Мәдениет

Наурыз дәстүрлері

Наурыз – шығыс елінің бүкілхалықтық мейрамы, Ұлыстың Ұлы күні. Наурыз бұған дейін мыңдаған жыл бұрын шығыс халықтарында жыл басы мерекесі ретінде тойланып, ерекше күн ретінде аталып өтетін болған. Қазақ халқы да Наурыз мерекесін айрықша бағалап, оны жыл сайын тойлап отыруды әдетке айналдырған.

Бұл күні жақсы тілек тілеу, құттықтау, кешірім жасау, табысу сияқты адамгершілік қасиеттер көрініс тауып, кейінгі ұрпақтар сондай жақсы қасиеттен өнеге алған. Наурыздың айрықша тәлім-тәрбие­лік, үлгі-өнегелік, сән-салтанаттық, мәрт-жомарттық, қадір-қасиеттілік нышан белгілері мен таным-ұтымдарының үлгі түрлері өте көп. Оның бәрі әр адамды жоғары саналылыққа, әдептілікке, өнегелікке, бауырмалдыққа, көрегенділікке, ізеттілік пен білімділікке баулиды. Наурызды әр халықтың асыға күтетіні де осыдан болса керек.

Осы Ұлы күнге байланысты халықтың әдет-ғұрыптары мен жол-жоралары, салт-дәстүрлері бар.

Қыдыр ата

Қыдыр (Қызыр) ата – бүкіл халықтың қамқоры, оларға жақсылық жасаушы, ырыс, құт, несібе әкелуші, бақыт, береке, өмір сыйлаушы қасиет иесі, кемеңгер, әулие, көріпкел қарт. Ол Ұлыстың Ұлы күнінде әр елге келіп, әр шаңыраққа соғып бата береді. Міне, сондықтан әр үй Қыдыр атаның жолын күтіп өздерінің жанын да, тәнін де, киер киім, ыдысы мен бұйымдарын да таза ұстауға тырысады. Үйдің іші-сыртын, қора-қопсыны тазартып, ағаш егіп, өсімдікке су құяды. Мұсылман қауымы мұндай үйге Қыдыр ата түнеп, немесе бата беріп кетеді деп түсінген. «Қыдыр қонған», «Қыдыр дарыған» деген сөздер осындайдан шыққан.

Наурыз көже

Наурыз тойына ғана тән, көпшілікке арналған мерекелік тағам. Оны әр үй жеті түрлі дәмнен: сүт, ет, су, тұз, тары, құрт, жеміс тағы сол сияқты тағам түрлерінен жасап, оған қазы, шұжық сияқты сыйлы мүшелер қосып, мерекемен құттықтауға келгендерге ықыласпен ұсынады. Наурыз көженің дәстүрлік, мерекелік ұлттық тағылымы өте зор. Ол барлық адамдарды жомарттыққа, ізгілікке, ұйымшылдыққа, татулыққа, бірлікке шақырады. Наурыз – тоқшылық күні. Қазан оттан түспейді. Әр үй наурыз көже істейді. Уыз қатырылады. Сорпа сапырылады.

Наурыз есім

Наурыз күні туғандарды халық бақытты, ерекше адамдар деп ұғынған. Сондай себеппен оларға Наурыз есімін беретін болған. Мысалы, қазақ халқында Наурызбай Құтанбайұлы, Наурызбай Қасымұлы атты әйгілі батырлар болған. Алтын ордада Наурыз есімді хан болғаны тарихтан белгілі. Наурызгүл, Наурызбек, Наурызәлі деген адам аттары да жиі кездеседі.

Наурыз төл

Наурыз айында мал төлдей бастайды. Олар «наурыз төлі» деп аталып, төл басы ретінде бағаланып, мал жанды қазақ баласы оны ерекше күтіп бағады. Төл басы сатылмайды, ешкімге сыйға берілмейді. Мұндай малды көбінесе өз қызығына, тойына, кұрбан айт күндерінде сойып, ырым етеді.

Наурызша

Наурыз айында ашық күндері қолдан жасағандай ерекше ою-өрнегі әрі жұп-жұқа қиыршық қар түседі. Ол күн көзіне шашырап, жылтылдап құбылады. Анықтап қарағанда, басқа қар қиыршықтарындай емес, жеңіл де үлпілдек болады. Мұны халық «наурызша» деп атаған. «Наурызша» – жаңа жылдың белгісі.

Әз Халық ұғымы мен сенімі бойынша наурыздың алғашқы үш күні ішінде жер-көкті жарып ерекше бір гуіл (дыбыс) өтеді. Сол күні барлық табиғат, жаратылыс, тіршілік, өсімдік, адам бойына ерекше сезім, қуат, қасиет бітеді. Бұл күндері тырнақ, шаш алса, халық әлгіндей асыл қасиеттер қиылып кетіп, адам сол ауруға ұшырайды деп ырымдаған. Жер-көк, жан-жануар әз өткен соң ғана қуат алады деп түсінген халық «әз болмай, мәз болмайды» деп қанатты қағида қалдырған.

Мейірім КУМАРОВА,

Астана қаласы

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Back to top button