Денсаулық

Тегін тестті кім тапсырады?

Әлемде 30 миллионнан аса, ал елімізде 142 мың адам бұл күнге дейін ғасыр дертін жұқтырып үлгерді. Әр ел одан қал-қадерінше қорғануда. Сақтанудың бір жолы – вирустың жұққан-жұқпағанын білу арқылы алдағы күнге қам жасау. Осы орайда ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев елімізде ПТР-тест тапсыру құнының көп адам үшін қымбат екенін сынаған. Міне, енді «Ұлттық ғылыми медициналық орталық» АҚ әлеуметтік аз қамтылған азаматтарға тегін тест тапсыру шарасын өткізуде.

Шара аясында COVID-19 инфекциясы бойында бар-жоғын жылына бір рет тегін тексертуге кімдердің мүмкіндігі бар? Орталық мамандары берген мәліметтер бойынша, бұл санаттарға: ҰОС ардагерлері, басқа мемлекеттер аумағындағы әскери ұрыстарға қатысушылар, 1,2-топтағы мүгедектер, мүгедек балалары бар отбасылар, жетім балалар және кәмелет жасқа жетпей ата-анасынан айырылған балалар 29 жасқа толмаған болса, жасына қарай зейнеткерлер, барлығы 200 адам жатады.
Ел медицинасының жұқпалы аурулардың таралуымен күресте дайындық деңгейін арттыру үшін бұл игілікті іске «Samruk-Kazyna Trust» әлеуметтік жобаларды дамыту қоры демеушілік етуде. Олар аталған орталықтың зертханалық клиникасына AutoMag-96 құрылғысын алуға көмек берді. Бұл клиника елде коронавирус инфекциясы өршіп, күніне ПТР тест тапсыру үлгілері мыңға жеткенде сондай жабдыққа қатты зәру болған еді. Енді орталықта КВИ-ге қатысты талдау жасатқан пациенттер сынақ нәтижелерін дер кезінде қолдарына алатын болады.
Жоғарыда аталған санаттарға жататын азаматтар тегін ПТР-тест тапсыру туралы толық ақпарат алу үшін дүйсенбі мен жұма күндері аралығында сағат 8.00-ден 17.00-ге дейін 8 (7172) 57-76-29 байланыс нөміріне хабарласса болады. Бір ескеретін жайт, ақысыз тест тапсыратындар аталған санаттарға жататындығын растайтын құжаттарын көрсетулері керек.
Бұған дейін ҚР Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой ПТР тест арзандайтынын және ол қандай сомада болатынын айтқан еді. «Қазіргі кезде болжамды түрде 11 мың теңгеден 8 900-ге дейін төмендеуі тиіс. Бұл бағытта тиісті есеп-қисап жүргізілуде. Қажетті қадамдарды саладағы қауымдастықтармен, «Атамекен» ҰКП-пен пысықтап жатырмыз» деген еді. Енді күні кеше ғана Бәсекелестікті қорғау жөніндегі агенттігі «INVIVO» және «Олимп» зертханаларында ПТР-тестілеу қызметінің бағасы 9000 теңгеге дейін арзандағанын хабарлады. Яғни, клиникалық-диагностикалық зертханалармен антимонополиялық комплаенс актісіне қол қойылған, зертханалар бағаларды өз еркімен төмендеткен.

Тағыда

Райхан Рахметова

«Астана ақшамы» газетінің шолушысы

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button