Әлеумет

Қойдың басы қоқыста қалмасын

Құрбан айттан кейін әлеуметтік желіде құрбанға шалынған малдың басы мен ішек-қарнын жүк көліктерімен апарып қоқысқа төгіп жатқан көрінісі жария­ланды. Мұны көрген желі қолданушылар «Бұл – барып тұрған ысырапшылдық» деп қазіргі жұрттың бас-сирақ үйтіп, ішек-қарын аршығаннан ерінетінін сынаса, енді біреулер «Адам өз кінәсі үшін қойды қынадай қыратын не жөні бар?» деп асыл дінімізге тіл тигізе бастады. «Құлақтың қасуына – масаның басуы» дөп келіп тұрған соң, «Онлайн құрбандық деген – оттаған әңгіме, Құранда құрбан шалыңдар деген, бірақ онлайн құрбандық деген сөз жоқ» деп кері толғағандар да болды. Желідегі желдей ескен бұл әңгімелер бізге де біраз ой салды.

Ханафи мазһабында құрбан айтта шамасы жеткендерге құрбандық шалу уәжіп саналады. Осы жолды ұстанған бабаларымыздың құрбан айт кезінде әл-ауқаты жетсе, бір мал шалатын қарапайым қағидасы бүгінге дейін жалғасып келеді. Алайда қазақ «құрбан шалып, қан шығарсақ есеп» деп, дәл қазіргідей ысырапшылдыққа мүлде жол бермеген. Құрбанның басын қоқысқа тастамақ түгіл, мүжілген сүйегінің өзін беталды шашпай, адам баспайтын таза жерге тастайды. Бұған «Құрбанға шалған мал өте қасиетті, оның сүйегін адам аяғы баспасын, ит мүжімесін» деген наным себеп болған. Малдың басын ең сыйлы тағам деп білген халқымыз құрбандықтың басын да ауылдың ақсақалдарының алдына қойған. Ал ауыл ақсақалдары әр отбасына кіріп, құрбандықтың етінен ауыз тиіп, сол шаңырақтан өткендерге құран бағыштап, жастарға бата беріп, «Айттан-айтқа аман жете­йік» деп тілек тілейтін. Шебер қазақ әйелдері қойдың ішек-қарнын тазалап аршып, жұмырға шарбы тығып, ішектен жөргем жасап, әдемілеп пісіріп, айттап келген ағайынның алдына қоятын. Өкпеге ұн құйып, әсіп жасайтын әйелдер де бар.
Осы тұрғыдан алғанда, құрбанды сауап үшін шалған екенбіз, оның бас-сирағын, ішек-қарнын беталды тастау дінімізге де, дәстүрімізге де жат. «Аңның басын үйге әкелмеген, малдың басын далаға тастамаған» қазақ үшін «Аллаһу әкпар» айтып сойған малдың басын далаға лақтыру білген адамға әбес көрінетіні анық. Жаңадан сойған малдың басын сыйлы қонағының алдына тарта алмаудың өзі қазақ ұғымында жетесіздік саналатыны тағы бар. Әрине, қалалы жерде бас-сирақ үйту де қолайсыз, десек те қазіргідей дамыған заманда малдың басын қоқысқа тастамай, бір амалын тауып бас-сирақты үйтіп алуға жарайтын заманауи тәсілдер де аз емес қой.
Бас-сирақ демекші, Қазақстанда бас-сирақ, ішек-қарынды керексіз еткенімізбен, Иран елінде қойдың етінен бас-сирағы, ішек-қарны қымбат десе сенесіз бе?! Себебі олар қойдың құйқасы, миы, тілі және ішек-қарнынан «Калепаша» деген тағам жасайды. Парсылардың сүйікті асына айналған бұл тағамды қазір Иран елінде қалтасы көтеретін байлар ғана жейді-мыс. Соның өзінде ішкі нарықты қамдай алмаған парсылар шетелден қымбат бағамен бас-сирақ, ішек-қарын енгізеді. Өкінерлігі, Иранға осы «тауарды» экспорттайтын елдердің қатарында Қазақстан жоқ.
Әне, сол парсыларға қой етін және бас-сирақ, ішек-қарын экспорттаумен айналысатын ­баян-өлгейлік «Зергер Интер­нешнл» ЖШҚ басшысы Нұрбол Мизамханұлы да қойдың басы мен ішек-қарнынан көп пайда келтіруге болатынын айтады. «Серіктігіміз 2008 жылы құрылған. 2011 жылдан бері Иранға қой еті мен бас-сирағын, ішкі ағзасын экспорттаумен айналысып келеміз. Себебі парсылар қойдың бас-сирағынан, миынан, тілінен және ішек-қарнынан «Калепаша» деген тағам жасайды. Ол таңғы асқа желінетін, бағасы еттен қымбат тағам саналады. Осы арадан қойды сойып, басын үйтіп, ішек-қарнын тазалап, арнайы стандарт бойынша қораптап жібереміз. Оны жуатын, тазалайтын арнау­лы аспаптар бар. Бір қойдың бас-сирағы әдетте 3 келі болады. Оның әр келісін парсылар 3,8 еуродан алады» дейді Нұрбол. Енді есептей беріңіз, бір қойдың басы мен ішек-қарны біздің ақшаға шаққанда 5000 теңгеден асып жығылады. Үлкен сауданың көзі. Ал Қазақстанда мұны көп ешкім ескермейді. Ескермек түгіл, құрбандықтың басының өзін қоқысқа тастаймыз. Егер біздің елде де бас-сирақ экспорттаумен айналысатын бір серіктестік болғанда, тым құрығанда құрбандықтың басы аяққа тапталып, тау-төбе болып үйіліп қоқыста жатпас еді ғой деген ой келеді.

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button