ЖаңалықтарМәдениет

ШЕБЕРЛЕРДІ ШЫҢДАҒАН «ШАБЫТ»

ERM_5344

Қазақ ұлттық өнер университетінде жас дизайнерлердің «Шабыт» халықаралық сәндік-қолданбалы өнер және боди-арт фестивалі өтті. Екі күнге созылған шара Қазақ хандығының 550 жылдығына арналды.

«Fashion House Kazakhstan» агенттігінің қолдауымен өткен фестиваль боди-арт және сәндік-қолданбалы өнер саласында жүрген жас таланттарға қолдау көрсетуді көздейді. Қатысушылар байқауға сан түрлі сәндік бұйымдар әкелген. Олардың арасында қыздардың алқа, сырғалары, қобдишалар, сөмкелер, тіпті, қазақы оюмен өрнектелген ағаш есік те бар. «Мұра», «Жаз», «Суасты әлемі», «Шығыс натюрморты», «Қызыл іңір» деп аталған туындылардың бірі гобеленнен, енді бірі шиден тоқылған.
Байқаудың бас жүлдесін иеленген «Ұлы Жібек жолы» триптихі қараған жанды еріксіз тарихтың терең қойнауына жетелеп әкетеді. Бұл – ұжымдық жұмыс. Бір топ астаналық суретші туындыны толыққанды аяқтау үшін бас-аяғы үш жылдай уақыт жұмсаған екен. Кескіндемеші Андрей Плуговой бізге мұндай картинаға кіріспес бұрын тарихты жақсы білу керектігін айтты.
– Бұл жұмыс бүгін бірінші рет көпшілік назарына ұсынылып отыр. Мұнда біз Ұлы Жібек жолының орта ғасырлардағы тарихын және қазіргі Қазақстанды бейнелегіміз келді. Өзіңіз білесіз, кезінде Ұлы Жібек жолы сауда-саттықтың өркендеуіне үлес қосып қана қоймай, мәдениеттің де дамуына ықпал етті. Ең алдымен, сценарийін жаздық, одан соң, эскиздерін сызуға біраз уақыт кетті, – дейді суретші.
Шеберлер триптихті салып шығу үшін сексеннен астам ағаш түрлерін пайдаланыпты. Олардың арасында сонау Африка, Үндістан жерінен әкелінген ағаштар да бар екен. Есік пен төрдей жерді алатын алып картинада Жер-Ана, қасиетті Қағба, арғымақтар, домбыра, ұлы көш, қазақтың қонақты қарсы алу дәстүрі және т.б. бейнеленген.
Ал, «ағаш өңдеу» аталымында бірінші орынға ие болған Әлібек Нышанбаев – біздің Ташкент қаласынан келген қандасымыз. Ол Ташкенттегі ағаш ою өнері­нің Орталық Азия мектебінде тәлім алған. Ал қазір Қазақ ұлттық өнер университетінде оқиды. Әлібек ағаштан сандық, бақан, тоғызқұмалақ тақтасы, қымыз ішуге арналған кеселер, қобдишалар жасайды. Оның топтамасындағы ерекше көзге түсетін зат – ақсүйек. «Ақсүйек» ойынына арналған бұл туынды жас шебердің «Қазақтың ұлттық ойындары» сериясынан ойып тұрып орын алады.
Байқау қорытындысында, «Боди-арт» аталымында бірінші орын Ақерке Мұхамәдиеваға, екінші орын Динара Мұхаметқалиеваға, ал, үшінші орын Әйгерім Сағынаеваға бұйырды. «Тоқыма» аталымындағы жүлделерді Райхан Құсайынова, Гүлфара Жақып және Диана Едіресовалар жеңіп алды. «Гобелен» аталымында бірінші орын Дина Төлегеноваға берілді. Екінші және үшінші орындарды Фариза Жұмағат пен Мәлика Кеңесовалар бөлісті. «Ағаш өңдеу» аталымының бірінші орнын Әлібек Нышанбаев еншілесе, екінші орынды Ержан Тұтан қанжығасына байлады. Ал, үшінші орынды Батыл Қадірсізов иеленді.

Роза ӘРЕН

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button