Басты ақпаратКерек кеңес

Кибербуллинг қатері: нені білуіңіз керек?

Кибербуллинг. Соңғы уақытта бұл сөз жиі айтылып жүр. Интернетпен ере келген ұғым қазіргі күннің қатерін білдіреді. Еліміздегі әрбір бесінші бала кибербуллингтің қатысушысы немесе зиян шегушісі болып табылады. Ресми деректерге сүйенсек, елімізде өткен жылы 143 жасөспірім желідегі жауыздықтан өз-өзіне қол жұмсаса, 306 кәмелетке толмаған бала арам ойлы аккаунт иелерінің құрығынан құтқарылған. Қазақстандағы 14-15 жастағы жасөспірімдердің 12 пайызға жуығы осы кибербуллингтен запа шеккендер қатарында. Жымысқы ойы бар жүзіқаралар әлеуметтік желі мен түрлі месенджерлерде оқушылардың ар-ұятын төгіп, қорқытып, бопсалап, зорлық көрсеткен.

Негізінен, кез келген адамның кибербуллинг құрбанына айналуы әбден мүмкін. Әлеуметтік желіде аузына келгенін айту арқылы адамның намысына тиіп, өмірден түңілдіретін жағдайға жеткізетінін көріп жүрміз. Бірақ заңнамамыздан виртуалды әлемде теріс пікірден, зорлықтан, әлімжеттіктен қорғайтын ережелер тұрмақ, кибербуллинг терминін де таппайсыз. Сонда өлімге дейін апаратын қатерден қалай қорғанамыз? Кибер шабуылшылар кімдер және оларға не керек? Жалпы «кибербуллинг» туралы білуіңіз керек мағлұматтардың маңыздыларын тарқаттық.

 

МЕН ҚАЛАЙ КИБЕРБУЛЛИНГЕ ҰШЫРАДЫМ…

Жалпы адамды интернетте, әлеуметтік желі мен түрлі мессенджерлерде қорқытып, зорлық көрсету кибербуллинг деп аталады. Бірақ бұл тәсілмен шабуыл жасайтындар негізінен кәмелет жасына толмаған мектеп оқушыларын нысанаға алады. Өйткені, қорғансыз балалар қорыққанынан өзіне қысым жасалып жатқаны туралы ешкімге айтпайды. Тіпті, ата-анасы мен жақындарына тіс жармай, шабуылшының айтқанынан шықпайды.

Аты-жөнін жарияламауымызды сұраған елорда тұрғыны 1 жыл бойы өз сыныптастарының мазағына айналып, мектепте де әлеуметтік желіде де қысым көргенін айтты. Ақырында 9-сыныпты тәмамдап, колледжге оқуға түсіпті. Қазіргі таңда буллингке, кибербуллингке төтеп бере алатын иммунитет қалыптасты, «ешкім мені ренжіте алмайды» деді кейіпкеріміз.

«Үш мектеп ауыстырғанмын. Соңғысында жаңадан оқушы болып барғанымда ортаға сіңісіп кете алмадым. Дұрысы, мені қабылдамады. Бір қызбен сөзге келісіп қалып, төбелесуге дейін барғанбыз. Содан бастап сыныптың қыздары ғана емес, ұлдар да маған қарсы шығатын болды. Мазақтап, түртіп кететін, менің тарапыма неше түрлі былапыт сөздер айтатын. Ата-анама ол туралы айтқым келмеді. Сөмкемді тығып тастайды, спорт киімдерім жоғалды. Ең жаманы, менің атымнан WhatsApp-қа тіркеліп, мұғалімдерге, таныстарыма интимді бейнероликтерді жібіретін. Instаgram-да менің атымнан парақша ашып, сол жерге ойына келген сурттер салады. Фотошоп деген бар ғой, суреттерімді өңдеп, мектептің ортақ топтарына, WhatsApp чаттарына салған, өзімнің фотошоппен өңделген анайы фотоларымды көргенде өмірден түңіліп кете жаздадым талай. Мұны сырттағылар білмейді, сынып ішінде болып жатқан әлімжеттік қой. Ешкіммен араласпадым, бір рет анама айтқым келген бәрін, бірақ онсызда колледжге оқуға түсесің, сол жерде бітіріп шығасың деді. Жалпы әр сыныпта әлсізі болады, басқалары соның үстінен күледі. Мазақтап, әлімжеттік көрсетеді. Сондықтан мен де көніп бағуға, шыдауға тырыстым. Суицид жайлы ойланған кездерім де болды. Бірақ анамның денсаулығы нашар, сондықтан одан сайын жағдайды ушықтырмайын деп үндемедім. Үш ай болды, одан кейін басылды. Бірақ 1 жыл бойы ешкіммен араласпадым, сабаққа деген ынтам болмады» деп оқиғасымен бөлісті.

