ӘлеуметРуханият

«Таза» жігіттердің тасы өрге домалап тұр…

Бірде ақтаңгер ақын Ғафу Қайырбековті ел жақтан бір інісі іздеп келеді. Өзі білдей бір совхоздың дөкей басшысы екен. Ақын ағамыз інісін ертіп мейрамханаға барады. Сол жерге ауылдан келген дәмнен ауыз тисін деп жақын сыйласып жүрген аға-інілерін шақырады. Олардың арасында Сырбай Мәуленов, Ақселеу Сейдімбек секілді белгілі қаламгерлер бар. Қызық болғанда, елден келген директор дастарқандас болып отырған азаматтардың еш біреуін танымайды. Өмірінде кітап бетін ашпаған, әдебиет пен мәдениеттен саңылауы жоқ жан болса керек.

Осыған ептеп қысылып қалған Ғафекең сөзді өзі алып, жиналғандарға оны таныстырады. – Мынау – менің ауылдан келген бауырым. Өзі тәуір жігіт. Дәулетті, мырза азамат. Сосын бұл таза адам. Таза болғанда да мөлдіреп тұрған судай тап-таза, – дейді сыр білдірмей.

Содан кейін Ақселеу ағаға: – Сендер мәдениет, әдебиет, ұлттың тарихы, халықтың шежіресі, қазақтың салт-дәстүрі, тағы осындай бірдеңелерді айтып бас қатырып жүрсіңдер. Ал менің інімнің ондаймен ісі жоқ. Таза адам. Сендер айтқан дүниеге пысқырмайды. Бұған өзі басқарып отырған кеңшардың шаруасы оң болса, бала-шағасы аман болса, төрт құбыласы түгел. Қалған нәрсеге жан ауыртпайды. Таза азамат болғаннан кейін сөйтеді, – деп сөзін жандыра түседі. Отырғандар ақынның астарлап айтқан ащы мысқылына мәз болады. Түйсігі жоқ жігіттің өзі Ғафекеңе ризашылығын білдіреді.

Бұл оқиға өткен ғасырдың тоқсаныншы жылдары болған. Одан бері де біраз уақыт өтті. Қазір қоғамда осындай ештеңемен шаруасы жоқ «таза» жігіттердің қатары көбейді. Тіпті солардың құмалағы жүріп тұр десе де болады. Өйткені олардың дені билік басында отыр. Ғафу атамыз соны қалай білген. Ақын әулие деген осы шығар…

Азамат ЕСЕНЖОЛ

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button