Әлеумет

Керегі бар «какейбо»

«Какейбо» деген сөздің тура мағынасы «үй шығындарының дәптері» деп аталады. Оны 1904 жылы жапондық журналист Хани Мотоко ойлап тауып, кең насихаттаған екен. Ондағы мақсаты үй шаруасындағы әйелдердің өз қаражатын қолына алып, бақылауына көмектескені еді. Қанша ақшаңыз бар? Қанша теңге үнемдеуге болады? Қанша теңге жұмсадыңыз? Жағдай қалай түзеледі? Міне, мәні осы ғана. Осы сұрақтардың нақты жауабын алғыңыз келсе, «какейбоны» қолға алып, айдың жоспарын жасаңыз.

Әрине, онсыз да аз ақшаны үнемдеу оңай емес. Дегенмен үнем туралы ойлағанда, ақшаның аздығынан қол жетпей қалған заттарымызды ойлап қынжыламыз. Соның өзі көңілімізді түсіріп жіберері анық. Алайда арман дүниені ойлап қынжылғанша, сатып алуға жағдайыңыз жететін нәрсеге көңіліңізді бұрыңыз. Сеніңіз, соңғысы тартымдырақ.
«Какейбо» тек қана күнделікті тірліктегі қаражат шығындарының сала құлаш тізімі емес. Оны электронды есептеу құралдарымен санай салмаңыз. Міндетті түрде қалам мен қағаз алып, кіріс-шығысыңыздың есебін қолмен толтырыңыз. Бұл тәжірибе сіздің әр цифрдың салмағын байыптап, кеткен шығынды барынша ұғынуға әсер етеді. Сонымен басты шығыстарды есептеп болып, артылғанын санаңыз. Бұл – сіздің ақшаңыз.
Енді «керегіңіз» бен «қалауыңызды» тағы бір рет салмақтап көріңіз. Дәптерге үңіліп, ақшаны қайда жұмсағаныңызды есіңізге түсіргенде, оның қаншалықты қажетті болғанын түсінесіз. Мысалы, жаңа көйлек кигіңіз келді делік, бірақ оған қолыңыздағы ақшаны түгел жұмсау міндет емес қой.
«Қажетіңіз» бен «қала­уыңыз­дың» арасын анықтау үшін осы айдағы сатып алған дүниелеріңіздің салдарынан маңызды нәрселеріңізге қаражат жетпей ойсырап қалғанын білгеніңіз жеткілікті. Сосын дәптердегі шығындарды саралай келе, санатқа бөліңіз. «Осыны алмағанда болатын еді ғой» деген нәрселердің астын сызып қойыңыз. Жазуларыңыз сызықпен шимайланбаған болса, тура жолға түстіңіз.
Қазіргі күні жақсы болды, карточкамен есеп айырысамыз. Жапон журналисі карточкамен емес, қолма-қол ақшамен есептесіңіз дейді. Өйткені ақшаны қолдан беріп, оның басқа қолға кетіп бара жатқанын сезінесіз. Расында, карточкада ақша тұрмайды дейтініміздей бар. Егер қолымызда мың теңгеміз тұрса, жұмсайын ба, жоқ па деп ойланамыз, ал карточкадағы ақшаның есебі жоқтай көрінеді. Сол себепті шотыңыз­дан ақшаны шешіп алып, жұмсауыңызға қарай бірнеше конвертке бөліп салып қо­йыңыз. Бұл жоспарыңызда жоқ, аяқасты сауда жасауыңызға, қызығып кетіп үйдегі көк көйлегіңіздің орнына дәл сондай қызыл көйлекті сатып алудан сақтайды.
Ай біткенде шығындарыңызды қайта есептеп, сәл де болса басы артық теңгенің қалғанын байқайсыз. Ендігі міндет, алдағы айда жұмсауға тиісті қаражаттан бөлек, қалтаңызда қалатынын көбейтуге ынтаңызды арттыру болады.

Тағыда

Айгүл Уайсова

Ақпарат саласының үздігі

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button