Тәуелсіздікке 30 жыл

«Болашақтың» түлегіміз

Бұған дейін тәуелсіздіктің қадірі мен жауапкершілігін көп түсіне бермейтінмін. Биыл Тәуелсіздікпен қатар мен де отызды еңсердім. Сол кезде өзіме, жүріп өткен белесіме есеп бердім. «Осы уақытқа дейін не істедім? Не істеп жүрмін?» деп сұрақ қойдым. Еліміз үшін де бұл сәт – үлкен жауап­кершілікпен қарайтын кезең.

[smartslider3 slider=1463]

Бәріміз білетіндей, қаншама жыл көрші елдің отарлауында болдық. Халқымыз тілінен де, дінінен де, дәстүрінен де айырылып қала жаздады. Аласапыран шақтарда құлдық сана қалыптасты деп жатамыз. Меніңше, осы отыз жылда сол құлдық санадан толықтай құтыла алдық. Журналистика факультетінің студенттеріне сабақ беріп жүрген кездерде ең алғашқы «Қазақ» газетінде бейнеленген киіз үйдің түндігінің батысқа қарай ашылып тұрғандығын жиі мысал ретінде айтатынмын. Алаш зиялылары газеттің символикасы ретінде неге түндікті батысқа қарай ашып қойды? Өйткені олар халыққа «Батысқа қараңыздар. Сол елдер сияқты өркениетке ілесейік» деп бағыт көрсеткен. Алаш зиялыларының арманы жүз жылдан кейін орындалды. Қазір қазақ жастары қазақ, орыс және ағылшын тілдерін меңгеріп, заман талабына сай білім алып жатыр. Қазақстан отыз жыл ішінде өзін әлемге дәлелдей алды. Спорт жағынан, мәдениет пен саясат жағынан алып қарасақ та, төрт құбыламыз түгел. Әрине, тоқсаныншы жылдары дүниеге келген буын қиындықты да көрді. Ел өмірі енді жолға қойылып келе жатқан тоқырау кезеңімен тұспа-тұс келген балалық шағымыз оңай болған жоқ. Соған қарамастан менің құрдастарым білім жолындағы ізденістерін тоқтатпай, бүгінгі ақ таңдарға жете алды. Қазір тәуелсіздіктің құрдастары отбасын құрып, белгілі бір саланың тізгінін ұстап, тұлға ретінде қалыптасып әр өңірдің дамуына пайдасын тигізіп жүр. Отыз жылда біз тұрақтылыққа, сенімділікке қол жеткіздік.

Отыз жылда менің жеткен ең үлкен жетістігім – шәкірттерім. Сабақ берген кешегі студенттерім журналистиканың барлық саласында қызмет етіп жүр. Олардың адал еңбектері мен ұмтылыстарына, талап-жігеріне қарап марқаямын. Бір кездері айтқан сөздерімнің далаға кетпегеніне көз жеткіземін. Мұғалімдік қызметтің жемісі 1 жылда немесе 5 жылда көрінбейді. Ол – уақыт өте келе айқындала түсетін еңбек. Мемлекеттің дамуына әр адам өз мамандығы бойынша адал, таза үлес қосуы керек. Мен – Елбасы Н.Назарбаевтың бастамасымен негізі қаланған «Болашақ» бағдарламасының түлегімін. Биыл бағдарлама бойынша өзіме жүктелген 5 жылдық жұмысымды өтедім. «Болашақ» – қарапайым қазақ баласының білім көкжиегін кеңейтіп, әлемнің озық университеттерінде білім алуға мүмкіндік беретін бірегей бағдарлама. «Болашақ» – біздің мемлекетіміздің болашағы. «Болашақтан» білім алған зиялы жастар ел ертеңі үшін аянбай тер төге беретіні анық. Мен де бүгінгі еркіндігімді Тәуелсіздігіміздің арқасы деп санаймын! Сондықтан да Тәуелсіздігіміз мәңгі баянды болсын!

Айнұр ТАШМАКОВА,

«Болашақ» бағдарламасының түлегі

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button