Руханият

Қабанбай батырдың қанжары

Өткен аптада Ұлттық музейде ашылған «Түркістан жауһарлары» көрмесінде бір жәдігер бізді елең еткізді. Бұл жәдігерге «Қабанбай батырдың қанжары. ХVIII ғасыр. (түпнұсқа)» деген анықтама берілген.

Тиісті деректе «Әзірет Сұлтан» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-музейінің қорына қанжарды батырдың ұрпағы, Қазақстанның халық суретшісі Сахи Романов тап­сыр­ды делінсе, көп жыл музейдің бас қор сақтау­шысы болған Орынбай Дастанов жәдігерді белгілі мемлекет және қоғам қайраткері Өзбекәлі Жәнібеков суретшіден алып, өз қолымен әкеліп тапсыр­ғанын айтып кеткен.
Музей маманы Қайыржан Күзембаев Қабанбай батырдың қанжары жайлы көлемді мақала жазды. Соған сүйенсек, қанжардың ұшынан сабының басына дейінгі ұзындығы – 33,5см. Ұстарабасының (жүзі) ұзындығы бір кереқарыс – 22,5 см. Қалыңдығы – 0,5 см. Ұстарабасы (жүзі) асыл, болат темірден тапталып соғылған. Жүзі өткір, лыпылдап тұр. Ұстарабасының екі жанында, ұшынан мүйіз саптың желке­лігіне де­йін сыртынан 0,5 см мөлшерінде төмен өзегі бар. Қанжардың ұстарабасының жалпақтығы – 2,5 см.
Сабының басы құс тұмсық болып келген, қаймақтай сары түстес, пілдің мүйіз сүйегінен жасалған, ұзындығы бір сү­йемдей – 11 см. Ұстарабасын мүйіз сүйекке қорғасын құ­йып бекітіп, екі жақ таңдайына оюлы күміс төсеп, сабының желкелік сыртына шеңберлеп күмістен сақина жасап, күміс сақина ортасына 21 дана төртбұрышты жасыл, көк түсті асыл шыны тастарды салып орнатып бекіткен. Қанжардың салмағы бір келі шамасында, нақтырақ айтқанда, 800-900 гр мөлшерінде. Қыны қайың ағашынан жасалып, сырты жылтыр қара қоңыр түске боялған таза өгіз терісі былғарымен қапталған.

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button