға – Ғұмар Қараш. «Қазақстан» газетіне жарияланған өлеңдері мен мақалаларында адамдардың білімсіздігін, жалқау­лығын, салғырттығын сынады. Халқын өнер мен ғылым үйренуге үндеді. Бірақ көрнекті діндар ақын, ойшыл-философ, араб, парсы, түрік, татар, башқұрт тілдерін жетік меңгерген ғұлама-ахунның есімі кейінгі ұрпаққа жете таныс емес.

 

ДҮМШЕЛЕР СЕКІЛДІ ДІНМЕН ШЕКТЕЛМЕДІ

Ғұмар Қараш жайлы көз көрген замандастары Сәкен Сейфуллин де, Сәбит Мұқанов та өз еңбектерінде жан-жақты жазды. Сәкен «Тар жол, тайғақ кешу» атты тарихи романында Ғұмар Қараштың Алашорда ісіне бар ықыласымен атсалысқанын, Әлихан Бөкейхан екеуінің пікірлес, үндес, үзеңгілес дос болғанын келтіреді. Ал Сәбит Ғұмардың «Өрнек» деген кітабына тоқталып, сол кездегі әдеби үдерісте бұл жазбаның діни тұрғыда биіктен көрінгенін тілге тиек етеді. Классик жазушының: «Алашорда партиясының молдасы» деп беріп кеткен бағасы да бүгінде құндылығын жойған жоқ.

Ғұмар Қараштың қысқа да нұсқа аты-жөнін білгенмен, Алашорда Үкіметіндегі саяси қызметінен, журналистік шеберлігінен, ислам дінінің дұрыс насихатталуына атсалысқан ерен еңбегін көпшілік біле бермейді. Зерттеуші Есмағамбет Ысмайылов Ғұмарға Абайдан кейінгі дәуірдің ірі ақыны ретінде жоғары баға береді. «ХХ ғасырдың қазақ әдебиетінде іргелі орын алатын, классик ақын, жазба, көркем әдебиетін дамытуда, әдебиет тілін қалыптастыруда Ғұмардың еңбегі ерекше. Ғұмар – үлкен суретші, шебер, көркем сөздің ұстасы» дейді ол.
Дін негізі – сенім. Оның ішінде, бес уақыт намазды өтеп, бос жүру емес, исламның биік шыңына ұмтылу деген Ғұмар Қараш ұлт ісімен шұғылданумен бірге діни білімін толықтыруын да тоқтатқан жоқ. Өмірінің соңына дейін Аллаға деген сенімді насихаттады. Дін мен ғылымның бір-біріне еш кедергі келтірмейтінін дәлелдеп жазған, зерттеген, сонымен бірге, өз амалымен үлгі көрсеткен санаулы тұлғаның бірі – осы Ғұмар Қараш.

Ғұмар Қараш 1875 жылы Батыс Қазақстан облысы, Жәнібек ауданы, Құрқұдық мекенінде дүниеге келген. Ғұмар бес ағайынды екен. Әкесі Қараш үш баласына да атақты сахабалардың есімін беріп, ұлдарын Оспан (Осман ибн Аффан), Сыдық (Әбу Бәкір Сыддық), Ғұмар (Омар ибн Хаттаб) атапты. Одан өзге Арыстанбек атты ағасы, Рақила есімді әпкесі болған. Әкеден жеті жасында жетім қалған Ғұмарды ауқатты ағайындары Жанша атты молдадан қара тануға береді. Одан кейін мешітке имамдық еткен сол кездегі указной молда, өзінің аттасы Ғұмар Жазықұлының шәкірті болады. Жастайынан зерек, білімге құмар жас – ары қарай оқуын Қашғари молданың мектебінде жалғастырады. Ғұмар Қараш өмірін зерттеуші Мұстафа Ысмағұлов: «Екі молдадан алған біліміне қанағат қылмаған зерек Ғұмар, одан әрі Ысмағұл Қашғари молданың мектебінде білім толықтырады. Ақыры Борсыға таяу Жалпақтал қыстағында «мешіт ашып, молда болады» деген куәлік алады да, өз ауылы Қарақұдыққа молда болып келеді. 1900 жылдары қазіргі Қазталов ауданына қарасты Қараоба жеріндегі Тіленшісай мекенінде қостаңбалы ноғайқазақтар арасындағы жанында медресесі бар мешітке ауысып, бала оқытуды» деп жазады.

