Мәдениет

Ұлу жылы – ұлы жыл

2024 жыл туғалы Қазақстанда ұлу жөніндегі талас-тартыс қыза түсті. Біреулер оны кәдімгі иір қабықты су жәндігі десе, енді біреулер қазақтың бұрын көк бөріні төтем қылғанын, атын ұлыма деп тергеп айтқанын алға тартып, оны қасқыр деп түсіндіруге тырысуда. Ал енді біреулері оны Қытай жыл қайыруымен байланыстырып, ұлу дегеніміз айдаһар деп сипаттап, ұлу атауы Қытайдың long (龙)деген атауынан ауысқан деп санайды. «Ұлу – тұқымы құрыған, суда да, құрлықта да жүретін қосмекенді қасқыр текті жануар» деп қарайтындар да бар. Демек, сан ғасырдың сүзгісінен өтіп, бізге жеткен оның нақты қандай жануар екенін дәл қазір дәп басып айту қиын.

Махмұд Қашқари «Түрік тілінің сөздігі» атты еңбегінде жыл қайырудағы бесінші жылды «нек жылы – тимсах жылы» деп көрсетеді. Бұл арада Махмұд Қашқари «су хайуаны» деп анық атап айтқан, «су жәндігі» демеген. Ал тымсақ – крокодил, қазақша – қолтырауын. Оны ұйғырлар қазірге дейін тымсақ деп атайды. Қазақ даласында Сырдарияда бұрын қолтырауын болған деген деректі ескерсек, көңілде ұлу дегеніміз сол қолтырауын емес пе деген сұрақ та туады. Бірақ Махмұд Қашқари мүшел туралы аңызда: «Ежелгі түркі қағандарының бірі соғыс жылнамасын жазып қалдыру үшін он екі ай мен аспандағы он екі жұлдызды негізге алып, жыл қайыру есебін жасайық депті. Сол оймен аңға шыққанда барлық жануарды Іле өзеніне қарай қуады. Ағысы қатты Іледен жүзіп өткен жануарларға жыл атауын берген, бірінші тышқан жүзіп өтіп алғашқы жылға ие болған, ал қалған жануарлар Іленің екінші бетіне жүзіп өту ретіне қарай жыл атын иемденген» деп жазады.

Түріктерде ұлу балық деген ұғым бары рас. Кейбір деректерде ұлу балық денелі, төрт аяқты, қасқыр басты жануар деп айтылады. Демек, ұлу айдаһар емес, қытайларға жыл қайыру түркілерден барған. Long сөзі, керісінше, түркілердің ұлу сөзінен ауысқан болуы да мүмкін. Екінші тұрғыдан алғанда, «айдаһар да жылан текті, бір жыл тізбесінде екі ұқсас жануардың қатар тұруы қисынға сыймайды» деген уәж орынды. Өйткені аңыз-әңгімелерде айтылатын «айдаһар» жыланға тікелей қатысты айтылатыны белгілі. Ал жылан жылы жыл санауымызда өз алдына жеке жыл ретінде берілген. Олай болса жылан атауымен екі жылды қатарынан атау мүлдем ақылға сыймайды. Демек, орыс пен қытайдың жыл қайыру танымына еліктеп ұлудың орнына айдаһардың суретін қойғаннан сақтанған жөн.

Ұлу жылының сипаты қандай? Болжаушылар ұлу суда жүретін болғандықтан, бұл жылы құрғақшылық болмайды, жыл тыныштықпен, береке-молшылықпен өтеді деп санайды. Түркі текті халықтар, оның ішінде қазақтар да ұлу жылы астық, шөп мол болады деп жорамалдаған. Бірақ бұл қазақ даласына ұлу жылының бәрі құт болды деген сөз емес. Бейімбет Майлиннің:

«Ұлу келіп көтерді елдің обалын,

Мал жұтатып, сынын алды

қораның.

Нақ ұлудай ұлытқан жоқ қазақты,

Атышулы былтырғы өткен қояның» деп жазуына қарағанда, ұлу жылы ақ сүйек жұт та болған. 1916 жылы ұлт-азаттық көтеріліс, Қазақстандағы байлардың мүлкін тәркілеп, өздерін Сібірге жер аударған 1928 жылғы Голощекин кәмпескесі Ұлу жылында болған.

Биыл ақпан айы 29 күнмен аяқталды. Яғни осы заманғы күнтізбе бойынша биыл – кібісе жылы. Бір қызығы, ұлу жылы ылғи дәл осы кібісе жылымен жиі сәйкес келетін көрінеді. Кібісе төрт жыл сайын бір айналып келеді. Басқа жылдарда 365 күн болса, кібісе жылында 366 күн бар.

«Ұлу жылы көтерілмеген он жылда да көтерілмейді» деген даналық нақыл ұлу жылының елге қолайлы болатынын білдіреді. «Ұлу жылы – ұлы жыл» деген сөз текке айтылмаса керек. Жаңа жыл елімізге құт болғай!

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Back to top button