Денсаулық

Тісіңізді ақысыз емдетуге қақыңыз бар

«ӘМСҚ» және «МӘМС». Біріншісі – «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» коммерциялық емес акционерлік қоғам. Оның құрылғанына биыл 4 жыл болды. Ал МӘМС, яғни міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру – жоғарыда аталған қор арқылы жүзеге асырылатын жүйе. Бұл жүйе биылдан бастап іске қосылды. Яғни, сіз жұмыс істейтін болсаңыз, ай сайын жалақыңыздың 1 пайызы қаңтардан бастап МӘМС жүйесіне жарна ретінде бөлінеді. Осы арқылы денсаулығыңызды сақтандырасыз. Жұмыс істемейтіндер өздері қорға ақша салуы керек. Одан бөлек ақша салмаса да, жүйеде түрлі медициналық көмекті тегін алатын санаттар бар. Соның ішінде стоматологиялық көмекті ақысыз алу мүмкіндіктері туралы сұрақтарға «ӘМСҚ» КЕАҚ медициналық көмек сапасын бақылау департаментінің директоры Ләззат ШОМАНОВА жауап берді.– МӘМС жүйесі арқылы тегін стоматологиялық көмекке кімдер жүгіне алады?
– Біздің жүйеде жоспарлы стоматологиялық көмек 18 жасқа дейінгі балалар мен жүкті әйелдерге көрсетіледі. Ал шұғыл стоматологиялық көмекті аталған екі санатқа қоса Ұлы Отан соғысының ардагерлері, 1, 2, 3-топтағы мүгедектер, «Алтын алқа», «Күміс алқасы» бар көп балалы аналар, атаулы әлеуметтік көмек алушылар, зейнеткерлер, әлеуметтік мәні бар аурулармен ауыратындар, мүгедек балаға күтім жасайтын жұмыс істемейтін адамдар, бала кезінен бірінші топтағы мүгедекке күтім жасайтын, жұмыс істемейтін адамдар алады. Ортодонт көмегі жақсүйек-бет аномалияларын жою­ға арналған аппаратты пайдалана отырып, жақсүйек-бет аймағының туа біткен патологиясы бар кәмелет жасқа дейінгі балаларға көрсетіледі.
– Ал аз қамтылған отбасылар бұл санатқа кірмей ме?
– Биыл әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры МӘМС пакеті бойынша әлеуметтік қорғалмаған отбасылардан шыққан балаларды, яғни атаулы әлеуметтік көмек алушыларды қолдауды бастады. 6-дан 12 жасқа дейінгі балаларға түрлі жақсүйек-бет аймағының ауытқулары кезінде ортодонтиялық көмек көрсетілетін болады. Бұл көмекті 9 мыңнан астам бала алады, оған осы жылдың соңына дейін 415 млн теңге қарастырылған.
– Шұғыл стоматологиялық көмекке не жатады?
– Оған тіс жұлу, стоматитті емдеу, ескі пломбаны алып тастау, пломбалау­дың түрлі тәсілдері, стоматолог-терапевт, стоматолог-хирург, ортодонт, ортопед қызметтері, жақ рентгені, анестезия тәсілдері, балалардың туа бітті жақ сүйектерінің ақауын емдеу жатады.
– Егер жүкті әйел бұрын жұмыс істемегендіктен МӘМС жүйесінде тіркелмеген болса, оған тіс емдеу бойынша тегін көмек көрсетіле ме?
– Жүкті әйел бұрын жұмыс істемесе де, стоматологиялық көмекті тегін алуына болады. Бастысы ол өз емханасына жүктілігі бойынша тіркелсе болды. Сөйтіп ол осы көмекті алатын 15 санаттың тізбесіне кіреді де, тісін тегін емдетуге құқылы болады.
– Қазір тек мемлекеттік қана емес, жеке меншік тіс емханалары да МӘМС жүйесі бойынша сіздің қормен шарт жасап, халыққа тегін қызмет көрсетуде. Олар сол көрсеткен қызметтері үшін қордан өз үлесін ала ма?
