Жаңалықтар

Аз да болса саз жазды

Баламінез еді. Аңғал еді. Осы қалпында «жүрегінің түбіне кір жасырмай» (Мұқағали) өмірден өтіп, кете барды. Біреуге немесе бір нәрсеге өкпелегенде бала сияқты бұртиып: «Семейіме кетемін» дейтін. Туған жердің топырағын жамылғанына да үш жылға жуықтады. Пешенесіне бар болғаны 57 жас жазылған қазақ лирикалық прозасының белгілі өкілі – Талғат Кеңесбаевтың туғанына 60 жыл толды.

Оның есімі аталғанда, көзі қарақты оқырманның есіңе алдымен «Француз әтірінің иісі» хикаяты түседі. Бұл шығарма жазушының «паспортына» айналды. 1988 жылы республикалық «Жігер» фестивалінде лауреат атандырды. Арада екі жыл өткенде, осы атаумен алғашқы кітабы жарық көрді.

Жалпы қаламгер туындылары атауларымен-ақ оқырманды елең еткізеді. «Моцарт», «Лениннің бәтеңкесі», «Ах, Мона» секілді роман мен әңгімелері атауына бола оқуға сұранып тұрады. Талғат Кеңесбаев аз жазса да, саз жазды. Өмірінің кейінгі жылдары тарихи тақырыптарға қалам тербеді. Сондай шығармасының бірі де, бірегей де – «Түнде ұшқан қаршыға» повесі. Мұнда жазушы Семей топырағында Алаш идеясын қолдаған меценат Ике Әділұлын бас кейіпкер етіп алды. Бұл туынды «Ұлт болмысы» әдеби байқауында бас жүлдені иеленді. Автордың повесті романға айналдыру жоспары да болған. Өкініштісі, оған ғұмыры жетпеді.

Тағы бір соқталы шығармасы – «Қараңғы түннің жұлдызы» хикаяты. Осы туындының арқауына Шәкәрімнің «Ноқтаға басыңды ілсең, шыға алмайсың» сөзін арқау етіп алған қаламгер Алтайдың арғы жағында азаттық үшін арпалысқан Зуқа батырдың күрескерлік рухын суреттеді. Бұл хикаятымен батырдың 150 жылдығына орай өткен шығармашылық бәйгеде жүлдегер атанды.

Осындай бірді-екілі шығармасы болмаса, жалпы алғанда Талғат Кеңесбаевтың шығармашылығы сыншылар тарапынан лайықты бағасын алған жоқ. Бізге қарағанда қырғыз бауырларымыз қазақ қаламгерін көбірек құрметтеді. Шығармаларын қырғыз тіліне аударып, кітап етіп те шығарды. Жазушының бірнеше рет Алатаудың арғы жағына барып келгені де бар.
Бірақ «жұртым елемеді» деп мойығанын көрген жоқпыз. Қазақ елінің астанасында алшаң басып жүрді. «Астана ақшамы» газетінің редакциясына да жиі соғып тұратын. Сонда ақкөңілділігін, жан тазалығын байқап, бұрыннан таныс адамдардай араласып кеттік. Өзім деген адамға өзегін жұлып беруге даяр еді. 2014 жылы белгілі қылқалам шебері Камиль Муллашев жетпіс жастың жотасына шықты. Туған күні қарсаңында басылымымызда Талғат Кеңесбаевтың «Бояуы мың құбылған Муллашев әлемі» атты мақаласы жарық көрді. Автор мұны қаламына тән лиризммен жазып шықты. Мақаладан жазушының суретшіге деген үлкен құрметі байқалады. Қаламгердің ақ тілеуінің де септігі тиген болар, кейіннен қылқалам шебері Мемлекеттік сыйлықты иеленді.

Ұлы Абай, заңғар жазушы Мұхтар Әуезовпен бір топырақта туған Талғат Кеңесбаев «Семей атом» полигонының зардаптарын қолынан келгенше әшкерелеуге тырысты. 1989 жылдың ақпанында Жазушылар одағының бір жиынында ашына сөйледі. Сонда туған жерінде ақбөкендер қырылып жатқанын айтып, кейбіреулерге жақпай қалып, қуғынға ұшырады. Амалсыз ұстазы, көрнекті абайтанушы Қайым Мұхамедханұлына хат жазып, араша сұрады. Полигон тақырыбына «Қара шеңгел» повесін жазды. «Невада-Семей» қозғалысының жұмысына белсенді атсалысты.
Өткен ғасырдың сексенінші-тоқсаныншы жылдары қаламгерлердің «Аққұс» қауымдастығы болды. Ұйымның президенті көрнекті жазушы Оралхан Бөкей болатын. Қауымдастықтың Семей облысындағы төрағасы Талғат Кеңесбаев еді. Оралхан Талғаттың қаламгерлік қабілетін жоғары бағалады. Інісіне үнемі қолдау көрсетіп отыратын. Талғат та туып өскен өңіріңде әдебиеттің туын жоғары ұстады.

Семей топырағында сөз өнеріне талабы бар өзінен кейінгі буынды қолдап, қолпаштап отырды. Жалпы жастарды жақсы көріп, қамқорлығын аямайтын. Жастар да бір жақындықты сезініп, оған үйір еді. Мұны астанада да көрдік. 2014 жылдың ерте күзінде Ұлттық академиялық кітапхана жанынан «ТӘЖ» (Тәуелсіздік. Әдебиет. Жастар) қаламгерлер клубы құрылды. Талғат Кеңесбаев клубтың отырыстарына жиі қатысып, ақыл-кеңестерін айтып отыратын. «Қызыл жусан» атты журнал шығарып, жастар шығармашылығын насихаттайтын. Жазушы өмірден өткен соң да, оны негізінен жастар жоқтады. Қазір де сағынатындары байқалады. Күні кеше ғана Ержан Еңсебай, Заңғар Кәрімхан, Ербол Бейілхан, Қабиден Қуанышбайұлы сынды інілері Facebook желісінде сағынышты жазбаларын арнады.

Қаламгер фәниден бақиға көшкенімен, екінші ғұмыры жалғасып жатыр. «Гауһар» атты повесі желісімен телехикая түсіріліп, Qazaqstan ұлттық телеарнасынан көрсетілді. Жалпы шығармалары киноға лайық бір жазушы болса, бұл – Талғат Кеңесбаев. Жазушы әңгіме, повестерінде негізінен диалогтарды көп қолданған.

Аман-есен жүре тұрса, драматургияға да келер еді деп ойлаймыз. Оған алғашқы талпыныстарын да жасады. Біраз жыл бұрын «Ұста шал» атты екі көріністі драмасы Ақсуат халық театрында қойылды. Шәкәрім атындағы Семей мемлекеттік университеті жанынан студент жастар театры ашылғанда, басы-қасында жүрді.

Баяғыда белгілі жазушы Мархабат Байғұттың «Әдебиет пәнінің періштесі» атты әңгімесін оқыған едім. Талғат Кеңесбаевты өз басым проза періштесі деп атар едім.

Аманғали Қалжанов

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button