 

Кейін үлкен ғалымға айналған Ғұмар Қараштың ілім іздеуі осы медреселермен де тоқтап қалған жоқ. Оның ары қарай да білімін жалғастырғаны жөнінде таласты пікір көп. Біреулер Уфадағы медресені бітірген десе, енді біреулер Ыстамбұлдан оқып келгенін айтады. Уфада оқығаны жөнінде нақты дерек башқұрт ақыны Шәехзадә Бабичтің таңдамалы өлеңдер жинағында «Гомәр Қараш Уфадағы «Галия» мәдрәсәсен тәмамлаган» деп жазылған. Ақын шығармашылығына үңілсек, өзінің өлең-толғауларында, көсем сөздері мен мақалаларында тек заманның ғана емес, өмір, дін-шариғат, табиғат, махаббат, тағы басқа мәселелер туралы толғанады. Патша өкіметінің отарлаушылық саясатын сынап, жергілікті әкімдердің екіжүзділігін мінеп, оларды халыққа адал қызмет етуге үндейді.

 

АЗАТТЫҚ ЖОЛЫНДАҒЫ АРМАНЫ ОРЫНДАЛДЫ МА?

Ғұмар Қараш 1911-1913 жылдары «Қазақстан» газетінде жұмыс істейді. Деректерге сүйенсек, сол жылдары Орынбор қаласында Шәңгерей Бөкеевтің қамқорлығымен, ел аузынан жинаған әдеби мұраларды құрастырып, «Шайыр», «Көксілдер» атты екі жинақ жариялаған. Оның «Бала тұлпар», «Қарлығаш», «Тумыш», «Ағатұлпар», «Тұрымтай» деп аталатын бес поэзиялық, «Ойға келген пікірлерім», «Өр­нек», «Бәдел қажы» дейтін үш зерттеу кітабы жарық көрген.
Қайраткер 1916 жылы бөкейліктер атынан Петерборға барып «Астрахан қазағы басып алған жерді және тиесілі жерді қазаққа орнымен бөліп бер» деген өтініш хатты бас министрге тапсырады. 1917 жылғы Ақпан төңкерісінен кейін ұйымдасқан «Алаш» партиясына, Алашорда Үкіметіне үлкен үмітпен қарап, «Алаштың азаматтарына», «Неден қорқам?», «Күн туды» атты арман мен үмітке толы өлеңдерін жариялайды. Осы жылы Ордада өткен Бөкей қазақтарының сьезіне қатысады. Алаш партиясы құрылатын бірінші жалпықазақ сьезінің де, Алаш автономиясы жарияланатын екінші жалпықазақ сьезінің де ұйымдастыру және өткізу жұмысына белсене қатысады. Өмірлік мәселелер мен діни ахуалды күн тәртібіне қойған Алашорда үкіметі – Ұлт кеңесі анықталатын екінші сьезде қази болып сайланды. 1918 жылы Ордадағы педагогика техникумында сабақ береді. Сол жылы қыркүйекте Бөкей губерниясының мұғалімдер сьезіне қатысады. 1918-1920 жылдары губерниялық кеңестердің төрт сьезіне делегат болады. Мұнда мағыналы сөз айтады. 1919 жылы Бөкей губаткомында істейді. Өзінің кіндік қаны тамған өлкесінде, Бөкей ордасында жастарға, үлкендерге сабақ беріп, дін мен ғылымның байланысын паш етті. Ақынның мұндай білім мен ғылымдағы еркіндігі, көкжиегінің кеңдігі кейбір дүмше молдаларға ұнаған жоқ. Дәл осы жылдары қази Орал өңірінде «Дұрыстық жолы» атты газет шығарып, сонда журналистік қызмет атқарғанын көпшілік біле бермейді. Аты айтып тұрғандай, ақын осы газетте «Алаш» партиясының жұмыстарын көрсетіп, азаттыққа апаратын ең дұрыс жолды имани біліммен дәлелдеді. Сонымен бірге, 1919 жылы «Мұғалім» деп аталатын қазақтың тұңғыш педагогикалық журналына бас редактор болды. Ол осы журналда «Педагогика» атты еңбегін жариялайды. Сонымен қатар «Дұрыстық жолы» газетінің алқа мүшесі әрі тілшісі болады.

