ӘлеуметЖаңалықтар

СОҒЫМ СОЙЫП АЛДЫҢЫЗ БА?

Жұрт арасында «қасқырдан кейін етті көп жейтін – қазақтар» дейтін әзіл-шыны аралас сөз бар. Расында да, Сарыарқаның сарышұнақ аязында қазақтың өмірін қызылсыз елестету қиынның қиыны. Сол себепті болса керек, Жаңа жыл жақындаған кезде, екі қазақтың бірінің әңгімесі соғым жайлы болады. Оның үстіне қазіргі таңда елімізде соғымға арналған қос бірдей сайт жұмыс жасап отыр. Ұзын сөздің қысқасы, астаналықтар қыстық соғымды қайдан және қандай бағада алып жатыр?

001

Қанша жерден өз-өзімізді «қасқырдан кейін етті көп жейтін халықпыз» деп мақтағанымызбен, шын мәнісінде, жағдай басқаша болып отыр. Британ басылымы жазған ақпаратқа сенсек, әлемдегі етті ең көп тұтынатын ел АҚШ көрінеді. Мәселен, бұл елде етті жан басына шаққанда 120,2 келі тұтынады екен. АҚШ-тан кейін Кувейт – 119,2 келі, Австралия 111,5 келі ет жейді. Ал етті ең аз тұтынатын ел Бангладеш (4 келі) пен Үндістан (4,4 келі) елі көрінеді.
Сондай-ақ, Оңтүстік Азияда орналасқан бірнеше мемлекет етті аз тұтынатын елдер қатарына қосылып отыр. Біздің көршілес елдеріміз Тәжікстан – 14,7 келі, Өзбекстан – 28,4 келі, Әзербайжан – 32 келі, Қырғызстан 36 келі ет тұтынады екен. Ал қазақстандықтар жыл сайын 56 келі ет тұтынып, ет жегіш елдердің ортасында ғана тұр. Әлемдегі алдыңғы қатарлы елдердің алдында тұрмасақ та, еліміз етті жақсы көретін мемлекеттердің бел ортасында тұр. Бұл, әрине, бөркімізді аспанға атып қуанбасақ та, шүкір деуге болатын статистика.

Қалтаға ыңғайлысықой мен сиыр еті

Негізінен, елорда тұрғындары етті «Шапағат» коммуналдық базары мен «Әлем» сауда орталығынан алады. Мәселен, «Шапағат» базарына барғанымызда, ондағы жылқы етінің 1 келісі 1300-1350 теңгеден сатылып жатқанын байқадық. Базардағы ығы-жығы халық, негізінен, жылқы етін алуға құмар-ақ. Алайда қалтаға ыңғайлысы қой мен сиыр еті болып отыр. Өйткені аталған түлектердің еті 1200 теңгенің көлемінде сатылып жатыр екен. Сапарбай есімді азамат 6 келі жылқының етін 1300 теңгеге сатып алғанын айтады. Өйткені ол бұдан көлемді етіп ет сатып алуға қаржылық мүмкіндігі жоқ екенін жасырмайды. Себебі жылқының бір аяғын тұтас сатып алу үшін кем дегенде 100 мың теңге керек. Ал мұндай қаржы қалтада болмағаннан кейін, ай сайын бірнеше келі сатып алуға тура келеді.
Астаналықтардың ет алу үшін баратын базарларының бірі «Әлем» сауда орталығы болып отыр. Мұнда баға «Шапағат» базарымен салыстырғанда анау айтқандай қымбат көрінеді. Мәселен, мұнда жылқы етінің 1 келісі 1600-1650 теңгеден сатылып жатыр. Ал қой мен сиырдың еті 1300-1350 теңгенің айналасында. «Шапағат» сияқты «Әлем» сауда орталығында да халықтың қарасы қалың екен. Алушы мен сатушының өзара әңгімесінен Сарыарқаның сарышұнақ
аязында еттің қаншалықты маңызды екенін аңғаруға болады.
Жалпы, елордалық саудагерлер етті Ақмола, Қостанай, Қарағанды облыс­тарынан келетінін айтады. Аталған өңірлер елордаға жақын болғандықтан, мұнда, негізінен, ауылшаруашылық өнімдерін әкелу қолайлы.

