Басты ақпаратЖаңалықтар

Жас отбасылар баспаналы болды

KBB_4331

Кеше Астана қаласының әкімі Әділбек Жақсыбеков 72 жас отбасыға салтанатты жағдайда пәтер кілтін тапсырды. Баспаналы болған елордалықтар «Өңірлерді дамыту – 2020» бағдарламасының шеңберінде пайдалануға берілген Сарыбұлақ өзенінің бойындағы Н.Тілендиев даңғылынан оңтүстікке қарай орналасқан тұрғын үй кешеніне қоныстанады.

Қала басшысы баспанаға ие болғандарды қуаныштарымен құттықтай отырып, әкімдік өз жұмысындағы басты басымдықты әлеуметтік міндеттемелерді іске асыруға беріп отырғандығын және олар толық көлемде орындалатынын атап өтті.
–Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігі күні қарсаңында жас отбасыларға пәтер кілтін тапсырып жатырмыз. «Жас отбасыларға арналған баспана» атты тұрғын үй құрылысының жаңа бағыты арқылы бұған қол жеткізіп отырмыз. Аталмыш бағыт тікелей ел Президентінің тапсырмасымен әзірленді. Мемлекет бұл мәселеге әрқашан жіті көңіл бөліп, барынша қолдау көрсетіп келеді. Сіздерді бүгінгі қуанышпен шын жүректен құттықтаймын! Жаңа қоныстарыңыз береке мен қуанышқа тола берсін! – деді Ә.Жақсыбеков.
Әлеуметтік бағдарламаларды іске асырудың арқасында соңғы жылдары 4,5 мың елордалық тұрғын баспаналы болғандығын айта кету керек. Соның ішінде былтыр елордада жас отбасыларға арналған тұрғын үй бағыты бойынша 672 пәтер бөлінді. Бүгінде 211 отбасы үйлеріне қоныстанып үлгерді. Жас отбасыларға арналған өзге 389 пәтер тұрғын үй комиссиясының алдағы отырысында бөлінеді.
Жалпы, «Өңірлерді дамыту – 2020» бағдарламасы аясында баспана бөлудің негізгі бес бағыты қарастырылған. Оның ішінде ескі және апатты жағдайдағы үйлерді сүру атты қанатқақты жоба да бар. Аталмыш жоба шеңберінде 3 500 отбасы 2017 жылдың соңына дейін жаңа, жайлы тұрғын үйлерге көшірілмек.

Аманғали ҚАЛЖАНОВ

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button