Мәдениет

Тұнып тұрған құндылық

Астана қаласында да еліміздің барлық өңірлеріндегідей 14-23 наурыз аралығында Наурызнама онкүндігі өткізіліп жатыр. Жалпы, тарихқа көз салсақ, Наурызды тойлау 8-9 күнге жалғасқан. Оны ата-бабаларымыз «Наурызнама» деп атаған. Бұл туралы деректер ұлы философ-жазушыларымыз Махмұд Қашқаридің, Мәшһүр Жүсіп Көпейұлының, Абай Құнанбайұлының, Мұхтар Әуезовтің еңбектерінде жазылған.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев  «Егемен Қазақстан» газетіне берген сұхбатында Наурыз мейрамының төл мағынасын байытып, оны барынша ерекшелеп, жаңаша атап өткен болатын.

Президент тапсырмасына сәйкес, биыл республика бойынша, оның ішінде Астана қаласында елдік тұрғыда жаңару мен жаңа құндылықтарды қалыптастыру аясында Наурызды бірлік, бауырластық пен ынтымақ мейрамы ретінде қарастыратын жаңа тұжырымдама әзірленді. Осы ретте ұлттық рухани құндылықтарға негізделген 14-23 наурыз күндері аралығындағы әр күнді қазақтың салт-дәстүрімен, ұлттық болмысын ашып көрсетуге бағытталған «Наурызнама» тұжырымдамасы әзірленіп, бекітілген.

Наурыз мейрамы – бар жаңалықтың бастауы, бар жақсылықтың жаршысы. Одан асқан мереке, той жоқ. Бірақ, Наурыз мейрамын өткізуге қатысты, оны бірізге түсіріп, шын мәніндегі халықтық мерекеге айналдырып, ұлттық құндылықтарды дұрыстап ұлықтауға қатысты мәселе көтеріп жүргендердің бірі – Наурыз мейрамын жаңаша өткізу туралы Тұжырымдама авторы, мәдениеттанушы, педагогика ғылымдарының магистрі Серік Ерғали ағамыз.

– Ресми түрде Наурызға еңбегі сіңген ең бірінші адам – Тұрар Рысқұлов. Ол 1920 жылы Түркістан республикасы үкіметін басқарғанда өзінің бұйрығымен Орта Азия халықтарының тілдерін мемлекеттік тіл деп жариялап, бұйрығының екінші пунктінде Наурыз мейрамын мемлекеттік мереке деп жариялаған. 1926 жылы Совет өкіметінің билігі түркілердің бірігіп жатқандығынан қорқып, мерекені тойлауды жаптырып, тыяды. Тұрардың өзін абақтыға жабады. Сонымен, ол ресми түрде мереке болудан қалады. Бірақ, халқымыз, шалғай жердегі, тіпті қойшы ауылдағылар да Наурыз мейрамын тойлауды тоқтатқан емес. Наурызды мемлекеттік мерекеге айналдыру жолында енді мемлекет және қоғам қайраткері Өзбекәлі Жәнібеков атсалысты. Ол Мұхтар Шаханов сияқты қоғам қайраткерлерін іске қосып, сол кезде ел басқарған Колбинге жеткізіп, ол өзі Желтоқсаннан кейін әбден халыққа жеккөрінішті болған соң, амал жоқ, бұл ұсынысты қолдайды. Содан Наурыз мейрамын тойлау басталды. Бірақ, бізде жылда тойланатын Наурыз мейрамы бұл шын мәнінде халықтық мереке емес, этнографиялық еске алу болып кетті, – дейді Серік Әбдірешұлы.

Оның айтуынша, Наурыз этнографиялық еске алу күні емес, азаматтық мереке, халыққа арналған мейрам болып өтуі тиіс. Наурыздың басы 14 наурыз да, аяғы 22 наурызда аяқталуы тиіс. 14 наурызда түркілік Жаңа жыл босағамызға енсе, 22 наурыз – Күн мен түн теңелуі. Мүшелдік – жыл басы. Қазір ешқандай мереке жоқ, тек мазақ түрінде өтіп жатыр, сахнаға шығып, баланың тұсауын кеседі, бет­ашар көрсетеді, әбден мазақ болып тындық…

– Оңтүстікте мейрамды 1 наурыздан, Батыста 14-інен бастайды. Халықта қателік жоқ, қателікті біз түзеуіміз керек еді, ғалымдар зерттеп, биліктің алдына қоюы керек. 20-30 жылдан бері әлі түзелер, түзелер деген ниетпен әлі келе жатырмыз, – дейді белгілі мәдениеттанушы, этнолог Серік Ерғали.

– Әрине, биылғы Наурыз туралы тұжырымдамамыз қабылданып,
Мемлекет басшысының тапсырмасымен жер-жерде, ел көлемінде тойланып жатыр. Бірақ, бағдарламаға тұжырымдаманың тек 70-80%-ы ғана енгізілген. Жалпыхалықтық мейрам тым саясиланып кеткен секілді. Осыны ескерсек деймін, – деді Серік Әбдірешұлы.

Мағжан Жұмабаев жазған: «Қазақтың наурызы – дін мейрамы емес, шаруашылық мейрамы, қазақтың наурызы тұрмыспен, ғылыммен байланыстырып, қоғамға пайдалы, игі іс жасайтын, ауыл адамдарымен ұйымдастыратын мейрам ету керек» дейді. Мұны ол қанша жыл бұрын жазып кетті. Соншама жылдан кейін Президентіміз қолға алып отыр. Яғни, Наурыз мейрамы жалпы халыққа арналған, азаматтық мереке болуы тиіс.

Ал бізде қалай, Наурызда халық екіге бөлінеді – сахна және көрермен, бітті сонымен. Ешқандай мейрам жоқ. Өзбектерде неге қызық, олар мидай араласып, нағыз халықтық мереке жасайды.

21-іне түнімен ұйықтамай, әнмен, жырмен, телеарналар тікелей эфир жүргізуі керек. Қыдыр келеді деген сөз бостан-бос айтылмайды. Наурыз әр шаңыраққа береке, несібе, молшылық әкеледі. Алдағы жылдарда 22-іне Бас таңды Президентпен қарсы алсақ деген арман бар. 7 саны – кемелдену, ал 9 саны – түркілерде ең жоғары ұғым. Бұрынғы деректерге қарағанда, Наурыз таңын 9 күймен қарсы алған дейді. Күй тарту арқылы Жаңа жылға жететін күш жинаған. Ритуал. Жамбы атуда қараңғыны кетіріп, жарықты қарсы алу деген қасиетті ұғым жатыр. Наурыз деген тұнып тұрған құндылық, біз соны қайта қалпына келтіру арқылы өзімізге деген сеніміміз нығаяды, қуатымыз күшейеді, басқа халық та біздің күшімізге сенетін болады. Наурыз – жаңару, жаңғыру» дейді Серік Ерғали.

Тағыда

Гүлшат Сапарқызы

«Астана ақшамы» газетінің тілшісі, ақпарат саласының үздігі

Ұқсас жаңалықтар

Back to top button