Әлеумет

2018 жыл: Әріптестерім әскери баспанаға ие болды

Елімізде ұлттық қауіпсіздік жүйесі нықталып, күш құрылымдарының материалдық-техникалық базасы нығайып, әскери қызметшілердің әлеуметтік мәселелері шешімін тауып келеді. Соның бірі «Әскери баспана» мемлекеттік бағдарламасы дер едім.

Қазақстан Республикасы Ұлттық ұланының мен қызмет етіп отырған бір ғана бөлінісі – астаналық жедел құраманың өзінен аталмыш бағдарлама аясында 58 әскери қызметші байқаудан өтті.  Соңғы үш-төрт айдың ішінде еңбек өтілі мен отбасы мүшелерінің саны бойынша баспаналы болу мүмкіндігіне ие болған қырыққа жуық отбасы жаңа пәтерге қол жеткізді. Солардың қатарында өзім де бармын. Бағасы басқа өңірлерден ерекшеленетін бас қаламызда баспанаға қол жеткізудің – үлкен қуаныш екенін білесіздер. Жылдар бойы жалдамалы пәтерде тұрғандықтан ба, шынын айтсам, үйлі болу үшін дөңгелеген бизнесің, я болмаса тұрақты бір кіріс көзі болу керек деп ойлайтынмын. Үш бөлмелі пәтердің иесі атануымыз – Елбасының әскерилерге көрсеткен мемлекеттік қолдауы мен ел қалқанына айналған Ұлттық ұлан сапындағы он үш жылдық қызметімнің жемісі деп білемін.

Елорда іргесінде орналасқан жедел құрама – 5573 әскери бөлімі елорда тыныштығының күзетін күшейту мақсатында құрылған болатын. 2014 жылдың 14-қарашасында Нұрсұлтан Назарбаевтың қатысуымен салтанатты түрде ашылу салтанаты өтіп, Жауынгерлік Ту табысталған еді. Содан бері ару Астанамыз пен қала халқының қауіпсіздігін күзетіп, халықаралық, республикалық маңызы бар басқосулар, спорттық-мәдени іс-шаралар, ресми кездесулер кезінде тыныштықтың кепілі болып келеді. Күн сайын қызметке республикамыздың барлық аймағы бойынша Ұлттық ұланнан 5000-дай сарбаз бөлінсе, қаламыздың төрт ауданында ішкі істер органдарымен бірге көше тәртібін қадағалауға 5573 әскери бөлімінен жұмылдырылатын әскери жасақтар қатарындағы жауынгерлер саны мыңға жуықтайды.

Осындай алып құрамадағы офицерлік құрам болсын, келісім-шарт негізінде қызмет атқаратын әскери қызметшілер болсын, қала тыныштығына әрбір маманның қосар үлесі зор. Тіршілігі тәуліктің жиырма төрт сағатында тоқтамайтын, батальондары мен жеке құрамы бірін-бірі алмастырып отыратын, ел мерекелеп жатқанда, керісінше күшейтілген режимдегі қызметке көшетін елордалық ұландықтар үшін 2018 жыл жоғарыда айтылған жақсы жаңалығымен, әлеуметтік тұрғыдағы ең үлкен мәселе – баспана мәселесінің шешілуімен берекелі жыл болды деуге толық негіз бар. Мемлекет тарапынан қолдау тауып отырған Отан қорғаушылар да мұндай қамқорлыққа өз кезегінде кәсіби шеберлігімен және адал қызметімен жауап қайтарары сөзсіз.

Мөлдір НӘЛІБАЕВА,
Ұлттық ұлан офицері

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button