Қала тіршілігі

Праймеризге қатысушылар бастамалары ескеріледі

Праймеризге қатысушылардың бағдарламаларында елорданы дамыту мен әлеу­меттік қолдау шараларын жақсарту ескеріледі. Елорда әкімі Алтай Көлгінов екі күн бойы Нұр-Сұлтан қаласының әр ауданынан бәсекеге түскен кандидаттармен кездесті. Жүздесулер барысында «Ашық микрофон» форматында қатысушылар бағдарламаларының бағыттары мен одан әрі ынтымақтастық мүмкіндігі талқыланды. Бұл туралы қала басшысы өзінің Instagram-дағы парақшасында жазды.

«Олар мектеп үйірмелерінің желісін кеңейту және ерекше қажеттілігі бар азаматтарды оңалту, экологияны жақсарту және шағын және орта бизнесті қолдау, тұрғын үй шаруашылығын жаңғырту және баспана алу бағдарламаларына жаңа әдістерді енгізуге дейінгі сындарлы ұсыныстар айтты. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев халыққа арнаған Жолдауында осы бағыттарды дамытуға баса назар аударды. Олар сондай-ақ Nur Otan партиясының сайлауалды бағдарламасында көрініс тапты» дейді А.Көлгінов.

Әкім қатысушылар праймеризді өткізуге барынша жауапкершілікпен қарап, әр қатысушы халыққа түсінікті, мәселелерді шын мәнінде шешетін бағдарламаларды ұсынғанын жеткізді. Олардың бағдарламаларды одан әрі дамыту үшін қажетті тәжірибесі бар екенін анық көруге болады.
«Барлық аудандардағы кандидаттар бұл соңғы нәтиже емес екенін, бағдарламаларды іске асырудың бастамасы ғана екенін айтып отыр. Праймеризге қатысушыларды жобаларды әзірлеуге және талқылауға тікелей тарту, қандай да бір идеялар мен ұсыныстар егжей-тег­жейлі талқыланатын алаң құру туралы идеясын қолдадым. Өз тарапымыздан праймеризге қатысушылардың жақсы бастамалары мен жобаларын ескереміз. Үгіт-насихат жұмыстары жаңа тұлғаларды, идеялар мен тәсілдерді анықтауға мүмкіндік берді. Партия көшбасшысы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев праймериздің мақсаты халықтық партиялық тізімдерді қалыптастыру және барлығына тең жағдай жасау екенін атап өтті. Бұл – жасқа, тамыр-таныстыққа қарамайтын әлеуметтік лифт. Бірлескен күш-жігердің арқасында үлкен нәтижелерге қол жеткізуге болады» деп сөзін түйіндеді әкім.
Алтай Көлгінов праймеризге қатысқан белсенді азаматтарға алғысын білдірді.

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button