Әлеумет

ФИТНЕС орталықтары қолжетімді болса…

Жақында «Нұр Отан» партиясы Стратегиялық сараптамалар институтының аға сарапшысы Жанар Смақова биылғы «Жастар жылында» қандай мәселелер қолға алынуы керектігі жайлы өз ойымен бөлісті.

Солардың бірі ретінде сапалы білім жайына ерекше тоқталған маман мынадай негізгі қадамдарды іске асыруды ұсынды:
– Біріншіден, оқытушылар арасындағы бәсекелестікті арттырған жөн. Мәселен, батыс елдерінің жоғары оқу орындарында студенттер пәнді ғана емес, мұғалімді де өзі таңдайды. Яғни, мұғалімнің жалақы мөлшері осыған байланысты. Бүгінде біздің университеттерде де пән мен оқытушыны таңдау құқы бар болғанмен, бұл тәжірибе өз деңгейінде орындалып жатқан жоқ. Бір жағынан, мұны да түсінуге болады. Жалақылары аз болғандықтан, мұғалімдерді ынталандыру шынымен қиын. Қазіргі таңда Үкіметте мұғалім мәртебесі туралы заң жобасы қаралуда. Егер ол мақұлданса, педагогтарға қатысты біраз проблеманың түйіні тарқар еді. Екіншіден, оқу орындарының материалдық-техникалық базасын нығайту қажет. Елбасының былтырғы Жолдауына сәйкес, отандық жоғары оқу орындарын ірілендіруге байланысты саясат жалғасып жатыр. Сондай-ақ республиканың алуан өңірлерінде Назарбаев университеті үлгісіндегі оқу ордалары ашылады. Үшіншіден, білім беру процесіне қатысатын барлық адамдардың арасында осы саланың мәдениетін қалыптастыру аса маңызды. Оның ішіне мұғалімдер мен студенттердің өз істеріне жауапкершілігі, көп ізденіс, жемқорлыққа жол бермеу секілді жайттар кіреді. Оңтүстік Африка Республикасындағы Стелленбош университетінің кіреберісінде «Кез келген ұлттың жойылуы үшін білім сапасының төмендеуі жеткілікті. Сауатсыз дәрігердің қолынан науқастар қаза табады, сауатсыз инженер соққан құрылыс құлайды, сауатсыз заңгерлер әділетсіздікке есік ашады» деп жазылып тұр екен. Дәл айтылған сөз!
Бұдан соң Жанар Жұмағалиқызы жастардың жұмысқа орналасу мәселесі туралы да әңгіме қозғады. Оның ойынша, бүгінгідей мүмкіндік көп заманда әрбір университет түлегінің өз мамандығы бойынша қызметке тұруына кедергі аз. «Мәселен, өңірлерде оқитын студенттер Астанадағы мемлекеттік органдарда өндірістік тәжірибеден өтіп, оқуын бітірген соң, сонда қайта оралып жатқандарын бірнеше рет көрдім. Ол үшін, әрине, үміткер өзін жан-жақты көрсете білуі тиіс» дейді ол.
Әңгімеміз барысында тұрғын үй мәселесін де айналып өтпедік. Осы орайда кейіпкеріміз жастарға арналған тұрғын үй бағдарламасындағы лимитті 29 жастан әрі ұзартудың тиімділігін айтты:
– Мысалы, кейбір нормативтерге сәйкес, жас ғалым категориясына 35 жасқа дейінгі азаматтар жатады. Бұл – адамның едәуір тәжірибе жинақтап, аға әріптестерінен сабақ алып, толысатын, аяққа тұра алатын уақыты. Жастар отау құрып, балалы-шағалы болғаннан соң, үй алғылары келіп, жан-жағына қарай бастаған шақта жастары 29-дан асып кетуі мүмкін. Сондықтан мейлінше көбірек жас отбасылардың, жас мамандардың үйлі болғанын қаласақ, жас мөлшерінің шегін арттыру нұр үстіне нұр болар еді.
Маманның ойынша, «Жастар жылында» ерекше назар аударарлық тақырыптардың тағы бірі – денсаулық мәселесі. «Соңғы кездері жастар арасында салауатты өмір салтын ұстану трендке айналып барады десе де болады. Спорт жас астаналықтарды біріктіретін күшке айналды. Олар жыл бойы қолайсыз ауа райына қарамастан, таңертең жүгіреді, кроссфит және йогамен айналысады, әлеуметтік желілерде челлендждер ойлап табады. Марафондар мен «айронмендер» танымал бола бастау­да. Кешкілік 7-8-дер шамасында фитнес залдарға кірсеңіз де, қаптаған жастарды көресіз. Осы ретте қалалардағы мекемелер өз қызметкерлеріне сергек әрі шымыр болу жолдарында қолдау білдірсе, қандай тамаша! Кейбір компаниялардағы HR бөлімі ұйым қызметкерлеріне арнап фитнес-орталықтарда жеңілдіктер ұйымдастырып немесе жаттығу құралдарын өз кеңселеріне әкеліп орнатады. Мысалы, «Нұр Отан» партиясы орталық аппаратының қыз­меткері ретінде, мен аптасына екі рет әріптестеріммен бірге өз кеңсеміздегі йогаға барамын. Осындай тәжірибелерді барша өңірлердегі компаниялар да ескеріп, қадамдар жасаса, бұл да «Жастар жылында» орайын тапқан оң істердің бірі болады» деп сөзін түйіндеді ол.

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button