Сұхбат

КҮН ЭНЕРГИЯСЫН ПАЙДАЛАНУДЫҢ МҮМКІНДІГІ МОЛ

Еліміз санаулы күндерден кейін «ЭКСПО-2017» көрмесін өткізеді.  Бұйыртса, күн, жел, су секілді табиғи қуат көздерін дамытудың болашақтағы жолдары мен мүмкіндігі әлемге таныстырылмақ.  Осы орайда елордадағы Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің оқытушысы, техника ғылымдарының кандидаты Серіктай Баймұханов Қазақстанда күн энергиясын пайдаланудың тиімділігін зерттеп келеді.  «Астана ақшамы» газетіне берген сұхбатында да табиғи қуат көзін пайдаланудың мүмкіндіктерін әңгімелеп берді. 

dekan

– Серіктай Кәкенұлы, өзіңіз білесіз, әлем елдері энергияны пайдаланудың қауіпсіз әрі табиғи түріне көшуде. Бұл ретте өзіңіз сонау 90-жылдардың кезінде күн энергиясын түрлендірудің термохимиялық әдістерін зерттедіңіз. Осы ғылыми ізденісіңіздің нәтижесі бар ма?
– Дұрыс айтасыз, күн энергиясын тасымалдау мен түрлендірудің тиімділігіне ғылыми талдау жасау арқылы күн энергиясын түрлендіру үшін жабық термохимиялық цикл қағидасымен жұмыс істеуде энергияны орнатудың дамуына үлес қостым деп айта аламын. Күн энергиясын Қазақстанда пайдаланудың тиімділігі жөнінде ғылыми еңбектер жаздым. Бұл – қатардағы жай тақырып емес, «ЭКСПО-2017» халықаралық көрмесіне арқау болған тақырып. Бізде күн энергиясын пайдаланудың мүмкіндігі зор. Еліміздің оңтүстік елді мекендерінің көбі күн энергиясын пайдаланып келеді. Бірақ, ашық әдіспен. Біздің қолға алғанымыз – әлемдік деңгейде жұмыс өндірісінде пайдалану. Кезінде Ресейдің Новосибирск қаласында дәл осы мәселемен айналысқан едім, кейіннен ұйымдастыру басшылық жұмысына кетіп қалдым.

Құрылыс еріккеннің ермегі емес
– Өзіңіз Механика және қол­дан­балы математика маман­дығын тәмам­дағансыз. Бірақ сәулет-құрылыс факуль­­тетінде декан болып жүрсіз…
– Сөзіңіздің жаны бар. Өзім осында келгенде «Мына кісі механик, біз болсақ құрылыстың білгіріміз» деп менсінбегендер де болды. Сөйтіп жүргенде емтихан кезінде айқай-шу шықты. Сұрастырсам, оқытушылар «Жоғары математика-1» дегенді ғана оқытамыз, «Математика-2» типтік бағдарламада жоқ дейді. Таңғалдым. Себебін сұрасам, бұрын болған екен. Кейіннен алып тастады дейді. Сосын осы пәннен беретін оқытушыларды жинап алып себебін сұрасам, күмілжіген жауаптар алдым. Өзіңіз ойлаңызшы, математика оқымаған, механиканы қайдан біледі? Механика – барлық техникалық мамандықтардың негізі. Формуланың бәрі механикадан шыққан. Математиканы білмесе, қимылды шеше алмайды. Формула аспаннан түскен нәрсе емес, формула бір процесті білдіреді. Оның шешуін табу үшін математиканы білу керек. Болашақ құрылысшы мамандар математиканы білмесе үйді қалай салады? Үй неге құлап қалады? Үй сапалы болу үшін іргесін құймас бұрын жерді қазып, оның астында су бар ма, қай жері құрғақ, оған қанша күш түседі, салмақ түседі, соған шыдай ма, майысып кете ме, құлап кете ме, осының бәрін есептеу керек. Олар математиканы, механиканы білмесе, әрине, сапалы құрылыс сала алмайды.
– «Жоғары математика-2» оқу бағдарламасын енгізудің қажеттілігі содан туындаған екен ғой…
– Әрине, оқу бағдарламасын қайта жасаттым. Оқытушыларға өтірік маман дайындап жатқан­дарын, тіпті, мемлекет алдында қылмыскерсіңдер деп қатты айтуға тура келді. Өйткені сауаты аз маманның тұрғызған үйлері ертең құлайды. Бұл – қылмыс. Құрылыс баланың ойыны емес, оның артында қаншама адамдардың тағдыры тұр. Алысқа бармай-ақ, Қара­ғандыда құлап қалған көп қа­батты «Бесоба» тұрғын үй кешенін айтсақ та жеткілікті.

