Басты ақпарат

Қасым-Жомарт ТОҚАЕВ: Қатерді ашық айтып, шешу жолдарын ұсынайық

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев COVID-19 індетінің екінші толқынына дайындық мәселелері бойынша кеңес өткізді.

Президент өз сөзінде көптеген елде эпидемиологиялық ахуалдың нашарлағанын атап өтіп, осыған байланысты ахуал ушыққан жағдайда оған мемлекеттік органдардың дайын болуы қажет екенін айтты. Президент түйткілді мәселелерді айта келе, тест сынамаларын алу көлемінің азайғанына назар аударды.

 

Президент індетке қатысты еліміздегі ахуал тұрақтанғанымен, басқа көптеген елдердегі жағдайдың ушығуына алаңдаушылық білдірді. Жаз айларындағы қиындықтарды естен шығармай, босаңсуға болмайтынын ескертті. Әлемде болып жатқан оқиғалардан сабақ алып, елдің берекесі мен бірлігін, амандығын сақтауға үндеді. Ел болып, жұмыла білсек қана кез келген қиындықты жеңетінімізді қадап айтты. 

Мемлекет басшысы алғашқы кезеңде жіберілген қателіктерді талдауға уақытымыз жеткілікті болғанына екпін түсірді. Сондай-ақ эпидемияға қарсы күрес кезінде жинаған тәжірибемізді мейлінше тиімді пайдалану қажеттігін жеткізді. Қазір көптеген елдерде санитарлық жағдай күрделенгенін, бұл індеттің қайта өршитінінің белгісі екенін қадап айтты. Билік пен бұқараны күресуге дайын болуға шақырды. «Эпидемияны ауыздықтау – оңай шаруа емес. Оның экономикаға және халықтың әл-ауқатына тигізетін салдарын барынша азайту – маңызды міндет. Біз жан-жақты ойластырылған және нақты шаралар қабылдауымыз керек» деп мәлімдеп, бірқатар түйткілді мәселелерге толығырақ тоқталды.

