Жаңалықтар

МЬЯНМАДАҒЫ ҚЫРҒЫННЫҢ СЕБЕБІ НЕДЕ?

Тамыздың соңы мен қыркүйектің басында Мьянманың (бұрынғы Бирма) батыс қапталында үкімет әскерлерінің 400 мұсылманды қырып тастауы әлем жұртшылығын дүр сілкіндірген оқыс оқиғалардың бірі болды.

Саяси сарапшылардың айтуларына қарағанда, мұнда үкімет әскерлері мен ислам дініндегі рохинджалар арасындағы шиеленіс бұдан әлденеше ондаған жылдар алдын, өткен ғасырдың 40-жылдарында басталған. Сол тұста өңірге егелік етіп келген Ұлыбритания Бирмаға тәуелсіздік береді. Ағылшын үкіметі тәуелсіздіктің осындағы барлық шеткі ұлттық аймақтарға да тән екенін айрықша атап көрсеткен. Бұл азаттық сондықтан Бирманың Бангладешпен шектесетін Бенгал шығанағындағы ұзынша тілік жағалауды жайлап жатқан қазіргі Аракан немесе Ракхайн атты рохинджалар штатына да тиесілі болды. Бірақ ел шебіндегі жеті штаттың бірде-бірі, соның ішінде Ракхайн да өздері күткен егемендікті ала алмады. Сондықтан олар Бирманың жаңа билігін мойындамады. Тек кейінгі жылдары ғана Мьянма билігі олардың қарсылық қозғалыстарын біршама тежегендей болып еді.

Алайда елдің билігі Ракхайн жеріндегі рохинджа қауымын мұнда бір кездері заңсыз келген мигранттар және халықаралық террорлық ұйымдарға дем беруші ислам содырлары ретінде көрсетуін тоқтатпады. Олар тіпті бұдан екі жыл бұрын жүргізілген халық санағында да есепке алынған жоқ. Сол рохинджалар осы күнге де­йін Мьянма азаматтығын да алмаған. Сондықтан билік оларды заңсыз мигрант, шетелдік интервенция әрекеті деп бағалап отырғаны да жасырын емес. Бұл қауым мен биліктің арасындағы қақтығыстың жаңа толқыны 2016 жылдың күзінде басталды. Осы шиеленіс ушыға түскен биылғы тамыздың соңында «Рохинджа Араканын құтқару армиясы» тобының сарбаздары рохинджаны қуғынға түсіргендері үшін кек қайтару мақсатында үкіметтің 30 әскери нысаны мен полиция учаскелеріне шабуыл жасап, 15 адамды өлтіреді.

Бұған іле жауап қайтарған билік бірден жүздеген рохинджаны қа­мауға алды. Ал 1 қыркүйек күні осы операция барысында шамамен 400 содыр мен 17 бейбіт тұрғынның оққа ұшқанын мәлімдеді. Қанды қырғын салдарынан сол күндері 125 мың рохинджа Бангладешке, Бенгал шығанағындағы адам тұрмайтын аралдарға, сондай-ақ өзен жағалауына қашып барған. Босқындар биліктің жазалаушы жасақтары қаруынан қаза тапқандар санының тіпті 3 мың адамнан да асып түсетінін айтып отыр. Үкімет әскерлері сонымен қатар көптеген деревняларды жойып жіберіп, адамдарға зорлық көрсеткен. Қазір өзен жанындағы бейтарап территорияларда 20 мыңнан астам рохинджа тұрып жатыр. Ал Бангладештегі босқындар лагеріне осы халықтың 300-400 мың өкілі жиналып қалған.

Қазір Бангладеш те, Малайзия да, Үндістан да рохинджа босып келген жұртты өздерінде қалдырғылары жоқ. Мысалы, Үнді елі босқындар мәртебесі жөніндегі конвенцияға қол қоймағанын желеу етіп, өз жеріне келген 40 мың адамды кері қайтарып жібермекші. Бангладеш оларды Тенгар Чар аралында ұстаған жөн деп санайды. Бірақ қарақшылар мен контрабандистер ғана келіп-кетіп тұратын бұл мекен бірде-бір мемлекеттің бақылауына алынбаған екен. Мұның үстіне, аралда ешқандай инфрақұрылым жоқ, ал жаңбырлы маусымда оның бір бөлігі су астында қалады. Сондықтан халықаралық қауымдастық бұл идея­ны қолдай қоймады.

Рохинджаның Мьянманы мекен ету жайы туралы бірнеше болжам бар. Олар өздерін орта ғасырларда Үнді мұхиты жағалауын жаулап алуға келген арабтар тұқымы санайды. Болса болар. Өйткені тілдерінде санскрит, араб, парсы және португал тілдерінен енген сөздер өте көп. Ал Мьянма билігі мен буддист тұрғындар рохинджаларды бір кездері Британия отаршылары арзан жұмыс күші ретінде бұрынғы Шығыс Пәкістан, қазіргі Бангладеш жерінен шығысқа әкеп орналастырған бенгалдық мұсылмандар, сондай-ақ 1971 жылы Пәкістанмен тәуелсіздік жолында болған соғыстан қашып келген қашқындар деп қана таниды.