ҚАСАПШЫ ЕСКЕРТЕДІ

Астанада «Шапағат» коммуналдық базары мен «Әлем» сауда орталығынан басқа жерлерде де ет үздіксіз сатылып жатыр. Бір байқағанымыз, ол жерлерде өзге тауарлар сияқты еттің өтпей қалып жатқаны кездеспейді. Өйткені қызылға деген сұраныс бір сәтке де толастаған емес. Алайда ет сатумен айналысатын қасапшы Жанат Айдарұлы базар етін байқап жеу керек екенін ескертеді. Өйткені базардағы ет пен өзіңіз көзбен көріп сойған мал етінің арасында жер мен көктей айырмашылық бар.
– Қазіргі таңда Астанадағы кез келген базардан ет сатып алып, жеуге болады. Бірақ базардағы еттің барлығы бірдей көңілден шыға бермесі анық. Мәселен, қалада бордақыланған жылқының еті аппақ болады. Жылқының еті аппақ болғаннан кейін жұрт оны «майлы екен» деп алуға құмартады. Ал шын мәнісінде жылқының еті ақ немесе сары болмауы керек. Тек қана бордақыланған жылқының еті аппақ болады. Көпшілік қауым осы мәселені жіті назарда ұстауы керек. Сондай-ақ, астаналықтар Ресейден келіп жатқан жылқы етінен сақ болуы қажет. Өйткені арба тартуға арналған үлкен-үлкен жылқылардың еттері тым қатты болады. Ресей жылқысы мың жерден үлкен болғанымен, олардың еттері өзіміздің жылқылардың етіндей тәтті болмайды. Сондықтан да мен тұтынушыларды Ресей жылқысынан сақ болуға шақырамын, – дейді Жанат Айдарұлы.
Қасапшының «сақ болыңыздар» деген ескертуінен соң «қарапайым тұтынушы қандай ет алуы керек?» деп сұрадық. Оның айтуынша, жұрт бордақыланған жылқыдан қарағанда далада жайылып жүрген жануардың етін алғаны жөн.
– Шын мәнісінде жылқының етін білетіндер алыс аудандардан сатып әкеледі. Өйткені бордақыланған жылқыға қарағанда иен далада жайылып жүрген жылқының еті дәмдірек болады. Неге? Өйткені Астананың іргесіндегі ауылдарда жылқыларды бордақылап, өз өнімдерін базарға әкеліп сатады. Жалпы, тұтынушы ретінде базардан ет сатып алмауға тырысамын. Себебі базардағы ет тоңазытқышта мұздатылғаннан кейін оның сапасы төмен болады. Мысалы, Астананың іргесіндегі шаруалар арық жылқыларды сырттан сатып әкеледі де, тек қана жеммен семіртеді. Оның үстіне жылқы тез семірсін деп олар арнайы малға әртүрлі дәрумендер береді. Мұндай малдың еті көңіліңізден шықпауы мүмкін. Негізі, даланың шөбімен жемденген жылқының еті бордақыланған жылқының етінен дәмді болады, – дейді Жанат Айдарұлы.
Қасапшы көлігі бар азаматтар, мүмкіндік болса, сырттан жылқы сатып алып келіп, сойған дұрыс екенін айтады. Егер осылай жасасаңыз, базардағы бағадан әлдеқайда тиімді қаржыға соғым алуға мүмкіндік бар. Мысалы үшін, бір жарым жасар тайды 280-300 мың теңгеге сатып алуға болады. Қазіргі таңда алыпсатарлар сырттан 90-100 мың теңгеге жабағы сатып алып, мұнда 150 мың теңгеге сатып жатыр.

СОҒЫМҒА АРНАЛҒАН САЙТ

Бүгінде ақшаң болса, кез келген күрделі мәселені оңай шешуге болады. Мысалы, қаланың қақ ортасында тұрсаңыз, жылқының етін sogym.com.kz және sogym.kz сайттары арқылы онлайн түрде сатып алуға болады. Мәселен, өткен жылы ашылған sogym.com.kz сайты бүгінде елордалық тұтынушыларды етпен қамтамасыз етіп жатыр. Амандық Қорғанұлының айтуынша, аталған сайт арқылы ет сатып алудың бірнеше тиімділігі бар. Айталық, біріншіден, базарға барып, уақыт жоғалтпайсыз; екіншіден, қаражатыңызды үнемдейсіз. Сондай-ақ, адал сойылған жылқы мен сиыр етіне тапсырыс беріп, үйіңізге жіліктелген дайын етті алдыртасыз.
– Біз sogym.com.kz сайтын өткен жылы іске қосқан болатынбыз. Бірінші жылдан бастап интернет арқылы ет сатуға болатынына көзіміз жетті. Әйткенмен әлі де болса адамдарды онлайн саудаға үйрете түсу керек. Мысалы, күні бойы жұмыста болған адамның базарға барып, ет сатып алуға уақыты жоқ. Оның үстіне қаланың адамы болғаннан кейін етті жіліктеп мүшелеуді ұмытып бара жатырмыз. Бірақ қазақтық қасиетіміз болғандықтан, ет жеуді ұмытқан жоқпыз. Ал біздің көмек қаланың жұмысбасты адамына іздегенге сұраған болып отыр. Қазіргі таңда Астананың халқы 1 миллионнан асып бара жатыр. Міне, осы нарық онлайн саудаға әбден үйренгеннен кейін соғымды интернет арқылы алдырып алатын болады. Қазір Америка мен Еуропа елдерінде онлайн сауда әлдеқашан дамып кетті. Өкінішке қарай, біз олардан кем дегенде 50 жылға артта келе жатырмыз, – дейді Амандық Қорғанұлы.
Оның айтуынша, онлайн түрде ет сатып алу нарықтағы бағадан шамалы болса да қымбаттау. Себебі етті жіліктеп, үйіңізге әкеліп беру жолында көптеген адамдар еңбек етеді. Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні, Атбасардың етіне астаналықтардың сұранысы жоғары болып отыр.

Серік ҚҰДАЙБЕРГЕНҰЛЫ

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button