Басты ақпарат

Түбегейлі серпіліс керек

Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен ­экономикалық мәселелер жөнінде кеңес өтті.

Жиын барысында елдің әлеуметтік-экономикалық дамуының қорытындылары мен жоспарланған меженің орындалуы, қар­жы-несиелік саясатты жүзеге асыру, атаулы әлеуметтік көмек реформасы, әлеуметтік даму және жұмыспен қамту мәселелері қаралды. Премьер-министр Асқар Мамин, Ұлттық банк төрағасы Ерболат Досаев, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Біржан Нұрымбетов баяндама жасады.
Қасым-Жомарт Тоқаевтың айтуынша, жалпы елдегі макро­экономикалық жағдай тұрақты, Қазақстанның әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштерінің динамикасы оң нәтиже көрсетіп тұр. Алайда отандық экономиканы әртараптандыру, жұмыспен қамту, халықтың табысын арттыру, әлеуметтік көмектердің қолжетімдігі секілді мәселелер әлі күнге толық шешімін тапқан жоқ.
Мемлекет басшысының пі­кірінше, стратегиялық бағдарламаларды сапалы жүзеге асырудың негізгі міндеті – халықтың өмір сүру деңгейін арттырғанда ғана орындалады.
Президент әлемдегі әртүрлі жағдайларды ескере отырып, нақты есептелген, елдің макроэкономикалық, қаржылық және әлеуметтік тұрақтылығын сақтау жөнінде кешенді шаралар әзірлеуді тапсырды. Сонымен қатар «Қазақстан-2050» Стратегиясының қазіргі кезеңде іске асуы тиіс міндеттемелерін орындау қажет екенін айтты.
Президент мемлекеттік шешімдер қабылдағанда сараптамалық жұмыстарды түбегейлі күшейту керек екенін атап өтті.
Президент шағын және орта бизнес экономиканы әртараптандыру ісінде тірек күшке айналу керек деп санайды. Мемлекет басшысы индустриаландыру бағдарламасы өнеркәсіп өндірісі мен өңдеу секторындағы құлдырауды тоқтатып, жаңа өнімдерді шығаруға мүмкіндік ашқанымен, экономика саласында түпкілікті серпіліс болған жоқ деп есептейді.
Мемлекет басшысы өңірлік деңгейде бәсекеге қабілетті технологиялық дамыған ең кемінде 3-5 саланы қалыптастыру керек екенін айтты.
Сонымен қатар Қасым-Жомарт Тоқаев еліміздің бүкіл өңірлерінде өнімді сөрелерге дейін жеткізудің тетіктерін дамытуды қамтамасыз етуді, сондай-ақ экономиканың барлық салаларында ұлттық тауар­ларды жеткізу жүйесін қалыптастырып, оны дамыту үшін кешенді қадамдар жасауды тапсырды.
Президент 2030 жылға дейінгі ақша-кредиттік саясат Стратегиясын жасауды тапсырды. Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық банкті коммуникация мен ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жақсартуға шақырды. Бұл өз кезегінде нарыққа қатынасушылар мен тұрғындардың сенімін арттырып, девальвация жайындағы дақпырттардың алдын алады.
Мемлекет басшысы бірыңғай тұрғын үй саясатын іске асыру мәселесін де назардан тыс қалдыр­ған жоқ.
– Әрбір қазақстандық азамат баспананы сатып немесе арендаға алу перспективасын, оны сатып алу шарттарын анық түсінуі керек. Ол үшін тұрғын үйдің қолжетімділік өлшемдерін анықтап, құрылыстың өзіндік құнын жүйелі түрде төмендетіп, көппәтерлі және жеке баспананың аражігін ажыратып, пәтерді жалға беру нарығын реттеу қажет, – деді Қасым- Жомарт Тоқаев.

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button