Мектепте буллинг жасалса, сабақ аяқталған соң ол тоқтайды. Ал кибербуллингке қатысты алдын ала шара қолданбаса, оның ішінде өкілетті ұйымдарға хабарласпаса, үнемі әлеуметтік желі арқылы қудалап отырады, қысым көрсетеді.

Бүгінде балалардың қолынан смартфон түспейді. Телефон қолына тиген бала бірінші әлеуметтік желілерді ақтарып, өзіне парақша ашып, жасынан да, жынысынан да бейхабар «достар» іздей бастайды. Бірі ермек үшін әңгіме-дүкен құрса, енді бірі арам оймен баланың сеніміне кіруге тырысады. Олар алдымен түрлі ойындар арқылы баланы қызықтырады. Одан соң бала туралы мәліметті жинап алып, бірте-бірте қорқыту, бопсалау, сендіруге көшеді. Ақыр соңында аңқау бала жалған аккаунт иесінің айтқанына көніп, айдағанына жүретін деңгейге жетеді. Осындай «достықтың» соңы баланың өз-өзіне қол жұмсауымен аяқталған қайғылы оқиғалар көп.

«Алғаш рет видеоролигімді желіге жүктегенде өте көп жағымсыз пікір болды. Ата-анам оны оқуға, көруге тыйым салды. Өздері екі күн ұйықтай алмады. Қатарластарым емес, үлкен азаматтар денең түршігетін нәрселерді жазғанда түсіністік таныту қиын екен. Мені кибербуллинг қатайтты. Қазір кез келген жағымсыз пікірді елемеуді үйрендім» дейді блогер Зарина Кенжебаева.

Жалпы адамды интернетте, әлеуметтік желі мен түрлі мессенджерлерде қорқытып, зорлық көрсету кибербуллинг деп аталады. Кибербуллингке кез-келген адам тап болуы мүмкін. Бірақ бұл тәсілмен шабуыл жасайтындар негізінен кәмелет жасына толмаған мектеп оқушыларын нысанаға алады. Өйткені, қорғансыз балалар қорыққанынан өзіне қысым жасалып жатқаны туралы ешкімге айтпайды. Тіпті, ата-анасы мен жақындарынатіс жармай, шабуылшының айтқанынан шықпайды

Иә, елге белгілі, желіге жұмысы тәуелді адамдар үшін кибербуллиг қауіпті.

«Маған осындай буллингке тап болған кісі жүгінді. Оны осыдан 25 жыл бұрын бірге оқып кеткен сыныптастары күні бүгінге дейін шеттеді екен. Сыныптастар отбасыларымен араласады ғой, жиналғанда үнемі сол кісіні мазақ қылады, күледі, әрдайым келеке қылады. Әлеуметтік желілердің ортақ чаттарында соны жамандайды. Мектепте оқып жүргенде ондай болмаған. Әбден үлкейіп, өз өтбасын құрған кезде осындай жағдайға тап болып отыр» деді психолог Серікгүл Сали.

Тіпті кибербулингпен айналысатын топтар да бар. Олар интернет-қауымдастық құрып алған, мүшелері тек ойын-сауық үшін кибербуллингпен айналысады. Кез-келген пайдаланушы осындай қауымдастықтың веб-сайтына кіріп, жәбірленушіні және қандай себеппен қудалау керегін көрсетеді. Әрі қарай ойы бір жерден шығып отырғандар бір кісіге жапа тармағай, жармаса кетеді. Әлеуметтік желілерде жағымсыз пікірлер жазып, суреттерін фотошоппен бұрмалайды. Оны группаларға таратып, әбден масқаралайды.

