Әлеумет

Қиын жағдайда паналайтын мекен

Астана қаласы әкімдігіне қарасты «Өмірлік қиын жағ­дайда қалған адамдарды әлеуметке қосу орталығы» мекемесі – құжаттарын жоғалтып, үйсіз-күйсіз жүрген жандарға әлеуметтік көмек көрсететін бірден-бір мекеме.

Бір уақытта 180 адамды қабылдауға қауқарлы мекемеде жабырқау жан­дардың құжатын түгендеп, тіршілікке қайта бейімдеу үшін барынша жағдай қарастырылған. Мәселен, таза төсек-орын, жуынатын бөлмелердің барлығы талапқа сай. Үш уақыт тамақ беріледі. Соған орай қысы-жазы бұл жерден келушілер қатары үзілмейтін көрінеді. Онымен қоса мекеменің 50 орындық түнгі бөлімшесі де жүйелі түрде жұ­мыс істейді екен. Мұнда адамдарды тасымалдауға арнайы жабдықталған көліктер, өрт қауіпсіздігінің дыбыстық сигнализациясы, 24 бейнебақылау камерасы бар.
Мекеме басшысы Мұрат Қариевтің айтуынша, өткен жылы мекемеге 1685 адам түсіпті. Оның 893-і астаналық болса, 27-сі – шетелдік, басқалары өзге өңір азаматтары болған. Ал түнгі бөлімшеге 7628 адам қабылданыпты (3897-сі – елордалық, 175-і – шетелдік, қалғаны – басқа аймақ тұрғындары). Осы адамдардың 85-інің құжаты қалпына келтіріліпті. Ал 114 адам тұрғылықты жерлеріне жіберілсе, 110 адам отбасыларына қайтарылыпты. Сонымен қатар 19 адам «Шарапат» әлеуметтік қызмет көрсету орталығына және психоневрологиялық медициналық-әлеуметтік мекемеге ауыстырылса, 10 адамға мүгедектік тобы рәсімделіпті. Сондай-ақ 919 адам флюорографиялық тексеруден өтіп, олардың 137-сінің өкпесінде өзгеріс бар екені анықталып, 24-і туберкулез диспансеріне, 92-сі түрлі сырқатпен стационарлық емдеу мекемелеріне жатқызылыпты.
– Біздің мекеме мамандарын да ақ халатты абзал жандар сияқты адам жанының арашашысы болуға лайық мейірімді жүректердің тоғысқан ортасы деп айтуға болады. Мамандарымыз жыл сайын біліктілікті арттыру курстарынан өтіп тұрады. Қаланың қоғамдық өміріне, спорттық және мәдени шараларына да белсенді түрде қатысады. Өмірлік қиын жағдайда қалған жандарға қол ұшын беруімізге қолдау көрсеткендерге шексіз ризашылығымызды білдіреміз, – дейді Мұрат Қариев.
Оның сөзінше, осындай жандарға әлеуметтік қызмет көрсетуде бірқатар ұйыммен ынтымақтастық туралы 10 меморандумға қол қойылыпты. 2012 жылдан бастап «Әлеуметтік патруль» ұтқыр қызметі мен диспетчерлік қызмет жұмыстары да қолға алынған. Сонымен қатар аталмыш мекеме елордадағы төрт ауданның полиция пункттерімен, медициналық әлеуметтік оңалту орталығымен, Астана қаласы ІІД көші-қон полициясы басқармасымен тығыз байланыста жұмыс жүргізеді екен.

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button