1920 жылы маусымда Бөкейдің II губерниялық партконференциясында губкомның пленум мүшесі, ал сол жолы I пленумда губкомның үгіт-насихат бөлімінің меңгерушісі болып сайланды. Қайраткер жаңа қоғам жұмысына белсене араласып, халық қамқоршысы ретінде танылды. Ол коммунистік идеология күшейіп, мыңғырған мал ұстаған дәулеттілер жаппай қудалауға түсетінін білді. Ал мұндай қырғын жүзеге асса, қазақ ұлтының да басына ауыр күн туады. Бірақ алашордалықтардың бостандыққа ұмтылысы мұқалмайтын ерік-жігерді, өршіл рухты талап етті. Ғұмар ақында бұл қасиет болды. Ол өз өлеңінде айтқанындай «әрбір істе қазақтың иісін» сезінгісі келді. Әрине, қызыл жендеттер қазақ иісіне жол берген жоқ.
Ақын Алашорданың ең білімді молдасы болса да, дінмен шектелмеді. «Алаш» партиясының алға басуына атсалысты. Қайраткер қазақтың азаттығын, тәуелсіздігін көргісі келді. «Іс қылсаң қылатын, ел болсаң болатын» Алаш күні туар сәтті күтті. Өкінішке қарай, Алашорда үкіметінің қазиы көкейдегі ең асыл арманын жүзеге асыра алмай кетті.

 

КӨЗІН ЖОЙҒАН КЕҢЕС ӨКІМЕТІ МЕ?

Ғұмар Қараш елуге таяған жасында 1921 жылы 12 сәуірде жандалғыштың қолынан көз жұмды. Ал енді бір пікірлер Кеңес өкіметіне теріс пиғылы үшін қызылдардың арнайы жандайшаптары өлтірген болуы мүмкін дейді. Ал ақынның немересі Надежда Қарашева: «Ғұмар атамыздың қалай өлгенін, қай жерде кім өлтіргенін мен анық білмеймін. Атамның үлкен баласы, Басыр ағамнан сұрағанымда былай деп жауап бергені есімде: «Атаңды бандылар далада келе жатқанында шапқылап, қылышпен кескілеп өлтіріпті. Аты ауылға бос қайтқан соң, ауылдастары ақынның бір пәлеге ұшырағанын түсініп, ауыл болып іздеп шыққан. Сөйтіп көп кешікпей «Құнаншапқан» деген жерден дене қалдықтарын тапқан» деген екен. Басыр ағамның осы сөзіне сенемін». Зерттеушілердің әртүрлі пікірін оқыдым, меніңше, дұрыстыққа жақыны – ағамның айтуы деп жауап беріпті сұрағандарға.

Ғалымның баласынан қалған тағы бір дерек – оның қызылдар қолынан қайтыс болғанын қуаттайды. Кеңес үкіметінен қорыққан жұрт кінәні ақтарға аудара салған деседі. Ғұмар Қараш өзге Алаш зиялылары секілді жаппай репрессиялау кезеңіне дейін өмір сүрмеді, қапияда жау қолынан мерт болды. Көзі тірі тұрса, оның да «Халық жауы» болып, атылып кететіні сөзсіз еді. Өйткені, оның өзін қараламаса да, Кеңес өкіметі артында қалған сөзін, өлеңдерін, кітаптарын репрессиялады.

Наима Нұралықызы

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button