Инновациялық бағдарлама тиімділігін көрсетті
– Елімізде сапасыз құрылыс­тың көбеюіне не себеп деп ойлайсыз?
– Мұндай апатқа жол беру – құрылыс жұмысын бастамас бұрын алдын ала зерттеп, өлшеп, тексеріп алмағанның салдары. Қазір осының бәрін ғылыми зерттейді. Мәселен, біз заманауи аппараттар сатып алдық. Яғни, оның көмегімен бетонның қалыңдығын сыртынан біле саламыз, арматураның қалыңдығын көре аламыз. Жердің тығыздығын өлшей алатын да апараттар бар. Үй салатын жерге барып бәрін алдын ала есептеп, зерттеу керек. Қазір біз үй тұрғызатын компанияларға «Бізге келіңдер, ақшасын төлеңіздер, есептеп береміз» деп айта аламыз. Негізінен, осылай болу керек. Кез келген үй салатын құрылыс компаниясы жердің топырағын өлшетіп, оның астында су бар-жоғын, қазықты құрғақ жерге жету үшін қанша метр қазу керек екенін алдын ала анықтату керек. Қазір жылдам үй саламыз деп, сапасына мән берілмей жатыр. Бүгінде ешкімнен ештеңе талап етіліп жатқан жан жоқ. «Ақшамды салып едім, үй құлап қалды, фирма жоқ болып кетті» дейтін жұрт көбейді. Жа­уапсыз мекемелер елдің тірнектеп жинаған ақшасын алады да, қашып кетеді. Іздесең, ол фирма жоқ немесе атауын өзгертіп жіберіп, мына жақта екінші сапасыз үйін салуды бастайды. Міне, қоғамның бүгінгі кеселі.
– Құрылыс саласында қанша маман даярлануда?
– Факультетте 20217 білім алушы бар, соның 313-і – магистрант. Жеті ғылым докторы бар. Астана еліміздің бас қаласы болғаннан ба, бізге оқуға түсушілер өте көп. Біз сәулет, дизайн, құрылысшы, инженерлік жүйелер мен желілер, геодезия және картография салалары бойынша мамандар дайындаймыз. Құрылысшы мамандығына гранттар көп. Республика бойынша 500 орын беріледі, соның 350-400-і біздің факультетке келіп түседі. Жылына 30-40 адам академиялық ұтқырлықпен шетелге барып, білімін көтеріп келеді. Мемлекеттік инновациялық даму бағдарламасы бойынша былтыр бізде 112 адам бітірді. Осы бағдарлама аясында студенттердің басым көпшілігі Корея, Германия, Турция секілді шел елдерге барып, білімін көтеріп келді.

Еуростандартқа сай мамандар даярланбақ
– Бітірген түлектеріңіз бірден жұмыс тауып кете ала ма?
– Бізді бітіргендердің 80 пайызы жұмысқа орналасады. Әсіресе, құрылыс инженері мамандығын алғандардың көбі Астанада қалғысы келеді. Аймақтарға барғысы келмейді. Оларға «Елге барыңдар, отбасы құрып, жақсы табыс тапсаң, әлемнің кез келген жерін шарлайсыңдар» деп кеңес беріп қоямыз.
– Елорда төрінде құрылыстың қар қыны жоғары екені белгілі. Сырттай қарағанда, көбіне шетелдік жұмыс­шыларды байқаймыз. Біздің мамандар қаншалықты осы құрылыстың басында жүр?
– Құрылыс болғанда оның көбі – қара жұмыс. Бізді бітіргендер – инженерлер.
Қазір мамандарды сертификаттау деген мәселе шығып жатыр. Ол – кәсіби маман екеніңізді бағалау, тексеру. Көбіне құрылысшылар шетелден келуде. Біздің мамандарды алайын десе, сертификат жоқтығын алға тартады. Соған қазір көп көңіл бөлудеміз. Балаларға сертификаттау орталығынан өтіңдер десек те, сертификат жасайтын орталықтар аз. Біздегі құрылыста тендер ұйымдастырылатын кезде жұмысшылардың 80 пайызы қазақстандық болуы керектігін айтамыз. Олар келіседі. Бірақ құрылыс басталғанда әлгі сертификаттың жоқтығын алға тартады. Сондықтан үй салатын кезде 20-30 пайыз ғана еліміздің азаматтары жүреді. Себеп, еуростандартқа сай маман жоқ. Сондықтан жоғарыда тілге тиек еткен ҮИИДБ бағдарламасына еуростандартқа сай мамандарды дайындау ісі енгізілді.
– Әңгімеңізге рахмет!

Әңгімелескен:
Гүлмира АЙМАҒАНБЕТ

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button