Әлеумет

Түсіре бер, Төретай!

Көне Торғайдан шамамен елу шақырымдай жерде Аралбай деп аталатын ауыл бар. Мұндағы білім ұясы даңқты революционер Әліби Жангелдиннің есімінде. Ертеде аудан ауылдарының денінде он жылдық мектептер болмады. Мәселен, «Қызбел», «Еңбек», «Албарбөгет» кеңшарлары балалары өздеріндегі сегізінші сыныпты тәмамдаған соң, Аралбайға келіп, туыс-туғандары үйлерінде, интернатта жатып орта мектепті бітірді. Қанша дегенмен қанында қазақы қасиеті қалың қыз-жігіттер емес пе? Әр ауылдан жиналса да, жастар ынтымақ аясында ғұмыр кешті. Осы ауылдың белді балаларының бірі Төретай титтейінен адам жатырқамай ер жетті.

Кімге болса да елгезек, елпілдек. Білім ұясын бітіргеннен кейін оқуды одан әрі жалғастыруды қоя тұрып, еңбек етуге бекем бел буды. Аралбайда Баймұрат есімді кісі болды. Машина моторын жөндеудің хас шебері. Автокөліктерді табанда бұзып, бөлшектеп, қайта құрастырады. Ішек-қарынды қопарған қолы құдіретті оташыларға ұқсайды. Киімі, үсті-басы, бет-аузы, аяқ-қолы ылғи май-май болып жүреді. Бір қызығы, ауылда еңбекқорлық жағынан сол кісіге ұқсауға бейімделгендер көбейді. Төретай Бәкеңе барып, ақыл-кеңес сұрады. Ол Қостанайға оқуға тарт деп, бірден кесіп айтты. Ақылшы ағалары Ермұхан Кәкімбеков, Жанахмет Шайхыстанов киномеханиктер дайындайтын кәсіптік техникалық училищеге баруын қалады. Сөйтіп, киномеханик мамандығын меңгерді. Әскер қатарына шақырылып, Сібірдегі Забайкал әскери округінде азаматтық борышын өтеді. 1973 жылы өзінің туған ауылы Аралбайға оралып, киномеханик қызметіне орналасты. Орта мектепте бірге оқыған ажарлы, ақылды, сыпайы, салмақты мінезге бай Үмітпен көңіл қосты. Іле-шала Торғай селосындағы «Қарлығаш» кинотеатрына техникалық жетекші қызметіне жұмысқа шақырылды. 1979 жылы өсіп, жетіліп келе жатқан жеткіншектердің болашағын ойлап Арқалыққа қоныс аударды. Мұнда екпінді құрылыс қанатын кеңге жая түскен мезгіл. Адам ерінбесе, ынталы болса, барлық шаруа дөңгеленіп жүре береді екен. Төретай кәнігі құрылысшылармен иық теңестіре жұмыс істеді. Апат айқайлап, айтып, ескертіп келмейді. Тосыннан үйлері өртке шалынды. Әкімшіліктің әйдік қамқорлығына қалайша риза болмассың. Көп балалы екендігі ескеріліп, қа­батты үйлердің бірінен төрт бөл­мелі пәтер кілті қолға тиді. Көңіл көл-көсір. Шаттық шаға­ласы аспанға шарықтады. Әлеу­меттік тұрмыстық хал ахуал түзелгесін жұмыс та жаңаша арна тапты. Сөйтіп жүргенде Торғай облыстық кино жүйесі басқармасы бастығының орынбасары В.И.Сұлтанов арнайы адам жіберіп шақыртты. Аға инженер қызметіне тұруға көмектесті.
