Жаңалықтар

Көркем сөздің жалауын желбіретті

Кеше кестелі көркем сөздің жалауы желбіреген күн болды. «Нұр Отан» партиясының ұйытқы болуымен алғаш рет өткізілген «Ұлы дала» республикалық шығармашылық байқауының жеңімпаздары марапатталды.


Салтанатты кеште сөз алған «Нұр Отан» партия төрағасының бірінші орынбасары Мәулен Әшімбаев Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» және «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақалалары тарихи санамызды қалыптастыруға, сол арқылы рухани өміріміз бен ұлттық болмысымызды жаңғыртуға тың серпін бергендігін айтып, осы бағытта ұйымдастырылған әдеби шараның маңызы зор екендігін баяндады.
Жалпы байқауға 18 бен 40 жас аралығындағы қаламгерлер қатысып, 400-ден астам шығарма түскен. Оларды Төлен Әбдік, Алдан Смайыл, Несіпбек Айт­ұлы, Ұлықбек Есдәулет, Нұртөре Жүсіп, Жүсіпбек Қорғасбек, Көпен Әмірбек секілді ақын-жа­зушылар сарапқа салды.
Сонымен байқаудың нәтижесінде бес аталым бойынша жеңімпаздар анықталды. Нақтырақ айтқанда, «Проза» аталымында «Құдық басындағы екеу» атты туындысымен Мақсат Мәліков топ жарса, «Поззия» аталымында қарағандылық жас ақын Жанат Жаңқашұлының бағы жанды. «Драматургия, көркем фильмдер мен телесериалдар сценарийі» аталымында жақында «Qazaqstan» ұлттық арнасынан көрсетілген «Кейкі мерген» телесериалының сценарийін жазған Сержан Зәкерұлының асығы алшысынан түсті. «Балаларға арналған шығармалар» аталымында бас жүлдені «Ұлы даланың жеті қыры» атты өлеңдер топтамасымен ақын Бауыржан Қарағызұлы иеленді.

 

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button