Кибербуллинг өз құрбанына аптаның жеті күнінде де, тәулігіне 24 сағат бойы соқтығады, адамның өзін қорғауда екенін сезіне алатындай кеңістік пен уақыт қалдырмайды. Шабуыл жанын ауыртатындай және кенеттен болуы мүмкін. Электрондық хабарламаларды бақылау және сүзгіден өткізу күрделі болғандықтан, тиісіп отырған адамы үшін мұның бәрі кездейсоқ болады да, ауыр психологиялық күйге ұшыратады. Кибербуллинг қолданатын адамдар жасырын болып, қала береді. Жасөспірім өзін кім аңдып жүргенін білмейді және қауіпті ұлғайтып көрсетуге бейім келеді. Аңдушылардың аты-жөнінің жасырын болуы үрей әсерін күшейте түседі. Кибербуллинг әртүрлі буынға бірдей қатты әсерін тигізеді. Жасөспірім ғана емес, мәселен мектеп мұғалімі де оның құрбанына я мүшесіне айналуы мүмкін.

 

НЕ СЕБЕП?

Психологтар кибер шабуылшылардың психологиясын төртке бөліп қарастырады. Бірінші, өзі кибербуллингтің құрбаны болған адамдар. Яғни, «кек қайтарушышылар» өздерінің басынан өткен қиын жағдайдың есесін өзгенің есебінен өндіреді. Кибербуллинг салдары бейсаналы түрде тұлғаны сондай әрекетке баруға итермелейді. Келесі, ортасында барлығына өзінің шексіз билігін жүргізуге ұмтылыстан барады екен. Билікті, басқарғанды жақсы көретіндер кибербуллинг ұйымдастырушылары болып келеді. Кейде мұндай қадамдарға отбасында ата-анасының ажырасуы немесе толық емес отбасында өмірге көңілі толмай өскен тұлғалар жиі баруы мүмкін. Үшінші типке өзгені кемсіту, қорқыту және мазаққа айналдыру арқылы өзінің эгосын тояттандыратындар, көңіл көтеретіндер жатады. Сонымен қатар өз ойы жоқ, көпшілік не айтса, соны қолдай кететін я даттайтындар. Олар көпшіліктің теріс пікірі арқылы басқаларды қудалап жатқанын өздері де аңғармай қалады.

Сіз білесіз бе? Кибербуллинг жасаушылардың арасында ақшасын төлеп, боттар жалдайтындар да бар. Сондықтан сіздің тарапыңызға келген 1045 жағымсыз пікірге назар аударудың қажеті жоқ. Бір адам әртүрлі атпен 30 жалған түрлі аккаунт ашып, сізге шабуыл жасайды. Сіздің көңіліңізге қайткен күнде де кірбің түсіріп, абыройыңыздан айырғысы келген біреу сондай боттың онын жалдаса, әрқайсысы күн демей, түн демей кері пікір жазып отырса, болмашы нәрсе де төбеңізден үйірілген қара бұлттай көрінеді.

 

УШЫҚСА, ҚҰҚЫҚ ҚОРҒАУШЫҒА ЖҮГІНІҢІЗ

Психолог Серіккүл Сали «кибербуллинг ұзаққа созылатын процесс емес, өйткені интернет ортада жаңалықтар мен құбылыстар тез өзгереді» дейді.

«2-3 күн өзекті болған нәрселер ұмытылып кетіп, халық назары басқа мәселеге ауады. 2-3 күн, 1-2 аптаға созылған кибербуллингке төтеп бере алмау – ол психикалық тұрақсыздық, осалдық, әлсіздік» екенін айтты маман. Сонымен қатар психолог кибербуллингтің көзіне жоюға әбден болады дейді. Бірақ желіде зорлық-зомбылықтың әртүрлі түрлеріне қарсы тұру мәдениетін де қалыптастыру керек. Егер де құрбыңыз басынан өткен оқиғасын айтып отырса, сіз оны түкке тұрғысыз, мән берме, бұл желідегі нәрсе ғой, десеңіз жағдай одан сайын ушыға түседі дейді. Себебі шынайы өмір мен виртуалдысы қатар тұрған заманда киберббулингті назардан тыс қалдырмау керек. Құқық қорғау­шылырға жүгіне аласыз.

Кибербуллингке тап болған адам, ең алдымен, аккаунтын үшінші тұлға кіре алмайтындай жабуы керек. Сондай-ақ әлеуметтік желі әкімшілігіне балағаттау және қорлау мақсатында жазылған пікірлердің скриншоттарын жіберіп, фактіні растау керек. Бұл әрекеттер тиімсіз болған жағдайда, құқық қорғау органдарына немесе компьютерлік инциденттерге әрекет ету қызметіне kz-cert.kz өтініш жазу немесе «жедел желіге» 1400 нөміріне хабарласу қажет. Құқық бұзушылық пен залалдың нұқсанына байланысты әкімшілік, азаматтық-құқықтық және қылмыстық жауапкершілік көзделген.

