#Жаңа Қазақстан

Халықпен қайта қауышқан Наурыз

Наурыз – жыл басы, күн мен түн теңеліп, жердің беті бусанған көктемнің алғашқы айы. Қазақ халқы жылдың бұл мезгілін үлкен құрметпен әз-Наурыз деп атайды. Ол – түркі тілдес халықтардың ислам дәуірінен бұрын тойлаған ең ежелгі, ең ұлық мерекесі.

Қазақ халқы Наурызды қадым заманнан бері тойлап келгенімен, кеңес үкіметі ұлттық құндылықтарды халықтың санасынан алыстату мақсатында Наурыз мерекесіне ресми түрде тыйым салды. Біздің балалығымыз сол тыйым салынған кезеңдерге тура келді. Бірақ үкімет шектеді екен деп арда қазақ асыл дәстүрін біржола ұмытып кеткен жоқ. Мәселен, мен бала кезімде Наурызды үлкендердің қалай тойлағанын көргенмін, жер ошақ қазып, наурыз көже жасап, бұлақтың көзін ашатын. Алтыбақан құрылатын. Мен ойнап жүріп, абайсызда көп көже жасаған қазанға түсіп кетіп, аман қалған баламын. Ат жалын тартып мініп есейгеннен кейін қазақ зиялыларының Наурызды халықпен қайта қауыштыру жұмысының бел ортасында жүрдім.

Мен 1986 жылы «Лениншіл жас» газетінің редакторы болып келген кезде ең алдымен, көтерген түйіннің бірі – осы Наурызды қайтару мәселесі болды. Дегенмен, сол кезде «Лениншіл жас» газетінің бұрыннан келе жатқан бір жақсы дәстүрі бар екен. Яғни қазақтың үлкен жазушы, журналисі Сейдахмет Бердіқұлов газетті 16 жыл басқарған кезде 22 наурыз күні «Көктем нөмірі» деген тақырыппен газет көк бояумен шығатын. Бұл арада Наурыз деген сөз айтылмағанымен, халықтың санасына салып, жадында жаңғыртып отыру мақсатында көктем туралы өлең-толғау­лар жариялап отырған.

Мен газетке келгеннен кейін, осы «Көктем нөмірінде» айтулы ақын Мұхтар Шахановты шақырып, Наурыз төңірегінде бір бет сұхбат ұйымдастырдық. Сонда ақын осы мәселеге тоқталып, оның ешқандай да діни мереке емес екенін, халықтық сипаты бар, ұлтты ұйыстыратын бірліктің мерекесі екенін баса айтты. Осыдан кейін бізді қолдап жазған хаттар келе бастады, Наурыздың тарихын білетін зерттеушілердің, тарихшылардың да пікірін жинап, газет бетінде жариялап, жұртпен жүздестіріп отырдық. Көп ұзамай Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің идеологиялық хатшысы Өзбекәлі Жәнібеков шақырды. Материалдарымды жинап алып барсам да сескендім, бірақ ол кісі қолдады. Менің ойымша, осыдан кейін ол кісі Қазақстан Компартиясының бірінші хатшысы Геннадий Колбинге кіріп, бәрін түсіндірген болуы керек, көп өтпей Колбин Наурыз мерекесін атап өту туралы хат жазған Мұхтар Шахановты қабылдады. Сөйтіп, 1987 жылы Алматы облысында Наурыз бірінші рет тойланды. Содан бері үзбей тойланып келе жатқан Наурыз жыл сайын мазмұн жақтан толығып, нағыз бірліктің, ізгіліктің мерекесіне, тек қана қазақ халқының ғана емес, тұтас Қазақстан халқының қуана тойлайтын ортақ мерекесіне айналды. Биыл Наурызды тойлаудың жаңа тұжырымдамасы жасалып, ұлттық киім күні, шаңырақ күні сияқты мазмұндар қосылып, Наурыздың әр күнін ұлттық санаға әсер ету мақсатында айрықша атап өтті. Бұл Президент жағынан дер кезінде қабылданған өте қажетті шешім болды. Мәселен, «Ұлттық киім күні» әлемнің түкпір-түкпіріндегі қандастар ұлттық киімдерін киіп шығып жатыр. Бұл да – ұлттың рухани тұтастығының бір мөлтек көрінісі. Демек, Наурызды жаңаша тойлаудың астарында наурыз мерекенің сәнін келтіретін түркілік тұрмысты түп қазық еткен айшықты детальдар мен жалпы жұрттың басын біріктіретін ұлттық идея тұр.

Тілектер қабыл болатын қасиетті Ораза айы­мен тұспа-тұс келген әз-Наурызда қашанда елдік санадан айырылмайық; Көк туымыз көк аспанда мәңгі желбіресін; әз-Наурыз ұлтты ұйыстыратын ұлы, ұлық мерекеге айналсын; Алла еліміздің ішін даудан, сыртын жаудан сақтасын деп тілеймін. Ел аман, жұрт тыныш болсын!

Уәлихан Қалижан,

Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері,

ҚР Ұлттық ғылым академиясының

академигі

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Back to top button