Білім

Шығармашылық тапсырыс жағдайымен танысты

Астана қаласы мәслихатының төрағасы Ерлан Каналимов бастаған бір топ депутат «Арт спорт» бағдарламасы бо­йынша елордада мемлекеттік шығармашылық тапсырыс­тың орындалу барысымен танысу мақсатында бірқатар нысанды аралады.

Белгілі музыкант Шолпан Қорғанбек 500 баланы домбыра, жетіген сияқты ұлттық аспаптар мен пианино секілді клавиштік аспаптарда ойнауға, ән айту мен түрлі ұлттың биіне баулып отыр. Сол үшін №52, 61, 67, 76 мектептерде тиісті үйірмелерді ашты. Соның ішінде мәслихат депутаттары І.Есенберлин атындағы №67 гимназиядағы үйірмемен танысты. Осы мектепте жалпы 200-ге жуық бала Шолпан Қорғанбектің үйірмесіне қатысады. Музыкант сол үшін үш бөлмені жалға алып, қажетті музыкалық аспаптармен қамтамасыз еткен.

«Мұғалім болып жұмыс істеп келе жатқаныма 36 жыл болды. Ұстаздықта біраз тәжірибе жинақтадым деп ойлаймын. Шынын айтқанда, осы үйірмелерді табыс, пайда табу үшін емес, балалар музыкалық білім алсыншы деген ізгі ниеттен аштым. Бұл өз нәтижесін беріп келе жатыр, тәрбиеленушілерім қалалық, республикалық байқауларда ғана емес, шетелдерде өтетін халықаралық байқауларда да топ жарып жүр» деді Шолпан Қорғанбек.

Оның айтуынша, электронды журналға тіркеумен мәселелер туындап жатады. Оның үйірмелеріне баратын ата-аналардың көбінің бұған мүмкіндігі жоқ.

Жеке кәсіпкер Лана Болатова бейнелеу өнері, заманауи эстрада биі, балет, актерлік шеберлік, шахмат, домбыра бағыттары бойынша жұмыс істейді. Мәслихат депутаттары үйірмелерді аралап, мұндағы жұмысты жақсы деп бағалады. Бір қызығы, «Арт спорт» бағдарламасының талаптары бойынша шахматпен айналысатын балалар үшін душ болуы керек. Жеке кәсіпкер оны да орнатқан.

Оның айтуынша, «Арт спорт» талабының бірі – шахмат жаттықтырушысы диплом бойынша дене шынықтыру пәнінің мұғалімі болуы керек. Бірақ дәл шахматтан сабақ беретін сондай мұғалім қазір табу қиын, жаттықтырушылардың арасында техникалық білім алғандар да бар. Сондықтан осы мәселені қайта қарау керек.

Мәслихат депутаттары кескіндеме, бейнелеу өнеріне 417 баланы баулып отырған «Шаяхмет» ЖК және «Лаура Абат» өнер орталығының жұмысымен де танысты. Өнер орталығына қатысатын балалардың жалпы саны – 587. Олар бимен, ән айтумен және домбыра үйренумен айналысады. Қазір тағы бір бағыт – актерлік шеберлік қосылып жатыр. Осындағы үйірмелерге кезекте тағы 239 бала тұр.

«Бұл мәселеде бекітілген іс-шараларға сәйкес толық тәртіп болуы керек. Үй-жайларда бейнебақылау камераларының орнатылуы, сабаққа қатысуды есепке алу журналдарының жүргізілуі, секциялар мен үйірмелер қажетті құрал-жабдықтармен жабдықталуы тиіс. Депутаттық корпустың бастамасымен жақын арада елордада «Арт спорт» дирекциясы өз жұмысын бастайды. Оның басты мақсаты – балаларымыздың спортпен шұғылдануына бөлінген қаражаттың мақсатты пайдалануын бақылау» деді қалалық мәслихат төрағасы Ерлан Каналимов.

29 наурыз күні Астана қаласы мәслихатының кезекті сессиясы өтеді. Онда қаралатын мәселенің бірі – мемлекеттік спорттық және шығармашылық тапсырысты іске асыру барысы.

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Back to top button