– Әрине, алады. Жеке тіс емханалары тегін ем көрсетпейді. Олардың қызметіне біздің қордан ақша бөлінеді. Аталған тіс клиникаларымен субмердігерлік шарт жасалады. Сол арқылы олар көрсеткен қызметтері үшін ай сайын ақыларын алып отырады. Көрсетілген қызметтерге ақы төлеу пациенттің тіркелген жері бойын­ша медициналық-санитарлық алғашқы көмек көрсету ұйымдары, яғни емханалар арқылы жүргізіледі. Мәселен, биыл 8 айда Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры халыққа 2,8 млн-нан астам стоматологиялық қызмет көрсеткені үшін емханаларға 5,1 млрд теңге төледі.
– Қормен шарт жасаған тіс емханаларының тізімін қайдан алуға болады?
– Олардың тізімі біздің қордың сайтында тұр. Еліміздің 17 аймағы бойынша қормен шарт жасасқан барлық жеке және мемлекеттік тіс емдеу орындарының атаулары, орналасқан мекенжайы, телефондарына дейін сайтта көрсетілген. Содан қарап, әркім өзіне ең жақын жердегі тіс емханасына барса болады. 2020 жылғы 1 қыркүйектегі жағдай бойынша елімізде 626 жеткізуші стоматологиялық қызмет көрсетеді. Олардың ішінде 346-сы мемлекеттік және 280-і жеке клиникалар.
– Стоматологиялық шұғыл көмек алу үшін дәрігерден жолдама алудың қажеті бар ма?
– Жоқ. Шұғыл және жоспарлы стоматологиялық көмек көрсету пациенттің таңдауымен жүзеге асырылады, бала – ата-ана немесе заңды өкіл болған жағдайда және пациенттің тіркелген жері бойынша учаскелік дәрігер жолдамасының болуы талап етілмейді. Қызмет көрсету фактісі және стоматологиялық көмек көлемі ақпараттық жүйеде тіркеледі. Стоматологиялық көмек алу үшін пациент емханаға да, стоматологиялық клиникаға да жүгіне алады.
– Егер емхана дәрігері тегін тіс емдеу қызметі жоқ десе, не істеу керек? Бұл ретте кімге хабарласу қажет?
– Тегін қызметтерді жасырудың ешкімге де қажеті жоқ. Ал егер солай етіп жатса, сол емхананың кіреберісінде ілініп тұратын тегін кепілдік берілетін көмек тізбесін қарау керек. Соның ішінде көрсетілген санатқа жататын болсаңыз, осы ақпараттан хабардар екеніңізді дәрігеріңізге айту керек. Оған да болмай жатса, емхананың бас дәрігерінің орынбасары немесе сол емханада ішкі аудит бойын­ша маманға барып айтуға болады. Бұған да болмаса, біздің 1406 байланыс орталығына қоңырау шалу керек. Медициналық көмек көрсетуден бас тартқан жағдайда, әлеуметтік медициналық сақтандыру қорына Qoldau 24/7 мобильдік қосымшасы арқылы жүгіну қажет. Қосымшаны Play Market және App Store арқылы орнатуға болады.
– МӘМС жүйесіндегі мүмкіндіктерді халықтың көбі біле бермейтін секілді…
– Иә, біз жүйедегі жақсы жаңалықтар туралы айтудай-ақ айтып, жазудай-ақ жазып, барлық жерде жариялап жатырмыз. Бірақ халықтың көбі соны дұрыс оқып, түсінбейді немесе сенбейді. Сондықтан жаңа жүйе жемісін беріп жатқанын азаматтарға түсіндіргіміз келеді. Барлық жеңілдіктер мен мүмкіндіктерді fms.kz сайтынан оқып, біліп жүрсеңіздер екен.

Тағыда

Райхан Рахметова

«Астана ақшамы» газетінің шолушысы

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button