Мәдениет

Құмай тазы

Тазы – сүйек бітімі нәзік, сирақтары ұзын, жүні тықыр, аң алатын жүйрік ит тұқымы, ұлттық қазынаға жататын жануар. Құмай деп те аталады.

Заңғар жазушы М.Әуезов «Бұрынғы қазақ көшпелі тірлігінде арман еткен, түйеде – «жампоз», жылқыда – «тұлпар», сиырда – «тынжы», қойда «құтпан», «келепан» десе, итте – құмай, адамда – «алып», ал қас дұшпаны қасқырды «сырттан» дейтін» десе, жазушы С.Мұқанов «Қазақтың ұғымында ең жақсы ит – құмай. Халық аңызында оны иттен емес, аталақаз дейтін қарала құстың жұмыртқасынан шығыпты-мыс дейді» деп жазады. Халқымыз жеті қазынаға қосып, осынша қастерлеген тазы кейінгі уақытта азайып кетті. Орыс зерттеушілері Қазан төңкерісіне дейін қазақ даласында 10 мыңнан аса құмай тазы болғанын жазады. Ал қазір таза қанды құмайдың саны 500-ге жетпейтін көрінеді.

Тоқаев тарту еткен тазылар

Тазы – өте қырағы әрі таза жануар, қазақ салтында иесімен бірге үйге кіріп жататын жалғыз ит. Бір бүркіт, бір құмай тазы бір ауылды асыраған мезгілдерде тазының мәртебесі өте биік болды. Тарихта қыздың қалыңына тазы сұраған оқиғалар да болған. «Ит төлеуі – бір күшік» болғанмен, тазының бағасы ұлттық санамызда басқаша бағаланған. Сосын да жүйрік атты, қыран құсты, асыл семсерді сыйға тартқан халқымыз тазыны сыйға тартуды серіліктің белгісі деп біледі. Бүгінде осы дәстүр әлі де үзілмей келеді. Соның бір мөлтек көрінісі – Президент сыйға тартқан тазылар.

БАҚ беттеріндегі деректерге қарағанда, қазір Президенттің 3 тазысы бар, оның бірінің аты – Наурыз. Бұл тазыны былтыр Мемлекет басшысына ит асыраушы Анна Захарова сыйға тартқан. Ал қалған екеуі – Ронни мен Нэнси. Бұл тазылар жылы үйшікте бағып-бапталады. Арнайы сертификаты бар кинолог маман оларды үйретіп, саятшылыққа баулиды екен. Қасым-Жомарт Тоқаев бос уақытында серуенге тазыларын жетектеп шыққанды ұнатады.

Қасым-Жомарт Тоқаев тазыны сыйлыққа алып қана қоймай, оны өзгелерге де тарту етті. Былтыр қарашада Мемлекет басшысының шақыртуымен Астанаға Франция Президенті Эмманюэль Макрон келгенде, Тоқаев франциялық әріптесіне екі тазының күшігін сыйға тартқан болатын. Оларға Жюль және Жанна деген есім берілген. Президенттің сыйы Макронға қатты ұнаса керек, әлі күнге дейін аузынан тастамай айтып жүр. Жақында Эмманюэль Макронның жеке фотографы желідегі парақшасында Президенттің қазақы тазылармен түскен суретін жариялады.

Мемлекет басшысы әнші Димаш Құдайбергенге де тазының күшігін сыйлаған. Димаш бұл тазыға Ғарышкер деп ат қойды. «Ата-бабамыз тазыны қастерлеп, жақсы көрген. Бұл ит киіз үйге еркін кіре алған. Бұл оның тазалығын білдіреді. «Тазы» атауы парсы тілінен енген, мағынасы – «шапшаң», «епті». Осындай баға жетпес сыйлық үшін Президентімізге алғыс айтамын!» деп айбоз әнші ағынан жарылған болатын. Әрине, Димаштың жанкүйерлері аз емес, оның әлеуметтік желідегі тазымен түскен суреті «Президенттен сый алдым» деген мақтаннан гөрі, «қазақта осындай ғажап ит бар» деген насихатқа көбірек қызмет етті.

Жақында әншінің әкесі Қанат Ғарышкермен бірге кешкі серуенге шыққан фотосын жария­лады. Тазының бойы өсіп, үлкейіп қалғаны байқалады. «Тазыны жақында ғана алдық. Қазір бізге үйреніп, үйірлесіп келеді. Қалада ит ұстау оңай емес қой. Оның үстіне тазының бабы мен күтімі ерекше болғандықтан, біз Мемлекет басшысы сыйға тартқан бұл тазыны ыңғайлы бір жерге орналастырдық» дейді Димаштың анасы Светлана Айтбаева.

Арнайы заң да бар

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев тазының ұлттық құндылық екенін, оған айрықша көңіл бөлу туралы жиі айтып келеді. Осыдан екі жыл бұрын қазақтың асыл тұқымды иттері туралы арнайы заң нормалары тағайындалуы керек деген еді. Содан кейін көп өтпей қазақы ит тұқымдары – тазы мен төбетті сақтау және қалпына келтіру мәселелері бойынша жиын өтіп, сол жылдың қараша айында Мәжіліс тазы мен төбетті сақтау, көбейтуге қатысты заң жобасын мақұлдады. 2023 жылдың үшінші қаңтарында бұл заң қабылданды. Сондай-ақ елімізде қазақтың тазы және төбет ит тұқымдарының ұлттық орталығы құрылып, 1,4 млрд теңге қаржы бөлінді. Сол мезгілден бастап мемлекет бойынша құмай тазы мен төбет итке көңіл бөліне бастады. Оны өзіміздің бренд ретінде тіркеу үшін Қазақстан кинологтары одағы Халықаралық кинология федерациясына (FCI) өтініш берді, өткен жылы тамызда бұл ұйымға Қазақстан ресми түрде мүше болды. 6 күннен соң Женевада өткен World Dog Show-2023 әлем чемпионатында Тұмар мен Вангелия есімді екі тазымыз топ жарды. Қазақстан мұндай жарысқа алғаш рет қатысып отырғанын ескерсек, 20 мың ит арасынан топ жару жақсы нәтиже деуге болады.

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Back to top button