 

ӘЛЕМ ҚАЛАЙ КҮРЕСЕДІ?

Британ мектептерінде интернет-тролльдардан қорғануға арналған пән бар. Сабақтарда оқушыларға желідегі ізге түсуге қалай жауап беру керектігін және соның әсерінен күйзеліске қалай ұшырамауға болатындығын түсіндіреді. Биылдан бастап Германияда кәмелетке толмаған балалармен порнографиялық сурет алмасқан, анайы әңгіме жүргізген қолданушылар үшін жаза тіптен қиындады. Егерде бұрынғы заң бойынша, баламен сексуалды сипаттағы әңгіме құрған азаматтар қылмыстық жазаға тартылса, қазіргі заң бойынша жұмыс бабымен баланың атынан аккаунт ашқан полиция қызметкерімен анайы әңгіме құрғаны үшін де желі қолданушысы қамауға алынады. Германияда ересек адам он жылға дейін бас бостандығынан айырылады, жасөспірім бес жасқа дейін немесе мәжбүрлі жұмыс түрінде жазаланады.

Көптеген мемлекетте кәмелетке толмаған балалардың әлеуметтік желідегі қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында біраз заңдар қабылданған. Соның бірі – 2000 жылғы Children’s Online Privacy Protection Act заңы. Аталған құжаттың аясында виртуалды әлемде балаларды теріс пікірден, зорлықтан, әлімжеттіктен қорғайтын ережелер қарастырылған. Өкінішке қарай, Қазақстанда ондай бөлек құжат жоқ.

Оңтүстік Кореяда 2007 жылдан бері интернеттегі қудалаумен күресетін арнайы заң бар. Германияда кибермоббинг ұйымдастырған ересек адам 10 жылға дейін, жасөспірім 5 жылға дейін жаза қолданылады. Интернетте басқа баланы қудалаған кибербуллерді түзету жұмыстарына тарту да қарастырылған.

Норвегияда әлеуметтік желілердегі жарнамалық роликтерге, суреттерге «ретушь» қолдануға, яғни фотоны әрлеуге тыйым салынды. Заң Instagram, TikTok, Facebook, Snapchat және Twitter-де жарамды. Яғни, кибербуллингтен, желідегі жағымсыз пікірлерден қорғану үшін көпшілік фильтр қолданып, суреттерін өңдеуге үйреніп кеткен. Енді компаниялар жарнамалық роликтеріне, суреттерінде табиғи сұлулықты көрсетуге ұмтылады. Осылайша халыққа жасандылық емес, табиғи келбетті көретуге шақырады.

Жақында бір танымал косметикалық компания Instagram парақшасына бетіне безеуі көп модель түскен жарнамалық сурет жүктеді. Сонда желі қолданушылары модельдің бет-жүзін сынға алып, оны әбден жерден алып, жерге салды. Бірақ компания өз қызметкерін қорғап, суретті өшірген жоқ. Бұл нені білдіреді? Олар осындай әрекеті арқылы ешкімнің мінсіз емес екенін көрсетуді, халыққа жеткізуді мақсат етіп отыр. Яғни, кез келген желі қолданушысы бейсаналы түрде кибербуллинг жасайды.

Таяуда Facebook қудалауды алдын алу орталығын қайта жүктеді. Бұл ақпараттық ресурс қолданушыларға кибербуллингтен өзін және жақындарын сақтандыруға мүмкіндік береді. Пікірлерді модерациялау қызметі, бейтаныс адамды банға тығу сияқты қосымша қызметтер тағы бар. Бұл тұрғыдан әлеуметтік желі мамандары жыл сайын буллингтен сақтандыру амалдарын жетілдіріп келеді.

Жақында Instagram-ға limits функциясы енгізілді. Бұл теріс пікірлер мен хабарламалар ағынын шектеуге мүмкіндік береді. Яғни, желіде танымал адам кибербуллингке ұшыраса, жағымсыз пікірлер жазылса, инстаграм автоматты түрде пікір білдіру функциясын уақытша тоқтатады. Сонымен қатар ол кісінің парақшасына бұрыннан тіркелмегендер хабарлама жібере алмайды. Сондай-ақ тамыз айының соңында тағы бір функция қолжетімді болады. Сізге қорқыту, бопсалау форматындағы жеке хабарламалар келетін болса, олар автоматты түрде жасырын ұяшыққа орналастырылады.