«Бүкіл әлемде зертханалар желісінің кеңейгеніне және тес­тілеу бағасының төмендегеніне қарамастан, елімізде оның құны жоғары болып отыр: 10 мыңнан 18 мың теңгеге дейін. Тұрғындардың басым бөлігі үшін бұл баға қымбат деп ойлаймын. Үкімет пен әкімдіктер тест сынамасын алудың қаржылай қолжетімділігі мәселесін шешуі керек. Сонымен қатар басқа елдермен, соның ішінде, Ресеймен салыстырғанда бетперделердің бағасы әлі де шарықтап тұр. Оның да бағасын төмендету қажет. Үкімет бетперделердің бөлшек саудадағы шекті бағасын 60 теңге көлемінде бекітуді жоспарлап отыр. Маған хабарлаған мәлімет бойынша, Ресейде бұл баға 20-30 теңге шамасында. Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігіне мұндай бағалардың сәйкестігіне талдау жасап, зертханалық қызметтер мен жеке қорғаныш құралдарының бағаларына мониторинг жүргізуді тапсырамын» деді Мемлекет басшысы.
Президент ел тұрғындарының жаз маусымында дәрі-дәрмек тапшылығын көргенін жиынға қатысушылардың есіне салды. «Біз жаз айларында дәрі-дәрмек тапшылығын айқын сезіндік. Менің тапсырмам бойынша нақты жұмыс атқарылды. Атап айтқанда, екі айға жететін қор жасақталып, ең қажетті деген дәрі-дәрмектің тізімі ұлғайтылды. Оны сырттан әкелу және тіркеу тәртібі жеңілдетілді. Бірақ, өңірлерде дәрі-дәрмектерді тұрақтандыру қорларының көлемі және дайындық жұмыстары біркелкі емес. Мысалы, Батыс Қазақстан және Ақтөбе облыстарында – екі жүз миллион теңгеден. Маңғыстау облысында – үш жүз миллион теңге. Ал, Нұр-Сұлтан қаласында бір миллиард алты жүз миллион теңге, Алматыда – бес миллиард теңге. Үкіметке әкімдермен бірлесіп, екі апта ішінде тұрақтандыру қорларын белгіленген нормативке сәйкес жасақтауды және медицина инфрақұрылымының толық дайын болуын қамтамасыз етуді тапсырамын» деді Президент.
Мемлекет басшысы пандемияның екінші толқыны болған жағдайда негізгі салмақ тағы да медицина қызметкерлеріне түсетінін атап өтті. Президенттің тапсырмасы бойынша екінші жартыжылдықта төлемақы үшін 150 миллиард теңгеден астам қаржы бөлінген. Бірақ үстемақы және сақтандыру төлемдерін алуда әлі күнге дейін бюрократиялық кедергілер бар.
«Жергілікті жерлерде үстемақыға қатысты «цифрмен ойнау» мәселесі жалғасуда. Бұл қаржы бөлу ісінде осы уақытқа дейін ашықтық жоқ. Мұндай жағдайды болдырмау қажет. Бас дәрігерлер жұмыс уақытының есебін түзетуді медицина қызметкерлерінің пайдасына емес, керісінше жасауға тырысып жүр. Дәрігерлер өздеріне тиесілі ақшаны сұрап алмауы тиіс. 30 қыркүйектегі мәлімет бойынша пандемия кезінде бұл індеттен 182 медицина қызметкері көз жұмды. Қазіргі кезде бұл жағдайларды түрлі комиссиялар қарастыруда. 37 отбасына ғана жәрдемақы төленді. Мұндай жағдайға мүлде жол бермеу керек. Өлім себептерін адам қайтыс болғаннан кейін анықтау көптеген қиындықтар, соның ішінде, этикалық сипаттағы түйткілдерді туындатады. Осы орайда Үкіметке қайтыс болған медицина қызметкерлерінің отбасыларына егжей-тегжейлі тергеу жүргізбей, тиісті барлық жәрдемақыны төлеуді тапсырамын. Медицина қызметкерлерінің қызмет барысында науқасқа шалдығуы расталған жағдайда олардың төлемақылары қысқа мерзім ішінде сөзсіз төленуі тиіс» деді Президент.
Президент өз сөзінде басқа да ауру түрлері бойынша тиісті медициналық көмек көрсетудің маңыздылығын атап өтті. Мемлекет басшысы ана мен бала денсаулығын қорғау бойынша жағдайдың нашарлағанына арнайы тоқталды.
«Былтырғы 8 айда 36 әйел қайтыс болса, биылғы 8 айда 131 әйел қайтыс болды. Мысалы, Ақтөбе облысында бұл көрсеткіш шамамен 13 есе, Қызылорда облысында 9 есе, Шымкент қаласында 7 есе артты. Неге бұл адамдарға көмек көрсетілмеді? Қандай шаралар қабылданып жатыр? Үкіметке өңірлермен бірлесіп, аталған фактілердің әрқайсысын тексеріп, нәтижесін баяндауды тапсырамын. Ана мен баланы қорғау, онкологиялық, кардиологиялық, пульмонологиялық және медициналық көмектің басқа да түрлерін көрсету – ел алдындағы міндетіміз. Әкімдерді, жалпы Үкіметті бұл міндеттен ешкім босатқан жоқ» деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Сонымен қатар кеңесте басқа да мәселелер қарастырылды. Президент халықтың тыныс-тіршілігін қамтамасыз ететін қызметтердің үздіксіз жұмыс