Тәуелсіздікке 30 жыл

Ісімізбен үлес қосамыз

Ұлы дала елінің ұлық мерекесі – Тәуелсіздіктің мерейлі 30 жылдық белесі бүгінде төрткүл дүниеге өзгелермен терезесі тең, іргесі берік, еңсесі биік ел ретінде танылған Қазақстанның толайым табыстарымен айшықталды. Тарих тұрғысынан бағамдағанда, 30 жыл – аса көп уақыт емес.

[smartslider3 slider=1464]

Дегенмен осынша уақыттың өзінде жас мемлекеттің қалыптасып, өсіп-өркендеп, кемеліне келуі үшін, ілгері дамудың даңғыл жолына түсуі үшін күрделі кезеңдерді бастан өткеріп, іргелі істер қолға алынды, қаншама білім-білік, қажыр-қайрат жұмсалды. Әлбетте, Тәуелсіз Қазақстанның көші түзеліп, еңсесі тіктеліп, дамыған елдердің қатарына қосылуы үшін атқарылған орасан, еселі еңбектің басында егемендіктің елең-алаңында ел тізгінін ұстаған Тұңғыш Президент – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев тұр. Тәу етер, кие тұтар осынау Тәуелсіздігіміздің тұғырын бекемдеу жолындағы ұлы істер қашанда ұрпақ жадында жаңғырып тұратыны анық.

Бүгінде Тәуелсіздік жылдарында дүниеге келген жастар еңбекке араласып, әр салада елеулі қызмет етіп жүр. Мұның бәрі – теңізге құйған тамшыдай болса да ел дамуына қосылып жатқан үлес. Ал биыл отыз жасқа толған азаматтар, яғни Тәуелсіздік құрдастары елмен бірге өсіп-өніп, бір-бір шаңырақтың иесі атанып, қызметте абыройлы болып, табысты еңбек етіп жатыр. Қазақтың басына қонған бақ – қастерлі Тәуелсіздігіміздің таңы атқан тарихи жылы дүние есігін ашу менің де бағыма бұйырды. Балалық шағымыз мемлекет құрудың күрделі кезеңдерімен сәйкес келгенімен, біз Тәуелсіздіктің тарихи табыстарына куә болып, егемен елдің еркін, азат ойлы ұландары болып ер жеттік. Дүйім дүние мойындаған Тәуелсіз Қазақстанның жеткен айтулы жетістіктері бізді үнемі алға жетелеп, шабыт береді. Біз де өз шамамызша, өз саламызда аянбай еңбек етіп, нәтиже көрсетуді мақсат тұтамыз. Тәуелсіздік құрдастары ретінде біздің де жетістігіміз, жолымыз ұдайы назарда екені қаперімізде. Сондықтан Тәуелсіздік жылдарында туған жас буынның көшін бастап тұрғандықтан, біз де үлгілі ісімізбен көрінуіміз керек деп ойлаймын.

Елорда – тәуелсіздіктің жемісі. Ал қазақ жастары еліміздің әр түкпірінен арман қуып бас қалаға келеді. Мен де асқақ арманыммен Нұр-Сұлтанға келіп, алғашқы еңбек жолымды «Астана ақшамы» газетінен бастадым. Бүгінде еліміздің бас газеті «Егемен Қазақстанда» еңбек етудемін.  Осындай үлкен қалада, астанада баспаналы болу кім-кімнің болсын ең басты мақсатының бірі деп ойлаймын. Менің де арманым орындалып, өз үйіме қолым жетті. Жастардың мұндай игілікке кенелуіне, әрине, мемлекеттің қолдауы да ықпал етіп жатыр. Яғни мен елордадағы жұмыс істейтін жастарға арналған баспанаға қоныстандым.

Орынбек ӨТЕМҰРАТ, журналист

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button