Көптеген мемлекетте кәмелетке толмаған балалардың әлеуметтік желідегі қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында біраз заңдар қабылданған. Соның бірі – 2000 жылғы Children’s Online Privacy Protection Act заңы. Аталған құжаттың аясында виртуалды әлемде балаларды теріс пікірден, зорлықтан, әлімжеттіктен қорға»тын ережелер қарастырылған. Өкінішке қарай, Қазақстанда ондай бөлек құжат жоқ.

Бұған дейін Instagram буллингке қарсы «Шектеу» (Restrict) функциясын енгізген болатын. Функция арқылы ұнамсыз қолданушы жазған пікірлерді шектеуге болады. «Шектеу» функциясы арқылы белгілі бір қолданушының пікірлерін өзгелерден жасырып қоюға болады. Ол пікірлерді шектеу қойған қолданушы мен шектеу қойылған қолданушы ғана көре алады. Осылайша ол өзіне «Шектеу» функциясы қолданылғанын көре алмайды.

 

ОРТА АУЫСТЫРҒАН ОРЫНДА

Ұлыбританияда мұғалімдер кибербуллингтің барлық түрлерін болдырмау үшін арнайы дайындықтан өтеді. Францияда мұғалімдер оқушылардың блогтарын қадағалап, зардап шеккендерге көмектеседі, агрессорлар мектептен шығарылады. Канадада мектептерде кибербулингтің алдын алу әдістемелерімен 130 зерттеуші ғалым кіретін ірі ұйымдар айналысады. Жапонияда 2013 жылдан бастап қорлаудың алдын алу шараларын дамыту туралы заң бар. Әрбір мектеп қорлауды болдырмау үшін мектеп саясатының негіздерін өз бетінше әзірлеуі тиіс.

«Балалар арасында біреуді даттауға, келемеждеуге дайын тұратын агрессорлары болады. Өзгелерден ерекшеленетін, ұйымдастырушылық қабілеті жоғары бала, бір сөзбен айтқанда лидерлер. Ата-ана, мектептегі мұғалімдер осындай бойында көшбасшылық қабілеті бар балалармен жақсы жұмыс істесе, іс насырға шаппайды. Ал егер, дұрыс тәрбие болмаса ондай балалар теріс жолды таңдап, буллинг ұйымдастырғысы келіп тұрады. Сондықтан әрбір ата-ана баласы ерекше қабілеті бар, дарынды болса, міндетті түрде екінші бір балаға зиянын тигізбейтіндей етіп өсіруі керек. Үйде дастархан басында балаңыздың достарын сұраңыз, қандай қарым-қатынаста, қай досын ұнатпайтынын да біліп алыңыз. Неге ол танысын я досын ұнатпайтынын біліп алуыңыз керек. Бұл әңгіме балабақшадан басталады. Сұрақ ешқашан тікелей қойылмауы керек, балаңыздың айтып жатқанына құлақ түріп, қызыға қарап, досындай әңгімеге тартсаңыз, ол ашыла түседі. Баламен сөйлесу керек, сырласа білуі керек. Ата-анасына айта алмаса, туыстарының арасында жақын жанашыры болады. Өзіміз де жасы кішіге жанашыр болуға ұмтылуымыз керек» дейді психолог.

«Булингке, кибербуллингке ұшырау бала психологиясына өте үлкен зиянын тигізеді. Балада психикасының дамуы тежеледі, рухани әлемінің дамуы тоқтайды. Ата-ана ретінде балаңыздың кибербуллингке тап болғанын естісеңіз, мәселеге бей-жай қарамаңыз. Тіпті баланың оқып жатқан мектептен басқа білім ордасына көшіру қажет. Бұған мұғалімдер де булинг, кибербуллинг мәселесін жете қарауы керек. Мектеп директорына «менің балам сыныптастарының арасында буллингке тап болуда. Мәселені тезірек шешіп беріңіздерші» деп жүгінсеңіз, тиісті шара қолданылмаса, баланы басқа мектепке көшіру қажет. Себебі мектепте буллингтің орын алмауына мектеп басшысы мен мұғалімдер тікелей жауапты. Басшы үшін буллингтің болдырмау бірінші орында тұруы қажет. Сол үшін сыныппен бірге қыдырады, бірге тамақтанады. Буллингке жол берілмеген жағдайда ғана білім сапасы өте жоғары болады» деп кеңес береді психолог Серікгүл Сали.

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button