Рухани жаңғыру

ЛАТЫН ӘЛІПБИІ: БҮГІНІ МЕН КЕЛЕШЕГІ

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласында қазақ әліпбиін латынға көшіру мәселесіне қайта оралу керектігін айтып, тіл мамандарына жарты жылдың ішінде мәселені зерттеп, нақты ұсыныстармен шығуды тапсырған еді. Осы ретте дүйсенбі күні Парламент Мәжілісінде «Мемлекеттік тілдің латын графикасындағы әліпбиінің бірыңғай стандартын енгізу мәселелері туралы» парламенттік тыңдау өтеді.

«Әлем қазақтарының басын қосады»

Осыдан бірнеше жыл бұрын елімізде латын әліпбиі туралы мәселе көтерілгенде, әсіресе сыртта жүрген қазақ жастары қатты қуанды. Сол кезде Ресей мемлекеттік мұнай-газ университетінің түлегі Ұлан Бақытұлы латын әліпбиіне қатысты сыртта білім алып жүрген қазақ жастарының бірлесіп дайындаған жобасын «Астана ақшамы» газетіне жолдаған еді.

Бұл пікірді сыртта жүрген бауырларымыз көп айтады. «Латынға көшу арқылы әлем қазақтарының басын қосуда үлкен жеңіске жетуге болады. Қазақ жазуының бірлікке келуі арқылы ел бірлігін нығайтуға, әлем қазақтарының мәдениет және тәжірибелерін алмастыруда игі істер атқарылар еді» дейді шетте жүрген қандасымыздың бірі Ұлан Бақытұлы. Оның айтуынша, ұлт көсемі Әлихан Бөкейхановтың «Қазақтардың басын қоспай, қазақ қазақ болмайды» деген сөзін естен шығармауымыз керек.

«Кезінде өз тарапымыздан шыққан жобаны Қазақ еліне ұсындық. Біз азаматтардың ортақ бекімі негізінде жасалатын латын әліппесін құрадық. Жобаны дайындау­да Түркияда білім алған әрі түрік тілінің маманы Елдес Ордалаштың еңбегі зор. Әлихан бабамыздың мына бір сөзі әркез есте болуға тиіс деп ойлаймын: «Қазақтың болашағы, кең мағынада алғанда, батыстан үйренуде». Латынға көшудің үлкен арнасы батыстың ақаусыз мәдениетін және өнеркәсіп техникасын қабылдауда және қазақ халқының әлем өркениеті мен руханиятына үлес қосып, өз елінің мемлекеттік идеологиясын бекемдеуде тарихи рөлі зор болмақ.

Кирилл әліпбиіне күштеп көшкенбіз
Тарих ғылымдарының докторы, профессор Бүркіт Аяғанның пікірінше, латын әліпбиіне көшу – заман талабы. Өйткені, әлемнің 100-ден астам мемлекетінде латын әліпбиі қолданылады. Елбасының алдағы жылдарда мықтап қолға алуды қажет деп санаған жобаларының бірі – қазақ тілін біртіндеп латын әліпбиіне көшіру жұмыстарын бастау. Осыдан бес жыл бұрын қабылданған «Қазақстан-2050» стратегиясында латын әліпбиіне көшу 2025 жылдан басталатыны туралы жарияланды. Латын әліпбиіне көшу жөніндегі мемлекеттік комиссия да құрылып, құрамы бекітілді. Латын әліпбиіне көшірудің нақты кестесін жасауға тапсырма берілді. Ең бастысы, сең қозғалды.

«Өркениетті дүние латын таңбаларын ертеден пайдалануда. Әлемнің 100-ден астам мемлекетінде латын әліпбиі қолданылады екен. Туысқан Түркия елі 1929 жылы, Әзербайжан 1992 жылы, Өзбекстан мен Түркіменстан 1993 жылы латын жазуына көшкен болатын. Қазақстан 1929-1940 жылдары латын жазуын пайдаланғаны тарихтан мәлім. Бірақ Кеңес Одағының идеологиялық ұстанымына орай, Қазақ елі күшпен кирилл әліпбиіне көшірілген болатын. Жалпы өткен XX ғасырда Қазақстан 3 рет әліпби ауыстырды. Орта ғасырлардан бастап 1929 жылға дейін араб графикасын, 1929-1940 жылдары латын графикасын, 1940 жылдан қазіргі күнге дейін кирилл әліпбиін қолданудамыз» дейді профессор Бүркітбай Ғелманұлы.

Қырын қарап жүрген кімдер?

Осыдан төрт жыл бұрын бір топ зиялы қауым Елбасыға ашық хат жазып, латын әліпбиіне көшуге қарсылық танытқаны белгілі. Ағаларымыздың кириллицамен басылған миллиондаған басылымдардың тағдырына алаңдағаны, бір жағынан әрине орынды. Олжас Сүлейменов, Мекемтас Мырзаахметов, Амангелді Айталыдай ұлтжанды ғалымдардың өзі латынға көшуге сақтықпен қарауға шақырды.

«Әрине, кез келген реформа ешқашан оңайлықпен қолдау тауып жүзеге аса бермейді. Қоғамда, әсіресе зиялы қауым өкілдерінің бір бөлігі консервативті көзқараста болып жатады. Алдағы уақытта ұлт зиялылары ортақ пікірге келетін шығар. Мұны қалыпты жағдай, халықтық пікір алмасу деп қабылдаған жөн. Кейбір дерек көздеріне қарағанда, алғашқыда халықтың 45 пайызы қарсы болып, 11 пайызы ғана қолдағаны туралы мәліметтер кездесті. Дегенмен, Президент бұл мәселе бойынша саяси шешім қабылдады. Ол 2017 жылдың аяғына дейін ғалымдардың көмегімен, барша қоғам өкілдерімен ақылдаса отырып, қазақ әліпбиінің жаңа графикадағы бірыңғай стандартты нұсқасын қабылдау керектігін айтты. Еліміз 2018 жылдан бастап жаңа әліпбиді үйрететін мамандарды және орта мектептерге арналған оқулықтарды дайындауға кіріседі. Алдағы 2 жылда ұйымдастыру және әдістемелік жұмыстар жүргізілуі тиіс» дейді Мемлекет тарихи институтының ғалымы Сейт­қали Дүйсен.

Ал «Қырын қарап жүрген кімдер?» деген сауалға келсек, әрине тілдік реформа мемлекеттің ішкі шаруасы болса да, орыстың кейбір ғалымдары бұл мәселеге келгенде ойларын бүкпесіз айтуда.

«Мәселен, Стариков «Своя правда» радиохабарында біздің латын әліпбиіне көшуімізге уәж айтқан. Біріншіден, латынға көшсе Қазақстандағы орыс тілі ығыстырылып шығарылады. Екінішіден, пантюркизм идеясының жандануына әкеледі.Үшіншіден, Қазақстанға 1 млрд долларға дейін шығын келеді-міс. Қалай дегенмен Қазақ елі тілдік реформа жасауға кірісті. Бұл әлемде қалыптасқан заманауи қажеттіліктен туындауда. Зиялы қауым өкілдері тілдік реформаның қажеттігін өздері ғана түсініп қоймай халыққа жеткізсе, ұғындырса, насихаттаса жөн болар еді» деп түйіндейді Сейтқали Жахияұлы.

Гүлмира АЙМАҒАНБЕТ

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button