істеуінің маңыз­дылығын атап өтті. Мемлекет басшысының пікірінше, азық-түлік қауіпсіздігі мен әлеуметтік маңызы бар тауарлардың бағаларына қатысты мәселелер ерекше назар аударуды қажет етеді. «Азық-түлік қауіпсіздігі мәселесіне ерекше назар аударуымыз керек. Елімізде жыл басынан бері әлеуметтік маңызы бар азық-түліктердің бағасы 4 пайызға өсті. Статистикалық мәліметтер бойынша, 2020 жылдың қаңтар-қыркүйек айларында 2019 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда қарақұмық, сары май, қой еті, жұмыртқа, сиыр етінің бағасы күрт қымбаттады. Нан мен сүт бағасы 8 пайызға өсті. Қышқылсүт өнімдерінің құны 7 пайызға ұлғайды. Сондықтан өңірлердің әкімдеріне тұрақтандыру қорларына азық-түлік қорын дер кезінде жинауды, сондай-ақ бағаны ырықтандырудың өзге де тәсілдерін жүзеге асыруды тапсырамын» деді Мемлекет басшысы.
Қасым-Жомарт Тоқаев ­Қазақстанды елдегі экономикалық белсенділіктің күрт төмендеуінен шыға алды деп есептейді. Бизнесті ынталандыру жөнінде шаралар қабылданып, тұрғындардың аз қамтылған топтарына көмек көрсетілді. Дүниежүзілік банк еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуының негізгі көрсеткіштерінің қарқынын жоғары бағалады. «Бұл ретте, бүкіл әлем бойынша пандемияның жақындап келе жатқан екінші толқыны жаңа міндеттер жүктейді. Үкімет келесі жылы дағдарысқа қарсы іс-шараларды жалғастыру үшін қажетті ресурстар мен шаралар жиынтығын қамтамасыз етуге міндетті. Менің тапсырмам бойынша әлеуметтік-экономикалық ахуал күрт ушыққан және індеттің жаңа толқыны болған жағдайда жүзеге асырылатын кешенді іс-шаралар жоспары дайындалды. Алайда, бүгінгі таңда Ресейге санкциялық қысымның күшеюі, Қап тауындағы және бізбен көршілес елдердегі жағдайдың шиеленісуі, өзге де сыртқы факторлар дағдарысқа қарсы жоспарларымыз бен болжамдарымызды тиянақты, қатесіз жасауды талап етуде. Осыған орай, Үкіметке Ұлттық банкпен бірлесе отырып, жоспарларына өзгеріс енгізіп, қазан айының соңына дейін Президент Әкімшілігіне келісуге ұсынуды тапсырамын» деді Қ.Тоқаев.
Президент бұдан әрі халықпен қарым-қатынас жасаудың және кері байланыс орнатудың аса маңызды екеніне назар аударды. «Пандемияға қарсы күрестегі табыс, негізінен, халықтың қабылданған шаралар мен шешімдерге деген сенімінің деңгейіне байланысты. Мұны тәжірибе көрсетті. Ал сенім азаматтардың билік тарапынан атқарылып жатқан іс-қимылдарға түсіністік танытып, қолдау көрсетуіне байланысты. Халықпен тұрақты диалог жасап отыру керек және тұрғындарға туындаған мәселелер мен қатерді шынайы әрі ашық айтып, оны шешудің жолдарын ұсыну қажет. Жағдайдың ушығуы санитарлық және алдын алу шараларын қатаң сақтауға байланысты екенін бизнес өкілдері мен азаматтарымыз түсінуге тиіс. Шынайы және оптимистік жағдайлар бойынша биыл қатаң шектеу шараларын енгізу қажеттігін болдырмауымыз керек және оған мүмкіндігіміз бар» деді Мемлекет басшысы.
Қасым-Жомарт Тоқаев індетпен бірігіп күресудің нақты нәтижеге жеткізетінін қадап айтты. Үкімет пен әкімдерге өзінің тапсырмаларын мүлтіксіз орындауға пәрмен берді. «Қазір әлемдегі жағдай күрделі. Тіпті, кейбір аймақтардағы ахуал ушыға түсті. Бұл жағдай, әрине, бізді де алаңдатады. Барлығымыз ел ішінде және айналамызда тұрақтылық болғанын қалаймыз. Сондықтан әлемде болып жатқан оқиғалардан сабақ алуымыз керек. Елдің береке-бірлігі мен амандығы бәрінен қымбат. Әсіресе, бұл қазіргідей кезеңде өте маңызды. Әлемді жайлаған пандемияға және экономикалық дағдарысқа төтеп беру үшін мемлекет барлық қажетті шараларды қабылдауда. Бірақ бұл жұмыс бүкіл ел болып, жұмыла білсек қана өз нәтижесін береді. «Төртеу түгел болса, төбедегі келеді» деген дана халқымыз. Біздің барлық жетістіктеріміз, ең алдымен, ауызбіршіліктің арқасы. Осыны ұмытпаған жөн» деп сөзін түйіндеді Президент.
Жиында Премьер-министр Асқар Мамин, Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой, Нұр-Сұлтан қаласының әкімі Алтай ­Көлгінов, Алматы қаласының әкімі Бақытжан Сағынтаев, Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтенов, сондай-ақ Атырау облысының әкімі ­Махамбет Досмұхамбетов сөз сөйледі.

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button