Мьянмадағы оқиғаға Түркия президенті Реджеп Тайип Ердоған бірден баға берді. Ол мұны «мұсылмандарға жасалған геноцид» деп атады. «Демократия бүркемесімен жасалған геноцидке көзін жұма қарағандар оған қатысушылар болып табылады, – деді Ердоған. – Аракандағы бұл адамдарға ешқандай мән бермеген әлем БАҚ-тары да осы қылмысты жасағандар қатарынан көрінеді. Бұдан жарты ғасыр бұрын бұл мұсылмандар қауымы 4 млн адам еді, осындай ұдайы қырғын мен қуғын салдарынан қазір олардың үштен бірі ғана қалған». Мұндай айыптауды Ресей президенті Владимир Путин де білдірді. Мұның алдында Мәскеудегі Мьянма елшілігі алдына жүздеген адам жиналып, жантүршігерлік қыр­ғынға қарсылық танытты. Ал 3 қыркүйек күні Грозныйда 1 млн адамның қатысуымен үлкен шеру өтіп, қатысушылар Мьянма билігінің әрекетін қатаң ­айыптады.

Түркия президенті сейсенбі күні Мьянманың іс жүзіндегі басшысы, мемлекеттік кеңесші және Сыртқы істер министрі Аунг Сан Су Чжи ханымға телефон арқылы хабарласып, елдегі әскерилер мен буддист сарбаздарының мұсылман рохинджаларды қырғынға ұшыратуларын жедел тоқтату жөнінде талап қойды. Ол өзінің сөзінде Мьянма лидерін егер бұған тежеу салынбаса, бүкіл елді соғыс өрті жалмап алып, оның көрші елдерге дейін жайылып кететінін ескертті. Түрік басшысы, бұған қоса, босқындардың ұрыс қимылдары жүріп жатқан жерлерден халықаралық бақылау­шылар қадағалауымен шығып кетулері үшін кепілді дәліздер жасау керек дегенді ұсынды.

Ол сонымен бірге рохинджаларға жан-жақты көмек көрсетілуі үшін күллі әлемдегі ислам және басқа да қауымдастықтарды табанынан тік тұрғызатын ойы барын ашып айтты. Анкара тап осыған байланысты мұсылман әлемін Ислам ынтымақтастығы ұйымының отырысын өткізуге, сондай-ақ Бангладештің босқындарды күтуге кететін шығындарын көтеруге шақырды. Мұның соңын ала Пәкістан мен Индонезияның лидерлері де Мьянма басшылығына шығып, елдегі тәртіпсіздіктер мен қанды қыр­ғындарға тосқауыл қоюды талап етті. Тіпті Сиси хунтасының өзі «мұсылмандар қырғынын» айыптап, Мьянма билеушілерін «жағдайды бақылауға алуға» үндеді. Ал бұрнағы күні Реджеп Ердоғанның зайыбы Эмине жанына ұлы Билалды алып, Түркия делегациясы құрамында Бангладешке ұшып барды. Олар қазіргі күндері мұндағы Мьянмадан қашып келген рохинджалар лагерьлерін аралап көріп жүр.

Мьянма лидері Аунг Сан Су Чжи сәрсенбі күні Ракхайн штатында дағдарыс басталғалы бері бірінші рет өз ойын білдіріп, рес­публикадағы оқиғалар төңірегіндегі ақпарлардың жалғандыққа толы екенін мәлімдеді. Ол өзінің түсіндірмесін Түркия президентімен телефон арқылы сөйлескеннен кейін Facebook әлеу­меттік желісінде жариялады. Министрдің айтуынша, «Түркия басшылығының қолына Бирманың сыртында түсірілген көптеген жасанды суреттер түскен». «Бұл – әртүрлі қауымдас­тық өкілдерінің терроршылар мүдделерін қозғауға негізделген жалған ақпарлары мұзтауының беті ғана» деді ол. Аунг Сан Су Чжи сондай-ақ «Мьянмада терроризмнің өркен жайып кетпеуі үшін әлемнің түкпір-түкпіріндегі достармен әріптес болу» ниеті бар екенін де жеткізді. «Біз ел адамдарының өз құқықтарын қорғай білулеріне ықпал ететін боламыз» деді ол өз сөзінде.

Ұлыбритания, өз кезегінде, рохинджа жағдайын БҰҰ Қауіпсіздік кеңесінің арнайы отырысында қарауды талап етті. Бірақ бұл Қытайдың келіспеу­шілігіне байланысты тоқтап қалды. Аракан жеріндегі қанды қасапты АҚШ-тың БҰҰ-дағы елшісі Никки Хейли де сынады. Мұның орнына мұсылмандардың Ракхайндағы буддистерге қарсы жасаған жаппай қылмыс­тары жайында айтылып жатыр. Алайда мұның анық-қанығын дәл қазір ажырату мүмкін емес. Себебі билік бұл күндері елге ­сырттан келетін журналистерді де, құқық қорғаушыларды да ­жіберіп отырған жоқ.

Серік ПІРНАЗАР 

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button