Тарих барлығына куә. Тәл­кекке ұшырап, Торғай облысы бір ашылып, бір жабылды. 1992 жылы Торғай облыстық теледидары жеке отау тігіп, оның басшылығына журналист, Қазақстанның халық ақыны Қонысбай Әбіл тағайындалды. Кино және көгілдір экран ұқсастығына ешкім дау айта қоймас. Телеоператорлық қызметке шұғыл кірісті. Азын-аулақ түсінігі болса да бұл жұмыс мүлде бейтаныс. Көмек, жәрдем керек. Торғай теледидарына Целиноград қаласынан мамандар шақыртыла бастады. Бай тәжірибелі телеоператор Бекет Мұхаметрахымұлы Әлиакбаров Төретайға тәлімгерлік жасады. Енді еңсесін көтеріп, телеоператор қызметінің құпия сырларын ұғына бастағанда Торғай тағы жабылды. Төретай аң-таң болып жүргенде тәлімгері Бекеттің шақыруына сәйкес Целиноградтағы «Рахат-ТВ» тілшілер орталығы жұмысқа тартты. Бұл тәуелсіздіктің тұғыры биіктеп, жұрт жұмыла Астанаға көшкен уақыт еді. Төретай оператор ретінде Қазақстан Республикасы Президен­тінің халыққа ант беру рәсімін түсіру құрметіне ие болды.
Сәл тарихты түртіп қозғасақ, Елбасшысы Торғай топырағына алғаш баруына да оператор куәгер атанды. Президентті қарсы алу рәсімінде дене бітімі шап-шағын, көңілі кең дала қарт ақын Бөпіш Тоқсейітова өлеңмен кестелеп бата берді. Кейін телеоператор дүниежүзі қазақтарының құрылтайын, Арқалық маңына баяу келіп қонған ғарышкерлер ерлігін нанымды насихаттауға атсалысты.
Сырт көз онша байқамаса да телеоператордың жұмысы өте жауапты. Ол тек қана түсіргеніне мәз болмауға тиіс. Шығармашылық адамы үнемі ой үстінде жүреді. Бейнекөріністерді таңдап, талғап түсіруге әрекеттенеді. Түсіру алаңына бірге барған журналистің мақсат-мүддесін, оқиғаның мән- жайын тереңнен қамту керек. Қырағылық, көргіштік, сезімталдық, еңбек, талап, ізденіс операторға тән тіршілік. Төретай өзінің тәуелсіз Қазақстан елін түгел аралады деуге әбден болады. Шетелдерді де қамтыды. Жиырма бес жылдық тәжірибесі бар қызметкердің жұмысы жоғарғы органдар тарапынан лайықты бағаланды.
Астанада жерлестер жиылып, бас қосып жүздесе қалғанда Төретайды тыным таппай іздейді. Күнделікті қызметінің сыртында мерейтойларды, басқа да думандарды үлгеріп түсіріп жүргені. Адамға мәдениетті мінез, кісілік қасиет, мамандыққа байланысты мәртебе қажет десек, соның бәрі үлгілі оператордың бойында бар.
Еңбекқорлық адамды шың­­­дап, ілгері жетелейді. Төретай ширек ғасырдай бұрын Астанаға қоныс аударып, жұрттан қалмай үй тұрғызды. Жары, баяғы медицина қызметкері, Үміт екеуі үш ұл тәрбиелеп өсірді. Бәрі де балалы-шағалы. Былайша айтқанда, әулеті бұтақтары көп, жапырақтары жеткілікті бәйтерекке айналып барады.
Тағы да тынымсыз телеоператор тірлігіне оралайықшы. Байқайсыздар ма, осы маман­дық иелері маңызды мәжіліс­терде мазасыз күй кешеді. Түк отырмайды. Түрегеліп тұрады. Залдағыларға қарағанда көбі­не төр жақта жүреді. Той-томалақта да босағада тұр­ғаны байқалмайды. Сөзді түйін­деп айтсақ, қызметтегі бедел, абыройлары үнемі төр жақта. Торғайлық айтулы азамат, астаналық телеоператор Төретай Дәужан­ұлы Әлмамбетовті әлі де мен мұндалаған шыңдарынан көруге ынтықпыз. Көркем, дерек­ті бейне көріністерді бірге тамашалайық ағайын. Түсіре бер, Төретай!

Нағашыбай МҰҚАТОВ,
ақын

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button